• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

Қамкөңіл жандарға қолұшын созады

351 рет
көрсетілді

«Бауыржан» қоғамдық қо­ры жетінші рет ел ішіндегі қайы­рымды жандардың есімін атап, «Алтын жүрек» сыйлығын табыс еткен болатын. Солардың ішінде денсаулық сақтау саласына қолдау көр­сеткені үшін Жамбыл облысындағы «Амазонка» қо­ғам­дық қорының директоры Анжелика Сарьянның есімі де ерекше аталып, «Алтын жүрек» сый­лығына ие болды. Қамкөңіл жандарға қолын созып, пси­хологиялық тұрғыда күш-қуат беретін «Амазонка» қатерлі ісік нау­қастарын қол­дау» қоғамдық қорында бүгінде 12 адам еңбек етеді. Қоғамдық қор облыс тұр­ғындарын онкологиялық ауру түр­лері бойынша ақпараттандырады, тегін дәрігерлік тексеруден өткізіп, кеңес береді. Сондай-ақ, қатерлі ісікке шалдыққан науқастар мен олардың отбасыларына психологиялық қолдау көрсетеді. Бүгінде қор «Хоспис на колесах» жобасы аясында жұмыс істеуде. Өткен жылы ғана Жамбыл облысының әкі­мі Кәрім Көкірекбаев «Ама­зонка» қа­тер­лі ісік науқастарын қол­дау» қоғамдық қорының жетекшісі Анжелика Сарьянды ар­найы қабылдап, бұл ұйым­ның тірлігіне ризашылығын білдіріп, жаңа «Газель» көлігінің кілтін тапсырған болатын. – Күнделікті өмірден көріп-біліп жүр­сіздер, онкологиялық ауруға шал­дық­қан жан­дар көбінесе сары уайымға салынып, баз кешіп, дертін тіптен ас­қындырып алады. Біздің қордың қыз­меткерлері осындай жандарға көмек беріп, қолдау көрсетеді. Яғни, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан арнайы бөлінген дәрігерлер біздің психологтармен бірлесіп, науқас жандардың жағдайын жасауға тырысады. Шынын айту керек, біздің қорға көбінесе жалғыз-жарым, ешқандай жанашыры жоқ жандар хабарласады. Адам баласын осындай қамығып жүрген сәтінде жалғыз қалдыру – қыл­мыспен пара-пар тірлік. Шынын айту керек, біздің психологтардың жәрдемі науқас жандардың өмір жасын аз да болса ұзартатыны анық. Бұл дегеніміз адамның жан дүниесін түсіну, сол арқылы төсекке таңылған жанға күш-қуат беру. Облыс әкімі К.Көкірекбаевқа көп алғыс айтамын, «Амазонка» қорының жұмысын жоғары бағалап, арнайы көлік берді. Жалпы, біздің елде үкіметтік емес ұйымдарға көп жәрдем көр­сетіледі. Бұл біздің жұмысымызды да жеңілдетіп, ұжымдағы қызметкерлерді де жігерлендіріп, тірлігімізге үлкен серпін береді, – дейді Анжелика Сарьян. Иә, шынында науқас жанға паллиативті көмек беру – әр адам баласының борышы. Ендеше, бұл қордың қызметі қолдауға әбден лайық. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан».  Жамбыл облысы. Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.