Ел ішінде көп елене бермейтін қатардағы мамандықтың бірі –слесарь. Және бұл мамандықты меңгеру де оңай емес. Дегенмен, Рашид Алашбаев осы мамандықты таңдағанын әр кез мақтан тұтады. Осыдан 30 жыл бұрын Махамбет ауданындағы Алға орта мектебін бітіргелі бері өзі таңдаған мамандығына адалдығынан айнымай келеді. Адалдық дегеннен шығады, алғашқы еңбек жолы бастау алған кәсіпорында табан аудармастан еңбек еткеніне 30 жылдан асты. Нақтылай айтқанда, 1985 жылы бұрынғы Петровский атындағы машина жасау зауытына алғашында слесарьдың үйренушісі болып жұмысқа орналасқан екен. Осы кәсіпорында бір жыл еңбек етіп, әскери борышын өтеуге аттаныпты. «Еңбек кітапшаңды осында қалдыра бер, кейін жұмысыңа қайта ораларсың», депті зауыттың сол кездегі директоры, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс әкімі лауазымында болған Сағат Түгелбаев.
Айтқандай, Рашид екі жыл әскери борышын өтеген соң, еңбек жолы басталған зауытқа қайта оралды. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста ол еңбек ететін зауыттың аты да, заты да өзгерді. Қазір бұл кәсіпорын «Атыраунефтемаш» ЖШС атауын иеленген. Заман талабына орай бұрынғы зауыттың құрал-жабдығы толығымен жаңарған. Тоқсан жылдық тарихы бар бұл кәсіпорында отандық экономиканың жетекші саласының бірегейіне айналған мұнай-газ өнеркәсібі үшін, соның ішінде, ұңғымаларды жөндеу, мұнай өндіру мен жинақтау және өңдеу секторына қажетті ең күрделі қондырғылар шығарылады. Тіпті, құрылыс және жылу-энергетикалық саласы да осы кәсіпорынның өнімін тұтынуға бет бұрды. Қазір аталған кәсіпорында механика цехының слесарі Рашид Алашбаевпен бірге отандық 260 маман тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Зауыттағы әр маман өз ісін жауапкершілікпен атқарады.
– Біздің өз ісімізге жауапкершілікпен қарауымыздың бірнеше себебі бар, – деп түсіндіреді слесарь Рашид Алашбаев. – Бізде біріншіден, осы заманғы жаңа технология, еуропалық стандарт енгізілді. Бұл өнімнің сапасын арттыруға, екіншіден, тұтынушы тарапынан сұраныстың артуына ықпал ететінін түсінеміз. Өйткені, былтыр біздің кәсіпорында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ірі габаритті әрі ең ауыр, яғни салмағы 1 мың тоннадан асатын қондырғылар мен реакторларды шығару цехы іске қосылды. Дәл осы цехта алдағы уақытта диаметрі 9 метрді, ал ұзындығы 110 метрді құрайтын ірі колонналар құрастырылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Атырауға сапары кезінде біздің кәсіпорынға келіп, жаңа цехтың жұмысымен кеңірек танысты. Әріптестеріммен әңгімелескенде, Елбасымен амандасып, сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болдым.
Рашид Алашбаев мұнда конструкторлар сызып берген кескіндеменің көшірмесін металдан дайындап береді. Әрине, оңай емес. Әр кескіндеменің жүздікпен, миллиметрмен өлшенетін тұстары бар. Өте дәлдікті қажет ететіндіктен қателесуге болмайтынын түсінеді. Қателесіп те көрмепті, соның жемісі – 5-санатты слесарь. Оның айтуынша, мемлекеттің қолдауы байырғы кәсіпорынның келешегін кеңейтіпті. Өзінің болашаққа деген сенімін нығайта түсіпті. «Біз мемлекеттің кәсіпорнымызды қолдауының жемісін көрдік. Қазір еліміздің жарқын келешегі үшін еңбек етіп жүрміз. Өйткені, біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан экономикалық өркендеу қарқынын бәсеңдеткен емес. Бұған әлемдегі қаржылық дағдарыс әсер ете қоймайды. Бұлай деуіме еліміздің тек ТМД, тіпті Азия елдерінің ғана емес, сонымен бірге, жаһан мемлекеттері арасында лайықты орнын иеленгені дәлел бола алады», деген ойымен және бөлісті ол.
Қойнауы мұнай мен газ секілді табиғи байлыққа толы Атыраудың машина жасау саласындағы бірегей кәсіпорын – «Атыраумұнаймаш» серіктестігінің жапониялық «Marubeni» және қытайлық «Sinopec» компанияларымен 1,6 млрд. теңгенің келісімшарты бар. «Бұл келісімшарт мұнайды терең өңдеу кешенін салып жатқан Атырау мұнай өңдеу зауытына әртүрлі жабдықтар дайындауды және жеткізуді көздейді. Біз мұны дер кезінде жасалған келісімшарт деп есептейміз. Өйткені, біз былтырғы жылдың басында күрделі экономикалық жағдайға байланысты ірі тапсырыстардың болмағанына алаңдап едік. Енді біз ойдағыдай жұмыс жасауды жалғастырып келеміз. Сонымен бірге, жаңадан 100-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік алдық. Жаңа жұмыс орындарына еңбекке тартылатын адамдар біздің «Marubeni» және «Sinopec» компанияларымен жасалған ірі келісімшартымызды орындауға атсалысады», дейді бұрын Еуропа және Батыс елдерінен тасымалданған ірі габаритті және аса ауыр жабдықтарды шығаруды бастаған «Атыраумұнаймаш» ЖШС бас директоры Александр Донсков.
Иә, қай кәсіпорынның да жұмысы Рашид Алашбаев секілді қарапайым мамандық иелерінің білгірлігімен жемісті болары даусыз. Айтпақшы, Рашидтен осы кәсіпорыннан табан аудармауының себебін сұраған едік. «Мені де шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар жұмысқа шақырғанын жасырмаймын. Бірақ, барлық ұсыныстан бас тарттым. Себебі, бұл кәсіпорын мен үшін ыстық қой. Өйткені, осында 17 жасымда еңбек жолымды бастадым. Осында Борис Белкин, Қуандық Ерғалиев секілді ұстаздарымнан слесарьлық мамандыққа машықтандым. Сол ұстаздарымның жолын жалғастыруды көздедім. Мұнда еңбекақы да көңілден шығады, тұрақты төленеді. Мен өз Отанымды ғана сүйемін, демек, тек отандық кәсіпорында жұмыс істеп, елдің экономикасын көтеруге атсалысқым келеді», дейді отаншыл жігіт.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.
––––––––––––––––
Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.