• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Мейірім мерейі

421 рет
көрсетілді

  ... Зымырап жатқан уақыт-ай десеңізші. Елімізде Тәуелсіздіктің таңы атып, халқымыздың ақ жарыла қуанғаны да кеше ғана сияқты. Бәрін басынан бастауға тура келді. Бір жоқ екінші жоққа келіп тірелген заман болды. Әркім хал-қадерінше ата-бабамыз армандаған елдігіміздің, егемендігіміздің бекемденуіне тарыдай болса да үлес қосуға бейінді еді. Әлбетте, бұл ретте алдымен бар салмақ тұтастай бір ұлттың тағдырын қолына алған, ең күрделі кезеңде ел басқарудың жауапкершілігі маңдайына жазылған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына түсті. Тегінде, тарихтағы мемлекет басшылары хақында әңгіме қозғағанда, болмаса жеке өміріне тоқталғанда, олардың тұлғалық қасиетін, болмысын сөз еткенде зайыбы да есте тұрады. Тек үлкен замана жолын таңдаған заңғар басшылардың ғана емес, кез келген қарапайым өмір сынындағы жұмырбасты пенденің де арқасүйері, иек артары, ең жақын жанашыры, ең сенімді тілеуқоры – құдай қосқан қосағы болмақ. Өйткені, өз отбасында, үйінде берік қорған орнамай, қанша мықты деген ер азаматтың да ісі өрге баспаған, жұмысы берекеленбеген. 1991 жыл. Өтпелі қиын кезең. Осын­дай қиын шақта Сара Алпыс­қызы Елбасының зайыбы ретінде де, ба­ла сүйіп, тәрбиелеп отырған ана ре­тінде де қарлығаштың қанатымен су себелегеніндей өз көмегін беруді парыз санайды. Оның үстіне Мемлекет басшысымен талай елге барғанда, олардағы бірінші ханымдардың атқарып жатқан қоғамдық жұмыс­тарын, әсіресе, балаларға жасалып жатқан жақсылықтарды көріп, көкірегіне түйіп жүреді. Қазақ­стан экономикасының күрделі жағ­дайында мемлекетіміз аяғынан тік тұрып көмектеседі дегенше, ата-анасы бар балаларды асырап-сақтау қиынға түскенде, мүгедек, көздері жәу­діреп үлкендерге қараған, панасыз қалған жетім, науқас балалар күтіп жатпас, туған аналарын алмас­тыра алмасақ та, төзімдерін сынамау­ды ойлап, нақты көмек көрсетуді ниет етеді. Бұл жайында Сара Ал­пыс­қы­зының: «Мен адамдарға көмек бере алатынымды, оның үстіне менің жағдайым басқаларға қара­ғанда, осы істе анағұрлым көп іс тындыруға мүмкіндік тудыратынын тү­сіндім», – деп ағынан жарылғаны бар. Осылайша, 1992 жылы елімізде ал­ғаш­қылардың бірі болып қоғамдық негізде «Бөбек» қайырымдылық қо­рын құру жөніндегі ақжарылқап ойын алдымен сол кездегі Пре­мьер-Ми­нистрдің орынбасары Мыр­затай Жолдасбековке жеткізеді. Ол кісі құп көреді. Сосын кешкісін отағасына осы ойын білдіргенде, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы мұндай сауапты істің адам­ға да, Аллаға да жағатынын айтып, қордың байғазысына деп қалтасынан қомақты ақша ұсынып, ісіне сәттілік тілейді. Қоғамымыз мейірімділікке, қайы­­рымдылыққа шөліркеп отыр­ған шақта дер кезінде көтеріл­ген мұндай жақсы бастаманы бала­жан, кеңқолтық қазақ халқы жылы қабылдағаны хақ. Міне, «Бөбек­тің» тарихы осылай бастау ал­ды. Бұл істі қолға алғанда әсте тәжірибе болмады. Мемле­кет­тен көмек жоқ. Алдымен қор арқы­лы елімізге келіп жатқан қайырым­ды­лық сәлем-сауқаттардың мұқтаж отба­сыларға, жетім, ауру бала­ларға жолшыбай қолды болмай же­туін қадағалады. Әрине, жоғары мәрте­бесін пайдаланып, қалталы ағайын­дарға, бизнесмендерге қолқа сал­ды, қайырымдылық шараларын ұйым­дастырды. Елжанды, ұлтын сүйетін азаматтар да аянып қалмады. Әрине, осын­дай өліара шақта халықтың осал топтары қайырымдылық қор­ларынан, фирмалардан, жеке ауқатты адамдардан үміт-қайыр күтуі заңды да. Қор президентінің атына бір жылда түскен 1300 хат, мыңдаған алдына келушілер осыған дәлел. «Бөбек» те ержетті. 24 жылда қыруар ізгілікті іс тындырды. Оған біздің басылым, оның ішінде «Бө­бектің» алғаш құрылған күнінен бү­гінге дейін әр ісін, әр бағыт-бағ­дарын көрсетуде 24 жыл бойы қалам тербеп келген осы жолдардың авторы, өзіміз куәміз. Бүгінгідей мерейлі күні соның ең бастыларын атап өтпесек, арымызға сын болар. Алдымен бала­лар­дың денсау­лығын қорғау мақ­сатында ТМД ел­дерінде теңдесі жоқ, ең соңғы үл­гідегі, 140 орындық Республикалық емдеу-сауықтыру орта­лығын ашты. Қа­зақстан «Бала­лар құқығын қор­ғау» конвенциясына қол қойып, соның негізінде Қор БҰҰ жа­нындағы Қоғамдық ақпа­рат­тар де­партаментіне мүше болу ар­қылы Дүниежүзілік балалар қо­ры­ның қайырымдылық шара­ла­рына қатысуға мүмкіндік алды. «СОС Кин­д­ер­­­дор­фин­тер­нейшл» ха­лық­­аралық қайырымдылық ұйы­мы Қазақстанда тұңғыш рет еу­ро­па­лық үлгідегі балалар қала­шықтарын тегін салып берді, бүгінде олардың саны арта түсуде. 1994 жылдан бастап баласын анасынан айырмай 7 күндіктен же­ті жасқа дейін асырап, бағып бере­тін «Үміт үйлері» жұмыс істей­ді. Қоғамдық ұйымдар тарихын­да алғаш рет Парламентке «Отба­сы үлгісіндегі балалар ауылы және Жасөспірімдер үйлері туралы» ұсыныс жасап, ке­шегі казармалық тәртіппен өсетін жетім балалардың адами, отба­сылық үлгіде тәрбиеленуіне жол аш­қан жаңа Заңның шығуына ықпал жасады. Өмірлік тәжірибе көрсет­кендей, қаншама көмек қолын бергенмен жетім балалар мәселесі шешіл­мейтінін, сондықтан, оны болдыр­маудың, яғни, себеп-салдарымен күресу керектігін, ол үшін адам бойына бала кезден адамгершілік, ізгілік құндылықтарын сіңіріп өсіру керек­тігін алға тартып, рухани-адамгершілік білім беруге арналған «Өзін-өзі тану» авторлық жобасын ұсынды. Осы бастаған ісін одан әрі ғылыми негізде әрі кешенді дамыту үшін Адамтану институтын ашу туралы Үкіметке ұсы­ныс жасады. Адамның жан дүние­сін зерт­тейтін, қоғам үшін саналы да пара­сатты адамдар тәрбиелеуге атса­лы­сатын, осындай ізгілікті мақсат көз­деген мекеменің ТМД мемле­кет­тері арасында алғаш Қазақстанда ашы­луы еліміз үшін мәртебе, үлкен жаңалық, айтулы оқиға болғаны да анық. Тағы бір айтпауға болмайтын үл­кен жоба – Алатаудың бөктерінде орын тепкен, жаңа ғасырға лайық­тал­ған, үздік үлгідегі тағы бір білім беру кешенінің қатарға қосы­луы. Онда үздіксіз білім жүйесі – ба­ла­­бақша, жалпы білім беретін мек­теп, «Өзін-өзі тану» адамның үйле­сімді дамуы гуманитарлық колледжі бар. Қазақтан сөз қалған ба. «Жетімге ақыл беруші көп, бақыр беруші жоқ» деген. Десек те, өткен жылы Сара Алпысқызы ел бөбектеріне деген аналық жүрегімен, шынайы пейілімен үлкен сыйлық жасады. Соның ар­қасында биылдан бастап елі­міз­дегі 145 балалар үйінің 90 пайыз тәрбиеленушілерінің, яғ­ни, 7 мыңға жуық түлектердің қала­ған мамандықтары бойынша жоғары білім алуына мүмкіндік туғызылды. – Маған кезінде «Осы «Бө­бек­тің» сізге қажеті бар ма?» дегендер де болды. Ол кезде «Бөбектің» осылай «өсіп-ержететінін» өзім де білмедім. Бәрі Алланың әмірінде дейтінмін. Мен қорғансыз, өмірге, тағдырына өкпелі балаларға титтей де болса көмек қолын созып, өз парызымды орындағаныма өте разымын. Сол кезде 4 мыңға жуық бала «Бөбектен» ай сайын 3-5 мың теңге аралығында шәкіртақы алып тұрды. Қазір 200-ге тарта балалар үйінің түлектері грантпен оқиды. Бүгінде «Бөбектің» қоры толығып, 22 жыл ішінде өте қомақты қаражат жиналды. Балаларыма менің бастаған ісімді жалғастыруды ұсындым. Жастар ғой, «Иә» деп қойды, бірақ бәрібір мазам болмады. Содан Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі бағдарламасы дүниеге келгенін естіп, қалайда осы жиған-терген тиын-тебенді әр жетім баланың өзіне жеткізуді ойладым. Ең бастысы, бұл балалар мейірімділікке, жақсылыққа деген сенімдерін жоғалтпаулары тиіс», – деп тебірене сөйлеген Сара Алпысқызы адамгершіліктің биік деңгейін, аналық қасиеттің, аналық ақ жүректің бар болмыс-бітімін дәлелдеген еді. Бұл Сара Алпысқызының адами келбетінің, ізгілік иірімдерінің бір ғана парағы. Ал отбасындағы үйдің шырақшысы әйел ретінде, отағасының, азаматының абыройын, оның шығатын тауының биіктігін ойлайтын тілекшісі, балалардың аяулы анасы, немере, шөберелерінің алтын әжесі, ағайын-туғанның ұйытқысы болуда да Сара Алпысқызының өз орны бар. Ерлі-зайыптыларды Құдай қосады деп жатады. Ал­ланың бұйрығымен бірі Алатаудың аясында, бірі Сарыарқаның сайын даласында туып-өссе де тағдырдың осы жазуына қашанда риза. Өзі келін болып түскен қасиетті ауылдың, отағасы туып-өскен қара орман қара шаңырақтың түтіні түзу шықса екен деген ниеті адал. Туған қайнысы Болат Әбішұлы: «Өзіңнің бала кезіңде үйге келін болып түсіп, шешеңнің көзін көрген адам анаңның орнына жүреді екен. Бүгінде Сара Алпысқызын жеңге емес, анамыз деп қабылдаймыз. Кейде қайны болып еркелейсің, кейде жасымыз кіші болған соң айтатын ақыл-кеңестері болады. Айтқан кеңесі анаңның айтқан ақылдарына жақындап кетеді. Әрине, кейде ренжуі мүмкін. Ондай кезде баласындай көрінеміз. Жалпы, ер азаматқа анадан кейін ең жақын адам әйелі ғой. Яғни, Ағаңның шын тілеуқоры да сол кісі. Сондықтан, жақсы жеңгені анамен шендестіруге әбден болады екен» десе, жеңгесінің жас кезіне куә қайынсіңлісі Әнипа Әбішқызы Теміртауға барған бала күнгі қуанышты сәттерін былайша еске алады. – Оған да 54 жыл өтіпті-ау. Сұлтан ағам бізді Сара тәтемен таныстыратын болып, Теміртауға ата-анаммен ілесіп бардым. Ол кезде тәте де жас, орысша оқыған, қаланың қызы. Үстіне жолақ түсті, төменгі жағында үлкен екі қалтасы, үлкен түймелері бар көйлек киіп келді. Қыз емеспін бе, қызыға, көз алмай қараймын. Содан ертесіне болашақ жеңгенің ата-енесінің үйіне бұрынғының жөн-жоралғысымен құда түсіп бардық. Есімде, үйлену тойы «Комсомолец» кафесінде өтті. Комсомолдық той болған соң тәте қысқа көйлек, басына фата киіп отырды. Ол кезде шаш түйген мода, оған кейін шешем «бір бастан бір бас шығарып» деп күлетін. Аға мен тәтеге ата-анамыз қайтыс болғаннан кейін әке орнына – әке, шеше орнына – шеше, аға орнына – аға болуға тура келді. Мені алты айдан кейін Қарағандыға, өз жандарына алып кетті. Ағаның екі айдан кейін қызметі жоғарылап, Алматыға кетті. Қашанда аға мен тәтенің бір-біріне жарасымды қалжыңдарын, отыра қалып қосылып ән салғандарын естігенде, ата-анам көз алдыма келеді». ...Иә, жақсылық жасаудың үлкен-кішісі болмайды. Қиыншылықты бір адамдай көрген марқұм әкем: «Балам, кімге болсын жақсылық жасап, жағаға лақтыра бер. Кейін қайтып әйтеуір сол жақсылығың оралады» деп айтып отырушы еді. Бір жиында Сара Алпысқызы «Жақсылық жасаған сайын жаным тазарады» дегенде, әкейдің сол сөзін растағандай болып еді. Иә, жасаған жақсылығың қайтар, қайтпас. Бірақ, мына бес күндік жалғанда бір нәрсенің басы ашық: Жақсылық түбі мейірімнен шығады. Ендеше, жүрегің мейірімге тұнып, айналаңа, адамдарға жақсылық нұрын шашқаннан асқан ғанибет жоқ. Сол ғанибеттің иесі Сара Алпысқызы екені және шындық. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».