отандық дипломатия қызметін экономикалық тұрғыдан жандандыруды міндеттейді
Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының 25 жылға жуық уақыт ішінде атқарған жұмысына аралық қорытынды жасауға мүмкіндік беріп, халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілету мен оларды қорғау бойынша жұмысты жалғастыру үшін жаңа негіз құрған еді. Осы орайда, біз Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовқа алдағы кезеңге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген талаптар негізінде бірнеше сауал қойып, жауап беруін өтінген едік. – Ерлан Әбілфайызұлы, алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы белгілеп берген жаңа талаптар бірінші кезекте «экономикалық дипломатия» құралдарын кеңейтуді міндеттегені белгілі. Мұндай жаңа талаптың не себептен туындап отырғанының астарын түйсіну де тым қиын емес секілді. Дегенмен, осы мәселені нақтылай түссеңіз. – Сірә, әлемде қалыптасқан экономикалық жағдай, ең алдымен «экономикалық дипломатия» құралдарын кеңейтуді және амал-тәсілдерді жаңартуды талап етеді. Бүгінгі күні индустриялық-инновациялық жобалар, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы шеңберінде шетел инвестицияларын тарту және отандық экспортты шетел нарығына ілгерілету сыртқы саясат ведомствосы жұмысының негізгі бағыттары болып табылады. Осыған орай, алқа мәжілісінің негізгі тақырыбы «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын экономикаландыру» болды. Ал «экономикалық дипломатияны» нығайту мен оны күшейту аясында Мемлекет басшысы жария еткен әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекетті жаңғырту жөніндегі жобалар біз үшін басты міндеттер болып табылады. Бүгін шетелдердегі мекемелерімізге сол мемлекеттердің экономикалық, инвестициялық және технологиялық әлеуетіне сүйене отырып, Қазақстанға тиімділік әкелетін тұрғыда нақты тапсырмалар беріліп, қызметіне өзгерістер енгізілуде. Елімізге инвестициялар тарту үшін негізгі институттар құрылып, барлық жағдайлар жасалғанын атап өткім келеді. Бұл іске қажетті заңнамалық база да құрылған. Сарапшылар мен шетелдік бизнес-әріптестер еліміздегі жағымды іскерлік және инвестициялық ахуалды біліп отыр. Алайда, қазіргі таңда Қазақстанда ведомствоаралық үйлесімділік сапасын жақсартуға және қол жеткізілген келіссөздерді жүзеге асыруға (follow-up) қатысты жұмыстарға бүгінгі күн талабына сәйкес түзетулер енгізу қажеттігі де туындауда. Осыны ескере отырып, Үкімет құрамындағы экономикалық ведомстволармен бірге отандық экономиканың ең маңызды салаларына шетел инвестицияларын тарту бойынша бірлескен жұмыстың нақты тетігі жасалды. 2015 жылы сауда-инвестициялық бағытта шетелдерде 453 іс-шара өткізілді, шетелдердің іскерлік және экономикалық топтары өкілдерінің Қазақстанға 642 іссапары ұйымдастырылды. СІМ жәрдемімен АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Австрия, Германия, Мажарстан, Үндістан, Италия, Малайзия, Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, Хорватия, Жапония және т.б мемлекеттердің іскерлік топтарының жетекші өкілдерімен екіжақты ірі бизнес-форумдар өткізілді. Нәтижесінде, сыртқы саясат ведомствосының тікелей көмегімен 23,8 трлн. теңгеден астам (73,4 млрд. АҚШ долл.) соманы құрайтын 260-қа жуық екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қойылды. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдерге сапарлары нәтижесінде ауқымды инвестициялар тартуға қол жеткізілді. Осы уағдаластықтар қағаз жүзінде қалмас үшін Сыртқы істер министрлігі тарапынан да айтарлықтай күш-жігер жұмсау талап етілетін болар? – 2015 жылы Мемлекет басшысының Қытайға, АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Италияға сапарлары шеңберінде қол қойылған құны 12 трлн. теңгені (37,3 млрд. АҚШ долл.) құрайтын 80-нен астам екіжақты келісімдерді шетелдік әріптестерімізбен бірлесе іске асыру мәселелері дипломаттарымыздың ерекше бақылауында тұр. Ірі трансұлттық корпорациялардың басшылары Қазақстанның инвестициялық тұрғыда мейлінше тартымды болып қалыптасуында, сондай-ақ, қиын жағдайларда басқарудың тиімді шешімдерін әзірлеу мен оларды қабылдауда Президентіміздің аса көрнекті рөлін мойындайтынын айрықша атап өткім келеді. Дәл осы себепті де ірі шетелдік компаниялар елімізде жұмысын жалғастырып, тіпті, қазіргідей күрделі уақыттың өзінде жаңа инвестициялық ұсыныстарды қарастыруда. Сонымен қатар, саяси және экономикалық тұрғыда айтарлықтай тұрақты мемлекеттердің азаматтарын виза ресімдеу талабынан босату (15 күнге дейін) бойынша «қанатқақты жоба» 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылып, саны 20 мемлекетке дейін көбейтілді. Шетелдік кәсіпкерлер инвестициялық мәселелерді уақытында шешу мақсатында Қазақстанға қысқа мерзімді іссапарлар жасауға мүмкіндік берген визалық жеңілдіктерді өте дұрыс қабылдап отыр. – 2017 жылы Астанада ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізілетіні белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдаған кезінде бірқатар нақты тапсырма жүктеп, мойнымызға алған осы ауыр міндетті бүгінгі аса күрделі жағдайларға қарамастан, өз деңгейінде атқару керектігін атап көрсетті. Осы арада, үлкен күш-жігер жұмсап ұйымдастырылғалы отырған көрмеге шетелдердің мүмкіндігінше көп қатысуы маңызды десек, қателеспейтін шығармыз? Және осы бағыттағы жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсеңіз. – Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру мен оған халықаралық қатысушыларды тарту бойынша жұмыс нақты нәтижелер берді. Қазіргі күні көрмеге 70-тен аса мемлекет пен 13 халықаралық ұйым қатысатындығын ресми түрде растады, қатысушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар 47 секция комиссарларын тағайындап үлгерді. Бүгінгі күні осы бағытта белсенді жұмыс жалғасуда. 24-25 ақпанда Астанада ЭКСПО-2017-ге келетіндерін растаған мемлекеттердің 200-ден астам өкілдерінің қатысуымен көрменің халықаралық екінші жиналысы өтеді. Бұл басқосу көрмені дайындауда атқарылған жұмысты бағалауға және көрменің басталуына дейін еліміздің сыртқы істер министрлігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың ортақ іс-әрекеттерін қазіргіден де тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. – Отандық өнімді экспортқа ілгерілету шеңберінде Сыртқы істер министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айта кетсеңіз. – Бүгінде министрлік транзиттік-көліктік әлеуетті барынша дамытуға және Қазақстанды ыңғайлы халықаралық логистикалық хаб ретінде насихаттауға ерекше көңіл бөліп отыр. 2015 жылы Қытай шекарасындағы жаңа көліктік-логистикалық хабпен таныстыру мақсатында Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық корпустың «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының нысандары мен Шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығына ҚТЖ-мен бірге іссапары ұйымдастырылды. Міне, осы жайттың өзі бұл бағытта жұмыс істеп жатқандығымыздың нақты мысалы болып табылады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) шеңберінде 2015 жылғы 22 қаңтарда Давоста қол қойылған Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған Ынтымақтастық жөніндегі елдік бағдарламаны бекіту де маңызды оқиға болды. Қазақстанмен бірге, осындай ынтымақтастық жөніндегі бағдарламалық құжатқа Тайланд, Перу және Марокко елдері ғана қол қойғанын атап өту маңызды. Дағдарыс салдарынан көршілес елдердегі экономикалық көрсеткіштер төмендеген кезде ЭЫДҰ басшылығы Қазақстанның экономикалық реформаларына жоғары баға беріп отыр. 2015 жылы қазанда жарияланған Doing Business-2016 (Бизнес жүргізу) рейтингінде Қазақстан 189 мемлекет арасында 41-орынға ие болды, бұл – әзірше Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. – Қысқаша әңгімемізді өзіңіз түйіндесеңіз. – Министрлік қызметінің аралық қорытындысы сыртқы саясат пен халықаралық экономика бағытындағы жұмысымыздың айтарлықтай тиімді жүргізілгенін көрсетеді деп санаймыз. Бұл жұмыс алдағы уақытта да барынша тиімді жалғастырылады. Бұған кадрлық мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Сыртқы істер министрлігі тәуелсіздік жылдары ішінде шет тілдерін меңгерген, жеке өңірлер мен мемлекеттердің ерекшеліктерін жақсы білетін, дипломатиялық қызметте мол тәжірибесі бар мамандардан қажетті кадр құрамын жасақтады. Осылайша, еліміз сыртқы саясат ведомствосының орталық аппаратында және шетелдік мекемелерінде 85 ғылым докторы мен кандидаты, 198 магистр, 55 «Болашақ» бағдарламасының түлегі жұмыс істейді, 376 қызметкердің екі немесе одан да көп жоғары білімі бар. Министрлік қызметкерлерінің 70 пайыздан астамы екі немесе одан да көп шет тілдерін, оның ішінде сирек тілдерді меңгерген. Сыртқы істер министрлігі кадрлық саясатының басты міндеттерінің бірі дипломатиялық қызметкерлердің дайындық жүйесін үздіксіз жақсарту, оларды қайта даярлау мен біліктілігін көтеру болып табылады. Шетелдердегі бірқатар мекемелерде Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерімен қатар, Инвестициялар және даму министрлігінің, Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кіріс комитетінің және т.б. мекемелердің өкілдерімен бірлескен табысты жұмыс тәжірибесі қалыптасып үлгерді. Әрине, сыртқы саясат ведомствосы мен Қазақстанның басқа да мүдделі мекемелері ұмтылысының синергиясы елімізге шетел инвестицияларын тарту құралдары мен арналарын кеңейтуге бағытталған және бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жемісін беруі тиіс. Қорыта айтқанда, Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысы алға қойған жаңа талаптар мен міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтын болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».
•
17 Ақпан, 2016
Елбасы белгілеген жаңа талаптар
259 рет
көрсетілді