• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Кредитпен келген кейістік

740 рет
көрсетілді

«Несие алып едім» немесе «несие төлеуге бара жатырмын», жалпы, «несие, несие» деп сызыла сөйлегендерді сирек естиміз. Себебі, мұндай атауы бола тұра тілімізге ол «қарыз», яки «кредит» деп кірігіп кеткен. Содан да болар, несие дейін десек, тақырыптың ауа­ны сәл басқа арнаға ауатындай көрінді. Айталық, әңгіме арқауы ауқымды сомадағы несиелер, кәсіпкерлікке, халықаралық банктерден мемлекетке берілетін несиелер туралы болса бір жөн. Ендеше, бұл жолы мен «нағыз несие» емес, біраз адамды әлекке салған кесапат «кредит» жайында жаздым.

Әлін білмеген әлек

Өткенде бір інішек «Қалай ойлайсыз, маған банк кредит бере ме екен, қымбат телефон алайын деп едім», демесі бар ма. Таңданып қалдым. Ол өзі қалаға келгені кеше ғана. Сабылып жүріп, әзер дегенде жұмысқа орналасқаны да күні кеше. Жалақысы қолына тимей жатып, енді, міне, қарыз алу туралы бас қатырып отыр. Жұрт қызық. Кредит алғысы келсе, алдымен «мен осы төлей алар ма екенмін?» деп ойланбайды. Бірден «банк бере ме екен?» деп бас қатырады. Ал өздеріңіз білетіндей, өз пайдасын бірінші мүддеге қоятын коммерциялық банктер ешкімнің ертеңіне алаңдамайды. Қарыз берсең болды, қайтсем де қайтарамын деп қасқайып тұрған клиентті қолдан жіберсін бе?! Содан соң айтар уәждері біреу – сені ешкім қинаған жоқ. Пайызын пайымдап жатпастан шарт еткізіп шартқа қолыңды қойған өзің. Ендеше, қарызды алып алған соң ғана, кінәлі іздеп, кредиттен кілтипан көздегенше, алдымен сол қарызды алу керек пе дегенді әбден саралап алған да жөн шығар. Біздің елге жаңа ғасырмен жағаласып келген жаһанданудың бірден-бір көрінісі осы – кредит жүйесі. Яғни, бұл қазіргі күні ешкімге таңсық дүние емес. Тіпті, алғашқы кездерде оны тегін таратып жатқан ақшадай қабылдаған халық жаппай банк жағалағаны рас. Содан да шығар, бүгінгі күні кредит алмаған адам кемде-кем. Салдарынан бүгінде еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 15 пайызға жуығының несие тарихы жағымсыз көрінеді. Соған қарамастан бүгіннің өзінде, статистикалық деректерге сүйенсек, халықтың жетпіс пайызға жуығы кредит алғысы келеді екен. Банк тілімен айтсақ, сұраныс бар. Араны ашылған банктер үшін бұл оң жамбасқа келер олжа. Бұрын білмей ұрынды дейін десек, қазірдің өзінде қарызға қарқын басылмай тұрғанын көріп қынжыласың. Кімнен сұрасаңыз да кредиттен көсегесі көгеріп жүргені аз. Сосын қарыз берген банкті жатып алып кеп жамандайды. Әрине, үстеме пайыздары өте жоғары біздің банктерде ақау жоқ дегеннен аулақпыз. Ол өз алдына бөлек мәселе. Біз тілге тиек етіп отырған әңгіме – қарызды аларда басқаша, алғаннан кейін басқаша болатын тұтынушы туралы. Алғанды кім жек көрсін, бұл өмірде банк түгілі, жақынынан жалынып тұрып сұрап алған қарызын да қиналып қайтаратындар жетіп-артылады емес пе!? Алайда туысың кешірер, бірақ банк бастан сипамайтынын ұғынатын кез келгелі қашан. Атам қазақ алмақтың да салмағы бар деп тегін айтпаса керек.

Алу – оңай, төлеу – қиын

Өткенде бір танысымды жолықтырдым. «Бәле болды осы кредит деген. Банктер оңбаған. Соңымнан қалмай қойды. Күнде звондайды. Қызық-ей өздері, мен жұмыссыз жүрсем қалай төлеуім керек», деп қиналды. Иә, қиын жағдай. Алған соң төлеу керек, төлейін десе ақшасы жоқ. Тіпті, не дерімді білмедім. Әттең, пайда әкелмейтін болған соң алмауы керек пе еді... Негізінен біздің айтпағымыз кредитті мүлде алмау керек дегенді меңземейді. Тек ақылды заманда қарызды да ақылмен алу керек шығар. Осы ретте, интернет желісінде жазылғандардың бірінде келтірілген мысалға назар аударып көрелік. Ол америкалық заманауи жазушы Фаррах Грейдің «Сіздің бай болуыңызға кедергі келтіретін 7 қате» деп аталатын кітабынан алынған үзінді. Автордың айтуынша, қарыз бен кредит жайлы біржақты жаман пікірде болмау керек. Ол қарызды екіге бөліп қарастырады. Біріншісі – жаман қарыз, екіншісі – жақсы қарыз. Енді осыны қарапайым тілмен түсіндірсек. Оның айтуынша, «жаман қарыз» деген мақсатсыз алынған, артын ойламай, ешқандай табыс әкелмей жұмсалып кететін қарыз. Ал «жақсы қарыз» туралы автор өзінің таныс жігітінің оқиғасын айта отырып түсіндірген екен. Таныс жігіті бірде жұмысынан кеш қайтып, үйінде қарапайым қызылды-жасылды ойыншықтарды аяқ киімге жапсырып, қызықтап отырған қыздарын көреді. Оған сонда бір демде осы жобаны іске асырып көрсе қайтеді деген ой келеді. Қарапайым аяқ киімге жылтырақтарды жапсырып көрсе шын мәнінде әдемі екен. Сосын ол дереу үйінің жертөлесінде цех ашады. Әрине, бұл үшін оған қаржы қажет. Ол болса қаржыны түгелдей кредитке алады. Сөйтіп, нақты жоба-жоспарлармен ол нарыққа кереметтей аяқ киім әкеліп қосады. Бұдан кейін ол миллиондаған ақшасына бұл патентті сатады да жібереді. Сөйтіп, уақытында кредитінен құтылып, сосын өзіне де пайда көреді. Міне, бұл «жақсы қарыз», депті. Сосын екеуін сараптайды. Екі образ да кредит алды. Бірі пассив табыс, екіншісі актив табыс – яғни, пайда әкелетін өндіріске ақша жұмсайды. Бірі тұңғиыққа батты, екіншісі мол табысқа кенелді. Бұл өте бір қарапайым жол сияқты. Бірақ жеңіске жету үшін екінші образ да біраз тәуекелге баруы керек болды: үйін кепілге қойды, егер тауары өтпей қалса, ол үйінен айырылатын еді. Бірақ оның қаржы тереңіне батқан бірінші образға қарағанда ақылы бар. Себебі, дейді жазушы, екеуі де түбі тесілген қайықта отыр. Бірақ біріншісі жапа-тармағай қолындағы ыдыспен суды сыртқа төгуге көшсе, екіншісі су қанша жиналып қалса да қайықтың түбі тесілген жерге тығын тықты. Нәтижесінде бірі суға кетсе, екіншісі құтқарылды, деген. Біздегі кредиттен көресіні көріп жүр­гендердің де көбі осы мақсатсыз несие алғандар.

Ешкім ақымақ емес

Өткенде бұрынғы көршімді кезіктірдім. Хал-жағдай сұрасқан соң айтқаны: «Бір қиындыққа тап болдық. Бұрын алған кредитім бар еді. Басында уақытымен төлеп жүргенбіз. Бір рет ұмытылып қалыпты. Бірақ ешкім бізден сұраған жоқ. Сосын «ой, мыналар ұмытып кеткен ғой (банкті айтып отыр) деп келесі айда әдейі төлемей қойдық. Тағы ешкім сұрамады. Содан әрі төлемей жүре бердік. Бұл құпиямызды тағы бір көршімізге айтып едік. Олар да төлемей қойды. Олардан да ешкім сұрамапты. Сөйтіп жүріп, 2-3 жыл өтіп кеткен. Бірақ жақында банктен қағаз келіпті. Қарыз «пенясымен» көбейген, енді соны төлеу оңайға соқпай жатыр. Көрші де ренжулі». Ал бұған не дейсіз?.. Сорақысы сол, қазірге дейін шынымен, еш жерде батпан дүниенің жоқ екеніне сенгісі келмейтіндер бар. Бұрын үлкендер «өкімет ақымақ емес» деп, отырушы еді. Ал әлгі кейіпкеріміз банктің шартына қол қойғанын естен шығарған. Шындығында, шығарғысы келген. Алайда банк ақымақ емес. Банктен несие алғанда қол қоятын шарт – заңдық күші бар маңызды құжат. Ал оны көпшілік осыған қол қойсам болды, ақша аламын деп келісімнің кепілі ретінде ғана қабылдайды. Салдарынан, ставкалар, мерзімдер, кепілзаттары, геометриялық прогрессиямен өсетін айыппұлдар мен өсімпұлдар туралы ащы шындық кредиттік «құлдыққа» кіргеннен кейін ашылады. Ал шартқа қол қоймас бұрын жобаны үйге алып кетіп, клиенттің міндеттерін белгілейтін талаптарды мұқият зерделеп жатқан ешкім жоқ. Банк заемы шартына қол қойған кездегі ұқыпсыздық, құжаттың мән-мағынасын түсінуге немқұрайды қарау немесе жай ғана заемшының қандай құжатқа қол қойып жатқанын түсінбеуі көптеген жағдайларда коммерциялық банктер мен олардың клиенттері арасындағы өзара қатынастардың шиеленісуіне себеп болады, дейді мамандар. Адамдар көбіне ставкалардан шатысады. Сол үшін кеңес алған кезде банктерден шынайы тиімді салыстырмалы сыйақы ставкасының – заемның нақты құнының мөлшерін сұраған дұрыс. Сосын оны қайтаратын сомамен салыстырып, алатын қарыздың қанша пайызын қосып төлейтініңізге мән берген жөн болар. Алған сомадан гөрі, қайтаратын сома туралы білген абзал. Шартты дұрыс оқымадым дейтін де заман өтті ғой. Банк заемын алудың жауапты шешім екендігін есте сақтау қажет. Өзін және отбасын қарызға батырмас бұрын, әлеуетті заемшы заем алу туралы шешім қабылдамас бұрын оны алудағы қажеттілігін және уақтылы қызмет көрсету мүмкіндігін бағалауы; отбасы бюджетінің кіріс және шығыс бөліктеріне қарай, қаржылық мүмкіндіктерін есептеуі; кредит бойынша алдағы төлемдердің шығыс бөлігінің өсетіндігін ескере отырып, өз бюджетіне талдау жасауы; кредитті алудың банк заемы шартында белгіленген мерзімде борыштың негізгі сомасын қайтару, сондай-ақ, заемды пайдаланғаны үшін пайыздар төлеу міндетін көздейтіндігін түсінуі қажет. Егер шартта көзделген төлемдер жүзеге асырылмаса немесе уақтылы және/немесе толық емес көлемде жүзеге асырылса, банк тұрақсыздық айыбы – айыппұл, өсімпұл төлеу туралы талап қоюы мүмкін екенін түсіну қажет, дейді арнайы мамандар.

Ауруға айналған  «ала беру»

Өткенде бір ауылдасымды көрдім. Телефон соққан адамға жер-жебіріне жеткізіп ұрысып жатыр екен. Не болды десем, «Осылар қажытты. Кредитті біреуге береді де, сосын оны басқадан сұрайды. Бір досым неше банктен кредит алғанын білмеймін. Және бәріне менің телефон нөмірімді берген. Енді маған кезек-кезек звондайды. Оған банк қалай кредит бере беретінін таңданамын», дейді. Кейде осы «ала беру» де ауруға айнала ма деп ойлайсың. Себебі, өзіңіз жан-жағыңыздан іздеп көріңізші, қарыз сұрағыш адамдар бар екені рас. Біреуінен құтылмай жатып, екіншіден сұрайды. Ал кейбіреулердің қалайша қатарынан бірнеше банктен қарыз алатындарына да қайраным бар. Мәселе жағдайының қиындығында да емес. Әрине, бірін қайтару үшін екіншіден алу деген жайттар да болып жататын шығар. Бірақ ол әдетке айналып кетсе, жақсы емес. Әйтеуір, «қарызқұмар» адамдардың болатыны да шындық. Ал дәл осындайлардың кесірі кейде қасындағы басқа адамдарға тиіп жатады. Біздің банктер де қызық қой. Жауап беретін үш телефон нөмірін жазып берсеңіз, қарыз беріп, қоя беретіндері бар. Сосын келіп, қарыз алған адамға емес, «таныс та бейтаныс» әлгі үш нөмірдің иелеріне қоңырау шалып мазалайды. Бірақ соңғы жылдары біздің елде де кредит беруге біраз талапты күшейтті. Қайтару қиын соғатынын білсе, бас тартады. Оның бір себебі, Елбасының Ұлттық банкке проблемалық несиелерді барынша азайту туралы тапсырмасы да әсер етті деуге болады. Бұл мәселеге, әсіресе, Ұлттық банк төрағасы болып тұрғанда Қайрат Келімбетов айрықша мән берді. «Кредит бергеннен кейін банктер, ең алдымен, ол кейін қайта ма, жоқ па, соны дұрыстап анықтағаны дұрыс. Тәуекел менеджменті дұрыс жұмыс істеуі тиіс», деген еді ол бір сұхбатында. Бас банк 2016 жылы «жұмыс істемейтін» қарыздар ауқымы 10 па­йыздан аспауы тиіс деп мәлімдеді. Осылайша, банктерге қайтарылмай жатқан қарыздарды қайта қарап, ал берілетін қарызды да абайлап беруді тапсырды. Бірақ бұл банктер қарыз беруді тоқтатты деген сөз емес. Олардың негізгі табысының бөлігі осы қарыз берудің пайызы арқылы түсетінін ескерсек, бәрібір қарыз беруді жарнамалауды тоқтатпақ емес.

«Ғажайыпқа» сеніп жүрсіз бе?

Тіпті, қай банкті алсаңыз да, жарнамасы жер жаңғырып тұрады. Құдды қайтарымсыз ақша беретіндей айқайлайды. «Жарқын жаққа жетелейді», «Қиыншылықтан құтыл» дейді. Әйтеуір халыққа «жандары ашығыш». «Біздің мақсатымыз – жедел түрде ақшаға мұқтаж болған тұтынушыларға көмек көрсету», дейді. Бірақ қазір ғажайыпқа сенетін заман емес, еңбек еткен ғана емерін түсінетін кез келген. Неше жерден қу, жылпос, пысықай адам болсаң да, еңбексіз ештеңе келмейді, оңай олжа жолда жатқан жоқ. Банктердің өзі кредиттің өзін кімге беретінін біле бастады. Ай сайын жалақы алып, зейнетақы қорына жарнасы үзіліссіз түсіп отырған адамға өздері-ақ телефон шалып, «Сізге несие алудың зор мүмкіндігі бар, төлқұжатыңызбен ғана келсеңіз болды, кредит береміз», дейтінді шығарды. Әрине, ұсыну олардың міндеті, ал аласыз ба, жоқ па, ол – сіздің шешіміңіз. Бастысы, оны есесіне еселеп төлейтініңізді естен шығармағайсыз! * * * Айтпақшы, сөзімнің басында айтқан інішек ақыры банкке барыпты. Қымбат телефонға қарыз сұраса керек. Бірақ банктегілер кредит беруден бас тартқан. Ал оның банкке өкпесі қара қазандай, бейнебір бауыры бетін қайтарғандай қатты ренжіп отыр. Басында менің «қымбатын қайтесің, одан да ай сайын ақшаңды үнемдеп жинап, қалтаң көтергенін алсаңшы», дегенімді жақтырмаған еді, ал бұл жолы «ойпырым-ай, кредит бермегенге кейігені несі?!» дедім де қойдым. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».