• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Археологиялық артефакттер

706 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты қатысуымен елорда­дағы Ұлттық музейге Отырар және Құ­лан қала­шықтарында табылған архео­логиялық олжалар топтамасы табысталды. Археологиялық жәдігерлерді музейге тапсыру рәсімінде Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі, белгілі ғалым Карл Байпақов мәдени құндылықтардың рөлі мен маңызы туралы ойларымен бөлісе келіп, мұндай тартулар өткен тарихымыз бен мәдениетімізді мейлінше терең танып-білуімізге мол мүмкіндік туғызатынын айтты. «Еліміздегі ең ірі музей қорын тарихи көне археологиялық мұ­ралармен толықтыру акциясына қа­тысқаныма шын жүректен қуа­ныш­тымын. Сондай-ақ, бұл бас­тама мұнымен шектелмейді, осы бағыттағы жұмыстар мұ­нан кейінгі уақытта да үз­діксіз жалғаса беретін болады. Расында да, мына жәдігерлердің барлығы өте құнды дүниелер болып табылады. Бұл – біздің көпжылдық еңбектеріміздің нәтижесі. Сол се­­­­беп­ті, көпшіліктің на­за­рына шын ықы­ласымызбен ұсы­нып отырмыз. Ал­дағы уақытта осы музей­де Отыр­ар қалашығының алып қабырғасының макетін таныстырамын. Ол қабырғаның тарихи ма­ңызы өз алдына бөлек әңгіме», – деп атап өтті ғалым көрменің ашылу сал­танатында. Археологиялық зерт­­­теу жұмыстарын жүр­гізу нәтижесінде қол жеткізілген тарихи мұралар ХІ-XV ға­сыр­­лар ара­лығында­ғы өркениеттен сыр шер­­­теді. Олардың ішінде Отырардан табылған қола қоңырау, керамикалық шамшырақ, қола жебенің ұшы, жартылай бүтін шырақ, тостағандар мен түрлі ыдыс­тар, Құланнан жеткен жазулы табақ, кіші тұтқалы құ­мыра, сырсыз тостаған, қақпақтың тұтқасы, асықтар мен моншақ­тар, диірмен тастар, басқа да бұйымдар бар. Ұлттық музейдің директоры Дар­хан Мыңбай археологиялық ескерткіштердің ұлт тарихының дамуына есепсіз үлес қо­сатынын айта келіп: «Осы уақытқа дейін үш қалада өткізген акциямыздың нәтижесінде 1305 тарихи экспонат жи­настырдық. Бұл – жеке адамдардың Ұлттық музейге тарту еткен дүниелері. Ен­ді оның бәрін ғы­лыми ай­налым­ға енгізу жолында жұмыс жүр­гізіп жатырмыз. Осындай шараға Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты да өз үлесін қосып отыр. Музейдің қо­рына өте құнды жәдігерлерді табыс­тап отырған Карл Байпақов, Андрей Хазбулатов сынды ғалымдар өзгелерге де үлгі болса дейміз... Бұған дейін де, әрине, көптеген музейлер ашылды, орасан жұмыстар атқарылды, алайда, олардың ғылыми орталық ретінде құлашын кең жаюына мүмкіндік болмады. Ал, қазіргі таңда Ұлттық музейдің орнығуымен музей саласында жаңа бір кезең басталды. Және осы жағдайды, Тәуелсіздіктің мүмкіндігін пайдаланып, Ұлттық музейдің қорын толықтыра беруге тиіспіз» – деді. Ұлттық музей қорына тапсырылған археологиялық қазыналар көп ұзамай экспозициялық залдарға қойылып, музей қонақтарының назарына ұсынылмақ. Шара соңында Карл Байпақов қо­нақ­тар назарына «Жібек жо­лының ескерткіштері: Тянь-Шань дәлізі» тақы­ры­бында тағылымды дәріс оқыды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретте: Құланнан табылған қазыналар.