• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Жақсы аға

747 рет
көрсетілді

Алматыдан Астанаға аттанарда қоштаса барғанымда қолымды босатпай, тесіле қадалып ұзағырақ тұрып қалып еді Есмұхамбет аға, ардақты Есағам. Сірә, білген екен-ау, соңғы көрісу екенін. Осыдан 50 жыл бұрынғы бала шағымыз, мектеп қабырғасындағы оқушы кезіміз еске түседі. Біз оқыған Қарашілік ауылының он­жылдық орта мектебі Зеренді ауда­нындағы ана тілімізде білім бере­тін бірден-бір үлкен білім ордасы болатын. Осы білім ордасынан талай атпал азаматтар да түлеп ұшқанын кейінгі өмірде көріп те жүрміз. Мектеп қабыр­ғасында жүргенде біздің де жүре­гімізде өлеңнің оты жанып, әдебиет­ке деген ынтамыз оянғаны анық. Қаппас Нұрмұхамедов есім­ді әде­биет пәнінен сабақ беретін ұстазы­мыздан ең алғаш қазақтың заңғар ақын­дары Қасым Аманжолов, Төлеген Айбергенов туралы тағы­лым­ды әңгімелер естігенім де әлі күнге ұмы­тылған жоқ. Мектепте әде­биетке арналған жиындар өтіп, әдеби тұрғыдағы қабырға газеттері де шығып тұратын. Сірә, бесінші сыныпта оқитын кезім. Бірде менің жан дүниеме сон­шалықты қатты әсер еткен бір оқиға болды. Мектепте осы Қара­шілік ауылының тумасы, журналист-жазушы, сол уақыт­та Көкшетау облысының Қызыл­ту деген алыстау ауданын­да аудандық газеттің редакторы қызметін атқарып жүрген Есмұхамбет Айтмағамбетов деген үлкен ағамен кездесу кеші өтті. Өз жанынан әңгіме, өлең шығарып жазатын тірі ақын-жазушыны алғаш көруім. Мектептегі акт залы есебінде пайдаланылатын ең үлкен сынып бөлмесінде ине шаншар жер жоқ. Ғажайып бір әлемнің ішінде отырғандаймын. Галстук таққан, келісті киінген келбетті жігіт ағасы әдебиет туралы, журналистика мамандығы туралы, газет туралы әңгімелерін тарата айтып, ғажап дүниеге магнитше тартып баурап әкетіп бара жатқандай. Өмір жайында, туған жер мен ауыл жайында да көп толғамдар айтты. Нақты сөздері қазір есімде жоқ, бірақ сол айтқандарының суреті мен сұлбасы көкейімде әлі күнге дейін сайрап тұрғандай. Сондай да құдірет болады екен-ау. Сөз киесі деген осы шығар. «Бұлақ басында» деген әдемі әңгімесін оқығаны дәл қазіргідей көз алдымда. Өзіміз басына күнде барып жүрген бұлақ болғандықтан, бұл әңгімеде өрілген сезімдерге де қатты әсерленген сияқтымын. Алдымызда екі сағат бойы тоқтаусыз сөйлеп тұрған ағаға қарап журналист, жазушы деген осындай болады екен-ау деген ой иіріміне түскендеймін. Мен де сондай болсам екен-ау деген бір албырт арман да көкейімді қытықтап өткендей. Жиынның соңына қарай қолымды көтеріп, орнымнан тұрып: «Қалай журналист болуға болады?» деп сұрауға батылым жеткеніне әлі күнге дейін таңғаламын. Құлағы қалқайған қара балаға көп оқы, көркем кітап­тарды көбірек оқы, ізденген жетер мұратқа деген тұрғыдағы жауап та берілгені есімде. Бұған дейін космонавт боламын деп жүргенмін ғой, «Өскенде журналист боламын» деген нық ойға, балалық балғын мақсатқа дәл осы жолы бекідім. Сонда арманымды қанаттандырған Көкшетау-Торғай атырабына белгілі журналист-жазушы, сықақшы Есмұхамбет Айтмағамбетов еді. Ағамен екінші рет оныншы сынып оқып жүргенімде Көкшетауда әкемнің ағасы Әупіш атамның үйінде кездестім. Кейін байқасам, жас алшақтығына қарамастан, атам мен Есмұхамбет аға бір-бірімен қатты сыйласатын ағалы-інілідей достар екен. Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебін бітірейін деп жатқан жылым. Атам үйіне келсем, төргі бөлмеде мәжіліс қызып жатқан көрінеді. Бір әредікте Әупекең мені көрсетіп: «Әй, Есекен, осы мына біздің баланың бойында да саған ұқсаған бірдеңе бар сияқты. Өзі өлең жазып жүреді» деді. Әрине, Есмұхамбет аға менің баяғы «Қалай журналист болуға болады?» деп сұрақ қойған бала екенімді қайдан білсін. Тек «Ә-ә, солай ма?!» деді де қойды. Содан соң үлкендер өз мәжілістерін қыздырып, өз әңгімесімен болып кеткен. Бұдан соң Есағаңмен ұзақ жылдар бойы жолымыз тоғыспады. Ол кісі 70-ші жылдардың басында жаңадан ашылған Торғай облы­сының «Торғай таңы» газетіне басшы қызметке ауысып кеткенін естідік. Көп ұзамай «Құлақтың қыр­сығы» атты әзіл-сықақ әңгіме­лерден құралған тамаша сатиралық кітабы Алматыдағы «Жазушы» бас­пасынан шығып, қолымызға тиді. Дәл осы кітапты қазақ сатирасының Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметов сияқты марқасқаларының қолынан шықты десе де өз басым кәміл сенер едім. Әне, біздің Есағамыздың сатирик жазушы ретіндегі шеберлігі сонау 70-ші жылдардың басында, қамал алар 40-қа енді толған жасында сондай деңгейде еді. Өзім жұмыс істеп жүрген Көкшетаудың облыстық газетінде бүгінгі Пар­ламент депутаты, белгілі жазушы, сол кездегі жас журналист Жабал Ерғалиев жазған рецензия да жарық көріп, «Құлақтың қырсығы» кітабына тәуір баға берілгеніне де іштей марқайып қалғанмын. Есмұхамбет ағамен отыз жыл өткенде Алматыда жолықтым. Мен онда «Жұлдыз» журналында қызмет жасап жүргенмін. Бір шүкір ететінім, осы кездесуден кейін Есағаң екеуміздің арамыз бір елі ажырамады. Осы арада Есаға деген сөзге түсінік бере кетейін. Бұған дейін бір ғана адамды, көкшетаулық аяулы қаламгер Естай Мырзахметовті ғана Есаға деп атаушы едім. Енді сол қатарға тағы бір «Есаға» қосылғанына да жиырма жылдың жүзі өтіпті. Осы жылдарда ауылдас, ағайын болса да араласа алмай алыс жүріп жатбауырдай көрінген жақсы ағамыздың жан дүниесін, адами қасиеттерін жақыннан танып білгендеймін, асыл қасиеттерін анықтап көргендеймін. Есағаң 75-ті де өткерді, 80-нің сеңгіріне де шырқап шыққан еді. Ептеп сырқатқа да сыр алдырып қоятын-ды. Бірақ, қаламгерлік шабыты шау тартқан жоқ еді. Мен дәл осы жайға әрі таңғаламын, әрі сүйсінемін. Қайраты кемел кезде газет жұмысынан, жазудан қолы босамағаны онсыз да белгілі ғой. Ал енді жасы біртін-біртін ұлғая берген бертіндегі жиырма жылдың бедерінде де Есағаңның қаламында кідіріс болмағандығына өз басымыз куәміз. Оның қаламынан көптеген тартымды естелік мақалалар, эссе толғамдар, сықақ әңгімелер, шуақты өлең шумақтары бірінен соң бірі туып жатты. Жазғандары «Жұлдыз», «Таңшолпан» сияқты әдеби журналдарда, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» сияқты беделді де белді газеттерде ай, апта аралатып шығып тұрды. Кейбірінің қоржынында Есағаң дүниелері, бәлкім, әлі де жатқан болар. Есағаңның Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигел­динов, Еркеш Ибраһим, Сәкен Жүнісов сияқты белгілі тұлға­лар туралы жазған толғамды эсселерінен көп-көп тағылымдарды аңғарып, көкейімізге тоқимыз. Деректі хикаятпен барабар. Есағаң жазбаларындағы ел, ауыл сурет­тері қандай десеңізші. Біразын естігенбіз, біразының шет жағасын өзіміз де көргенбіз, ауылдың небір данагөй қарттарын, тағдырлы адамдарын, ауыл өмірін шыншыл суреттеп, асқақтата жазды. Ауылға деген бір сағыныш сезімін оята толғады. Есағаң қаламынан туған ел суреттерінің ғибраттары кімді де болса толғандырғандай, толқытқандай. Бұл кісінің жазу мәнеріндегі маржандай ызылған мінсіздік, су жорғадай тайпалған шеберлік әр қаламгерде бола да бермейді. Өзінің әсте жалғандыққа бой ұрмас көркемдік кредосы бар. Есмұхамбет Айтмағамбетовтің қаламгерлік қырлары оның бұдан бұрын шыққан «Құлыншақ», «Ей, жаңа күн», «Сен ғана» кітаптарында айқын танылған еді. Өткен жазда шыққан соңғы кітабынан да шау тартпаған шығармашылық шабытты көріп қуанған едік. ...Әттең, дүние!.. Айналдырған сырқат алып жүре береді арамыздан. Оған да қырық күн болып қалды. Сабыр етуден басқаға шамамыз келмес. Роза жеңгемізге де соны айтамыз. Шүкір, арты жақсы. Ұл-қыздары ержетті, өмірден орындарын тапты. Сәбиті мен Арыстаны өзінің ізін басқан белді журналис­тер. Ұмыттырмас ұрпағы бар. Бұл дүниеде біз де Есағамызды естен шығармаспыз.  Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».