• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Атқарылған істер ауқымды, атқарылатыны да аз емес

241 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат­ комитетінің төрағасы Роман Василенко біздің өтінішіміз бойынша былтыр өткізілген маңызды сыртқы істермен қатар, биылғы жылдың алты айында атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді. Атқарылған маңызды істердің қатарында Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болғандығы үлкен табыс ретінде аталды. Армения мен Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі туралы келісімшарттың күшіне енуі де маңызды қадам болған. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Астанада өткен V съезі де ма­ңызды істер қатарында көлденең тартылды. Қазақстанның 20 шетел азаматтарынан 2015 жылдың 16 шілдесінен бастап 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімге Қазақстанда 15 күн болған уа­қыт аралығында ешқандай виза талап етілмейтіндігі туралы ше­шім қабылдауы да маңызды істер­дің қатарына жатқызылған. Бұл еліміздің халықаралық аре­надағы беделін өсіре түскен ма­ңызды қадам екендігі айтылды. Қазақстан мен МАГАТЭ ара­сында байытылмаған уран қал­дықтарының банкін елімізде құру туралы келісімге қол қоюы да өткен жылдың маңызды сыртқы істер жаңалығы болып табылады. Әрине, Елбасы Н.Назар­баевтың БҰҰ-ның 70 жылдық мерейтойына арналған 70-сессиясына қатысып, сөз сөйлегені мен онда әлемдік проблемалар бойынша бірқатар жаңа бастамалар көтергенін Сыртқы істер министрлігі ең маңызды істердің қатарына қосты. Сонымен қатар, БҰҰ Бас Ассамблеясының біздің Мемлекеттің басшысы көтерген Ядролық қарудан азат бейбіт өмірге қол жеткізу туралы жалпыәлемдік декларацияны қабылдауы да ведомствоның былтырғы жылғы үлкен табы­сының бірі ретінде аталды. Сонымен бірге, Елбасы Н.Назар­баевтың Қытай, Ресей, Ұлы­британия, Франция, Иран және т.б. елдерге жасаған ресми сапарларын дайындау да маңызды істер қатарында болғаны айтылды. Сол сапарлар барысында елімізге 60 млрд. доллардан артық инвестиция тарту туралы келісімдерге қол қойылды, деді Р.Василенко. Жыл аяғына таман қол жеткізілген үлкен табыс – Қазақстанның Еуроодақпен 29 сала бойынша әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойғаны да сыртқы саясат ведомствосының үлкен табысы ретінде аталды. Сондай-ақ, өткен жылы Қа­зақстанға Түркия, Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Жапония, Украина, Ресей басшыларының ресми сапармен келіп, табысты келісімдерге қол жеткізілгені де дипломатиялық табыстар екендігі ретінде аталып өтті. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында болатын маңызды халықаралық істердің қатарында ЭКСПО-2017 көрме­сіне қатысушылардың 2-ші жи­на­лысының ақпан айында болатыны және жоғары деңгейдегі бірқатар сапарлар жасалатыны айтылды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».