• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Оңтүстікте «ақылды аймақ» кластері құрылады

298 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкенттегі «Түркістан» сарай­ында өткен жылды қоры­ты­н­­дылап, биылғы жылы атқары­латын жұмыстар бойынша халық­қа есеп берді. Алдын ала озып айт­сақ, өткен жыл жемісті болды. Жетекші сала – өнеркәсіп бо­йынша 668,5 млрд. теңгенің өні­мі өндірілді. Осыны бұрнағы жыл­мен салыстырсақ, бақандай 64,5 млрд. теңгеге артық. Яғни, алға даму бар, республикалық көрсет­кіш бойынша облыс бесінші орын иемденіп, кеуде қатарда келеді.  Облыс басшысы Бейбіт Атам­құ­лов­тың есебінен кейін сұрақтар көп қой­ылды. Өз үйінің төңірегінен ұзамайтын кәкір-шүкір емес, қалың елге пайдасы тиетіндей сауалдар көлденең тартылған. Алғашқы сұрақ иесі сарыағаштық Жалғасбай Бөкебаев ақсақалды «Қапланбек» кеден бекетінің жанындағы «Темірхан» мал базарының жағдайы мазалайды екен. Қазақстан мен Өзбекстан шекара бекетіндегі халықаралық дәлізден өткен адамдардың көретіні бауы шуына оратылып, мал қиының исі төңіректі сасытқан базар. Ұлтқа намыс, елдікке ұят. Осы базарды қала сыртына шығаруға болмай ма?! Бейбіт Бәкірұлы толымды жауап қайтарды. Жақында Сарыағаш қаласында іссапарда болғанда «Қапланбек» кеден бекеті жұмысымен жақын танысқанын айтты. «Темірхан» мал базары жақын аралықта сыртқа көшіріледі. Екі ел арасындағы халықаралық бекетте бұдан басқа да атқарылатын шаруалар жеткілікті екен. Жан-жағы абаттандырылып, ағаш көшеттері мен гүлдер егілмек. Сол жердегі көпір кеңейтіліп, қызыл сызық үстіне орналасқан шағын дүкендер алынады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы қаралып жатыр. Өйткені, халықаралық кеден бекеті – екі мемлекет арасындағы алтын көпір, мемлекеттің келбеті, беделі танылатын аймақ. Әрбір қойылған сауалдарға осындай тұшымды жауаптар қайтарылды. Бейбіт Бәкірұлы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 344,6 млрд. теңгеге артып, өткен жылғымен салыстырғанда 3,5 пайызға өскендігін жеткізді. Сондай-ақ, республикада мақтаның өнімі бойынша 100 пайыз көрсеткішті Оңтүстік Қазақстан облысы беріп отыр. Ал, бақшаның өнімі бойынша 65 пайыз, жеміс-жидек 36 пайыз, жүзім 65 пайыз күн шұғылалы Оңтүстікке тиесілі. Жалпы, атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, республикада алдыңғы орындарды иеленіп келеді. 2016 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталған аймақ басшысы барлық жұмыстар Елбасының халыққа Жолдауы аясында және Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт Жоспары – 5 институттық реформаны іске асырудың «100 нақты қадамын» жүзеге асыру шеңберінде іске асатынын айтты. Мәселен, облысқа тек өткен жылы 143 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 58 жаңа жоба іске асырыла бастады. Олардың үштен бірі шетелдік инвесторлардың үйлесіне тиеді. Ал, жалпы өңірге бүгінгі таңда шетел капиталынан 48,3 млрд. теңге инвестиция тартылса, болашақта шетел инвестиция­сынан бөлек, отандық кәсіпкерлерді де тарту көзделіп отыр. Инвестиция тартудың тағы бір тетігі – индустриялық аймақтар. Өткен жылы қосымша 3 индус­трия­лық аймақтың құрылысы аяқталып, осы жылы тағы 5-уін іске қосу жоспарлануда. Сонымен, өңірде жалпы 11 индустриялық аймақ құрылып отыр. Осы аймақтарда инвестиция көлемі 145 млрд. теңгені құрайтын 142 жоба ма­құл­данып, олардың 50-і толық іске қосылған. Елбасы Оңтүстікке келген сапары­ның бірінде «Шағын және орта кәсіп – эко­номиканың тіні. Оны қалай өрісте­тудің жолын Оңтүстіктен үйрену керек», деген болатын. Облыс басшысы ауыл шаруашылығын дамыту жұмысы бес бағыт бойынша өрбитінін айтып, әр қала мен ауданда атқарылатын жұмыстарды жілік-жілігімен таратып берді. XXI ғасыр – жаңа технологиялар заманы. Демек, өмірдің қай саласына болсын инновацияларды енгізу – уақыт талабы. Сол себепті облыста «Ақылды аймақ» кластерін құру қажет. Яғни қоғамның әр саласына, әсіресе, әлеуметтік салаға IT-технологияларын көптеп енгізу керек. Соның бірі – «Smart Ontustik» жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Болашақта «Smart Ontustik» жобасы арқылы жер телімдерін ресімдеу, баланы балабақшаға кезекке тұрғызу, баланың денсаулық паспортын жүргізу сияқты мәселелерді жеңілдетуді. Сол секілді, тұрғын үй-коммуналдық сала, көлік, денсаулық сақтау салалары бойынша халықтық бақылау орнатуға мүмкіндік туғызылады. Тағы бір технологиялық жаңалықтың бірі – «Ашық әкімдік» жобасы. Бұл жоба 3 негізгі бағытты құрайды. Біріншіден – әкімдік тарапынан қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету. Екіншіден – барлық мемлекеттік қызметтер болашақта толық автоматтандырылған болуы қажет. Үшіншіден – жақын болашақта электронды қызметтердің порталы жасақталатын болады. Бұл әкімшілік кедергілерді жойып, халыққа барлық мемлекеттік қызметтерді ашық және кедергісіз алуға мүмкіндік туғызады. Мұның барлығы жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлықты жою мақ­са­тында жасалмақ, деді өңір басшысы. Есеп беру жиынында сөз алған аза­маттар облыс басшысы Бейбіт Атам­құлов бастаған әкімдік жұмысына жақсы баға беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.