• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Медициналық қондырғылармен қамтамасыз етті

280 рет
көрсетілді

Бүгінде Жарма ауданындағы Әуезов ауылы тұрғындарының денсаулы­ғын сақтауға қолайлы жағдай жасалған. Елді мекеннің тұрғындарына енді орта­лыққа қарай, яғни Өскемен мен Семей қалаларындағы медициналық мекемелерге немесе аудандық ауруханаға жүгінудің аса қажеті жоқ. Әуезовтіктер уақыт пен қаражат шығындамай-ақ, туған ауылдарында дәрігерлік тексеруден өте алады. Қазіргі кезде ауыл амбулаториясында құны 3 миллион теңге тұратын қан құрамын тексеруге арналған құ­рал-жабдықтар мен көз тонометрі бар. Жуырда аталған медициналық аппараттар Жарма ауданы әкімдігі мен «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС арасында бекітілген әлеуметтік-экономикалық меморандум шеңберінде амбулаторияға сыйға тартылды. Соның арқасында Әуезов тұрғындары өзге елді мекендерде кездесе бермейтін MicroCC-20 Plus гематологиялық автоматты анализатор аппараты мен СОЭ-метр ПР-3 құралы арқылы қан құрамын тексеруге арналған және ИГД-02 «ПРА» маркалы көз ішіндегі қысымды тіркейтін көз тонометріне ие болды. Құнды сыйлықтарды дәрігерлік медициналық компания жетекшілері салтанатты түрде табыс етті. – «Полиметалл» компаниясы кәсіпорын қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жайлы тұрмыс кешуі үшін қолдан келген көмекті аянып қалмайды. Айталық, 2014 жылы дәрігерлік амбулаторияға науқастарды жедел ауруханаға жеткізуге және бастапқы медициналық көмек көр­сетуге арналған жедел жәрдем көлігін тар­ту еткен едік. Ал 2015 жылы компания жетекшілігі амбулаторияның сыртқы қасбетін жөндеуден өткізу және заманауи қажетті құрал-жабдықтар сатып алу жөнінде шешім шығарды, – деді Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының бас директоры Юрий Овчинников. Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сы­ды­қов «Полиметалл» компаниясының қарапайым ауыл тұрғындарына жасаған көмегін жоғары бағалап, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қоса берулеріне тілектестігін білдірді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы.