• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Жарқыраған жаңа мектеп

435 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы «Сая­­­жайлар» шағын ауданында ашыл­ған №37 мектеп, айтары жоқ, жарқырап тұр. Екіншіден, бұл мектеп қаланың шеткі жа­ғында орналасқан. Қазір бұл ауданда да еңселі биік үйлер бой көтеруде. Шағын ауданның балалары аралас мектептерде, басқа қазақ мектептерінде білім алып жүрді. Енді олар сыныптарымен және сынып жетекшілерімен осында келді. Бұл жақта тұратын ата-аналарға қайта жақсы болды. Бұрын қазақ тілінде білім алсын деп балаларын орталыққа апаратын еді. Үш қабатты зәулім мектептің құрылыс жұмыстарына респуб­ликалық және облыстық бюджеттен 2 млрд 134 миллион теңге бөлінді. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 1200 оқушыға арналған қазақ тіліндегі мектеп Екібастұз қаласында да ашылмақ. Қазіргі заман талабына сай бой көтерген мектепте 51 оқу кабинеті, яғни информатика, физика, биология, химия кабинеттері арнайы құрылғылармен жабдықталған. Кітапхана, асхана, спорт залы бар. Ауласында спортпен шұ­ғыл­дану үшін түрлі алаңдар жа­сақталған. Алдағы қыркүйек айын­да тағы 500 оқушымен толық­пақшы. Жаңа мектептің директоры Ләйлә Жүнісованың айтуынша, бұл қазір білім алып жүрген 700 оқушының қатары толығып, оқу бағдарламасы да ерекше болмақ. Ерекше делінетіні – жаңа мектепке біліктілігі жоғары ұстаздар таңдап алыныпты. Әрбір негізгі пәндер бойынша санаттары жоғары және «Кембридж» бағдарламасы бойынша білім сапасын арттыру курсы деңгейінің серти­фикатының иегерлері атан­ған мұғалімдер сабақ береді. №37 мектеп облыста өткен жылы пай­далануға берілген 5-ші жаңа мектеп. Бұған дейін Шарбақты, Қызылағаш, Кенжекөл ауылдары мен Қалқаман кентінде жаңа мектептер ашылды. Құрылыс жұмыстарын павлодарлық «Таза-Стар» серіктестігі жүргізді.  Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР. Суреттерді түсірген Валерий БУГАЕВ.