• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Тарих халықтың киелі кітабы

648 рет
көрсетілді

«Ақиқат, шындық дейтін бар, бірақ ол үнемі кешігіп жүреді» (Бауыржан Момышұлы). Бұл ұлт тарихына да қатысты. Ақиқат кешіккен жерде көп түйткіл қалады. Бірақ оны уақыт толқыны, заман көші шаңын қағып-сілкіп ашпай қоймайды. Қазақ жұрты осыны қазір бастан кешіп отыр. Қилы замандардағы түйткілдердің түйіні шешіліп, тиегі ағытылу үстінде. Арқасүйер бүдірі жоқ деп келген бұратана ел – осы күндері бүтін ел екенін көрсетуде. Байтағында өркениетті өмір болғанын, қала салып, алтын ұстағанын, жақсысын сол алтынмен аптап жер қойнына бергенін кейін біліп жатырмыз. Оны Тәуелсіздікке дейін аңқаусығандар аңыз деп сендіргілері де келген. Әйтсе де, ақиқат ондай қитұрқы қылықты серпіп тастап отырды. Зиялы жұрт оның рас екенін дәлелдеп, дүрмекпен жүргендерге дүре соғып ұқтырмаса да, суыртпақтан жіп суырғандай түсіндіріп жүрді. Енді қарап отырсақ, бәрі де айдай ақиқат екен. Осы секілді ұлтқа керек ақиқатты жалтарып, жалтақтамай турасын айтып келе жатқан азаматтардың қатарында белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлы да бар. Ғалым зұлмат жылдары телім-телім болған қазақтың бір өкілі ретінде іргелес жатқан Моңғолия жерінде туып-өсіп, сол елдің соңғы ғасырлар тоғысындағы қалыптасуына, нақтылай түссек, мемлекеттің жаңа атауын алуы­на, дәуір талабына сай қабылданған Ата Заңына білім білігімен үлес қосып, авторлар қатарынан табылып, беделінің артуы – халқымыздың қашанда қарым-қабілетінің мықты екенін танытқаны анық. «Тағдыр-ай десейші, мен ұлтым да, ұраным да қазақ бола тұра...», деп басталатын естелігінде, «...ойын балаларының ішінде жүргенде-ақ жат екенімді сезіне бастадым. Балалар мені «Хасаг» деп, басқаларын өз аттарымен шақырады. Менің де өз атым бар емес пе десем: «сенің атың біз үшін шақыруға қиын, айта алмаймыз дейді», деп Тәңір жарылқап Қазақ елі азаттығын алғанда, «Ел Тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылғы 16 желтоқсанды өмірімнің ең шуақты күні деп санаймын. Барлық жақсылық осы күннен басталады. Тәуелсіздік ұлт өміріне көптеген жаңалықтар әкелді. Біз келген көш те осы тәуелсіздіктің төл туындыларының бірі. Уақыттың бізге берген мүмкіндігі. Мұндай оқиғаға тұлға болмай-ақ, куә болғанымыздың өзі бір бақыт», деген ғалым өзге елдегі жайлы орнын, жақсы тірлігін, лауазымды қызметін – бәрін де ысырып тастап атажұртына табан тірепті. Содан ұлт тарихының қатпар-қатпар ақтаңдақтарын саралауға өзіндік байлам пайымымен, қарым-қабілетімен, тегеурінді терең білімімен желікпей, желпінбей, асып-таспай нақты түйіндерге табан тіреп, саптағы сарбаздай үлес қосып келе жатқанына куәміз. Қазақ тарихын түп тамырынан түгендеп, бұрмаланған тұстарын бұлтартпайтын дәйектермен таразылай отырып қыруар еңбектер жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлын әңгімеге тартқан едік. – Сіз кәсіби тарихшы болған соң әңгімеге төтесінен келіп, тарих толқындарынан бастасақ. Тарих деген не? Және шын тарих пен өтірік тарихтың ара жігі қандай? – Механика ғылымы (Архимед) ІІІ ғасырда, алгебра (Әл-Хорезми) ІХ ғасырда пайда болса, тарих – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан ежелгі ғылым. Олай болатыны, тарих – халықтың өз өмірбаяны, өткен мен қазіргінің арасындағы үзілгенді жалғап, бір-бірімен тілдестіретін құрал. Тарих дегеніміз – халықтың болмыс, тірлігінің айнасы, өмірінің өшпейтін ізі, ата-бабалардың ұрпаққа қалдырған өсиеті, естіге қалдырған естелігі, келешекке тағзым қағидасы іспетті халықтың нағыз киелі кітабы. Бұл миссияны тарихшы қауым атқарады. Тарихшының қолындағы басты қаруы – дерек. Тарихшы әуелі өзі емес, деректі сөйлету керек. Ол үшін тарихшы ғасырлар қойнауындағы қорымдарды қазып мәйітке қол тигізеді, тау-тасты аралап ата-бабалардың ізін шалады, архив ақтарып өткенмен де, қазіргілермен де тілдеседі, қолға түскен материалдарды анализ, синтез арқылы сараптан өткізіп логикалық ой түйеді. Тарихтың объективтік факторларын субъективтік факторлардан ажыратуға тырысады. Тарихшы бір деректің жетегінде кетпей, оны басқадай ондаған деректермен салыстырып шындықты ажыратуға міндетті. Осындай қыруар еңбектен тарих туады. Ал тарихтың қыр-сырын игермеген адамға тарих жазу оңай шаруа сияқты көрінеді де, көңілінде жүрген қиял-хикаяларын қиналмай-ақ жаза береді. Осыдан келіп жалған тарих жасалады. Жалған тарих өтірігімен-ақ шын тарихтан өзгешеленіп тұрады. Тарихи деректермен етене таныспаған, тарихи методология, ғылыми этиканы меңгермеген авторлар өз жазғанынан өзге «шындықты» мойындамайды. Олай емес десең, айқайға басып, қолдау іздеп жоғары, төмен хаттар жазады, ақыры адамдардың жеке басына тиісе бастайды. Өйткені, қолында көлденең тартар аргументі, дерегі жоқ. – Сонда не істеу керек? – Менің ойымша, олармен айтысып жатудың қажеті жоқ. Уақыт тезіне қалдырсақ, ертең-ақ тарих шаңына көміліп қалып қояды. – Қазір ата шежіресін жазушылар көбейді. Оларға тарихшының көзқарасы қалай? – Әрине, шежіренің жөні басқа. Әркім-ақ ата шежіресін жазуға құқылы. Шын шежіре жалпы ұлттық тарихқа жүк бола алады. Әлем елдерінде шежіресін ұрпақтан-ұрпаққа мың жыл жалғап келе жатқан әулеттер кездеседі. Сол сияқты біздің шежірешілер де жазғанын баспаға ала жүгіруге асықпай байыптап, сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жалғап беріп отырса, ол жылдар өте келе тарихтың құнды материалына айналады. – Зардыхан Қинаятұлы, өзіңіз тарихи білімді қайдан алдыңыз? Тарихтың қай саласымен айналысасыз? Басты еңбектеріңіз? – Мен Моңғолия мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірдім. 1987 жылы Мәскеуде тарихтан докторлық диссертация қорғадым. Моңғолияда жүргенде тарихтың теориялық мәселелерімен айналыс­тым. Қазақ, моңғол, орыс тілдерінде жарық көрген 15 монография, 200-ден аса ғылыми мақалаларым бар. Атажұртқа оралған соң (1994 ж.) Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қабырғасында Қазақ мемлекеттілігі тарихымен шұ­ғылдандым. Осы тақырыпта үш жобаға жетекшілік еттім. Нәтижесінде 2006 жылы қазақ және орыс тілінде «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты алғашқы монографияны жарыққа шығардық. Өз басым көбінесе Ақ Орда мемлекетінің тарихы төңірегінде зерттеулер жүргіздім. Жобаға жас тарихшылар да қатысты. Ақ Орда мемлекеті туралы монографиялық үш еңбегім жарық көрді. Жас ғалым Қанат Өскенбайдың монографиясы Қазан қаласында басылып шықты. Нәтижесінде, Ақ Орда Қазақ мемлекеттілігінің алғашқы үлгісі (прообраз) деген концептуальдық ғылыми пікір қалыптасты. Қазақтың жер аумағы, этникалық қазақ қауымы, әскери-саяси құрылымы, билік динас­тиясы Ақ Орда дәуірінде қалыптасты. Әскері Алаш мыңы, мемлекеті Алаш ұлысы, ханы (Орыс хан) Алаш ханы атанған тұстары бар. Ақ Орда Алтын Орданың қарашаңырағы, сондықтан оның еңсесі қашанда Алтын Ордадан да биік тұрады. Л.Н.Гумилев «Золотая Орда была химерой, тогда как Белая Орда стала ядром образования нового самостоятельного этноса Казахстан», деп бекер айтпаса керек. – Ақ Орда мен Қазақ ханды­ғы­ның тарихи байланысы қандай? – Тікелей. Екеуін бір мемлекет деуге болады. Қазақ хандығы араға 30-40 жыл салып Ақ Орданың шаңырағын қайта көтеруі болып табылады. Керей мен Жәнібек хандар Орыс ханның шөберелері. Халқы – сол алаш-қазақ жұрты. Саяси, әскери, мәдени құндылықтары бір-бірінен үзілмей жалғасып жатыр. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткеніміз игі шара болды. Ендігәрі қазақта мемлекет болмаған деп ешкім айта қоймас. Бірақ Қазақ мемлекеттілігінің бастауын Ақ Орда, тіптен үйсін, қаңлыға дейін жалғастырып қарастыруға мүмкіндік бар. Бұл келешектің ісі. – Қазақ хандығының 550 жыл­дығы тойланды. Рух көтерілді, ұлт сергіді. Бірақ қазақтың өткенге кеткен есесі көп. Сол кеткен есесін Мәңгілік ел болып қайтарамыз деп жатырмыз. Бұл туралы сіз не дейсіз? – Ұлттың, халықтың өсу, өрлеу немесе құлдырау кезеңдері болады. Ұлттың өрлеу кезеңі басталғанда қайтып құлдырамайтындай көрінетін бір оптимистік сезім пайда болады (бұл Л.Н.Гумилевтің сөзі). «Мәңгілік» деген осындай бір өр кезеңнің туындысы. Әлемде бұл туралы дерек көп. Утопист Т.Кампанелла өзінің «Күн қаласының» мәңгілігіне сенген. Римдіктер шарықтап тұрған шағында өз астанасын «Мәңгілік қала» деп қақпа тұрғызған, ал көктүрктер өз мемлекетін «Мәңгі ел» деп атады. Бірақ, өкінішке орай, мұның бәрі де мәңгілік бола алмады. Алғашқы түрк қағанаты бар-жоғы 78 жыл (552-630 жж.) салтанат құрды. Гитлердің мың жылдық рейхінің тағдыры тоғыз жылда аяқталды. Бүгін Рим қайда? «Күн қала» қайда – бәрі де жоқ. Өйткені, әр нәрсенің бастауы, шарықтауы және құлдырау шегі болады. Бұл деген танымдық, диалектикалық заңдылық, оны айналып өту мүмкін емес. Ендеше, мәңгіліктің кілті – ұлт болып ұйысуда, болаттай берік бірлікте, алауыздықтан аулақ жүруде, жұмған жұдырықтай болып топтасуда деп білемін. – Біз қазақ өркениеті дегенді көп айтамыз. Қазақ өркениеті қайсы десе мынау деп нақты бір ұғыммен айтар дәлеліңіз қандай? – Б.з.д. VІІ ғасырдан б.з. ХІІ ға­­сы­рына дейін қазақ даласы ба­тыстан-шығысқа, шығыстан-батыс­қа жылжыған ұлы көштердің трансэтникалық алаңы болды. Аталған кезеңде бұл далада түрктік 16 ұлыс, ел салтанат құрды. Барлығы да осында өз мәдениетін жасады. Алтын, күміс, қола ақшалар соғылды. Зәулім сарайлар, мешіт, медреселер салынды. Жазу мәдениеті дамыды. Қазақстан қазір осы өркениеттің жалғыз мұрагері. Археологиялық қоры жағынан Қазақстан алдыңғы елдердің қатарында. Сақ дәуіріне жататын алтын адамдар бірінен кейін бірі табылып жатыр. Алтай, Жетісу, Шу, Талас, Сыр бойы ерте және орта ғасырлардың жерасты музейі іспетті. Суяб, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Сауран, Мерке қатарлы 70-тен аса ірі қалалардың орны жатыр. Мұның бәрі де қазаққа тиесілі. Ал ХVІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ мәдениеті жауһарларының алдыңғы қатарына мен қазақтың жыр дәстүрін жатқызар едім. – Осыларды біз халықтың тарихи санасына сіңіре алдық па? Тарихи сана, тарихи жад деген не? – Ой, сана – танымның белсенді элементтері. Тарихи сана деген тарихи білімнің сүзгіден өтіп адам санасында жинақталған ой пікір. Оны еске сақтауды жад дейді. Тарихи сана адамдарды алға жетелейді, өзін және ұлтын танып білуге ықпал етіп отыратын тұрақты құрал. Оны адамдардың жадынан шығару оңай емес. Кеңестік идеология адамдардың ұлттық, тарихи санасын жадынан шығару үшін адамдардың санасына коммунистік трансформация жасады. Нәтижесінде ұлтын ұмытқан мәңгүрттер пайда болды. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетінде» өзінің атын, затын ұмытқан ұл желмаяға мінген анасын танымай, оны атады. Сонда желмаясынан құлап бара жатқан Найман ана: «Қайдан шыққаныңды, өз атыңды ұмытпа! Әкең сенің Дөненбай, Дөненбай!» деп ақыр демі түгесіледі емес пе! Кеңестік идеология біздің халықты тура осындай халге душар етті. Тек қазақтың қаймақтары алаш­ордашылар өлім жаңғырығына кетіп бара жатып «Алашым, Қазағым, қазақтығыңды ұмытпа!» деп артына ұран тастап кетті. – Алаш демекші, биыл Алашорда қозғалысына 100 жыл, Алаш көсемі Ә.Бөкейханның туғанына 150 жыл толады. Алаш туралы пікіріңіз қандай? – Алашорда қозғалысы жай бір бас көтеру емес. Алашшылар бұл қимылға саяси терең білім, теориялық дайындықпен келді. Қазаққа рес­публика ұғымын осылар әкелді. Респуб­ликаның алғашқы Әнұранын жасады, ұлттық қарулы қол жасақтады. Халықты азаттыққа шақырды. Бұл Абылай орындай алмаған арман еді ғой. Бірақ біз Алаш арыстарын өз дәрежесінде ұлықтап жүрміз бе? Әй, қайдам. – Алаш ұғымы барша түрк халықтарына ортақ па? – Ортақ емес. Алаш тек қазақтық құбылыс. Алаш атауы Ақ Орда дәуірінде қалыптасқан қазақ атауының баламасы. Көктүрктер дәуірінде (VI-ІХ ғғ.) түрк аралық мықты бірлік болмаған. Ал Қожаберген жыраудың «Баба тілі» дастанындағы «алты алаш» туралы ұраны жоңғар шапқыншылығына қарсы сұрқия заманда көршілес түрк тектес халықтарды бірлесуге, көмекке шақырған ұран ғана. Онда этникалық негіз жоқ. Алаш атауы қазақ, ноғайлыда ғана бар. Ал қырғыз, татар, башқұртта алаш деген атаудың өзі жоқ. Ал «алты алаш» деп жүргеніміз Ақ Орданың әскері алаш мыңдығының ағасы алты бектің атымен байланысты (Қадырғали Жалайырға үңіліңіз). – Алаш арыстары ұлт тілі деп еді. Тәуелсіздік тұсында сол ұлт тілі кейде «өгей ұлдардың» (Ғабит Мүсіреповтің сөзі) өресіздігінен әлі де өрісін кеңейте алмай отыр-ау десек, сіз осыған не дер едіңіз? – Алда да еске салдым. Алаш арыстарының армандағандарының бәрі орындалып жатыр деп айта алмаймын. Әрине, солардың бірі – тіл. Кеңестер дәуірінің соңына қарай тіліміз өлмеші халге жетті. Егемендік алдық, енді тіліміз өз тұғырына қонады деп сендік. Бірақ ширек ғасыр өтсе де, қазақ тілі тұғырына қона алмай келеді. – Кезінде Моңғолияда лауазымды қызмет атқарыпсыз, Моңғолия демократтарының бірі екенсіз... – Сөз төркінін түсіндім. Менің Моңғолияда өткізген жеке өмірбаянымның бүгінгі қазаққа қажеті шамалы шығар. Оның бәрін айта бергім келмейді. Әрине, Моңғолияда жамандық көргенім жоқ. Бірақ мен үшін ондағы ат үстінде асқақтап жүрген сол бір жылдардан гөрі атажұртымда қазақ арасында алшаң басып жүрген қарапайым тұрмысым қымбат деп ойлаймын. Түйсігі бар адамға өз Отаның, өз еліңнен артық не бар! Мен үшін бақыт та, байлық та, құрмет те осы. Ұлтыма, жұртыма адал қызмет ету ізгі ниетім. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».