• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Сот жүйесі жетілдіріледі

314 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын іске асыруға құрылған Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің бірінші отырысының қорытындылары» атты брифинг өтті. Аталған шараға Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, Корей Респуб­ликасының «Юльчон» заң компа­ниясының өкілі Хвачжун Ли, «Бейкер и Макензи – Си-Ай-Эс, Лимитед» компаниясы филиа­лының директоры, «Шетел инвес­торларының қазақстандық кеңесі» қауымдастығының басқарма хатшысы Куртис Мастерс және Ком­мерциялық заңгерлер қауым­дастығы басқарма кеңесінің төра­ғасы Айгүл Кенжебаева қатысты. Осы жылдың 22 ақпанында Жоғарғы Соттың жанындағы Ха­лықаралық кеңестің бірінші отырысының өткізілуі Ұлт Жоспарының 25-қадамын прак­ти­калық іске асырудың көрінісі болып табылады. Бұл аталған шара шеңберінде сөз алған А.Қы­дырбаева: «Халықаралық кеңестің негізгі міндеті – еліміздің сот-құқық жүйесіне озық халықаралық стандарттарды енгізу, сот қызметі мен соттардың құқық қолдану тәжірибесіне құқықтық реттеуді жетілдіру. Кеңеске 12 қазақстандық және шетелдік беделді заңгерлер мен сарапшылар мүшелікке енді. Кеңестің құрамына қабылдау барысында кандидаттардың заң ғылымы саласындағы және практикалық қызметтегі жұмыс тәжірибесі мен беделі ескерілді. Сонымен қатар, олардың ғылыми-практикалық қызметі, түрлі халықаралық форумдарға қатысуы, жарияланымдары мен халықаралық байланыстары да назарға алынды», – деді. Сонымен қатар, А.Қыдырбаева Кеңестің бірінші отырысында қаралған мәселелер мен қа­был­данған шешімдер туралы да тоқ­талып өтті. Белгіленген күн тәр­тібіне сәйкес 2 мәселе: инвес­тициялық даулар ұғымдарын анықтаудың тәсілдері, сондай-ақ, Әдеп кодексінің жаңа жобасы қаралды. Жалпы, «Инвестициялық даулар» түсінігі 1965 жылғы 18 наурызда қабылданып, 2004 жылғы 9 шілдеде Қазақ­стан Республикасының заңы­мен ратификацияланған «Мем­ле­кеттер, басқа мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы» Вашингтон Конвенциясының 25-бабында бекітілген. Бұл – келісуші мемлекеттер мен өзге де келісуші мемлекеттердің тұлғалары ара­сын­дағы тікелей шетелдік ин­вестицияға байланысты туындайтын даулар. Азаматтық процестік кодекстің 27, 28-баптарының қағидаларына сәйкес, инвестордың мәртебесіне қарай инвестициялық даулардың соттылығы былайша жіктеледі: айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі миллион еселенген мөлшерінде инвестицияларды жүзеге асыратын ірі инвестордың қатысуымен болатын дау­лар – Жоғарғы Сотта, басқа инвесторлардың қатысуымен болатын даулар – Астана қаласының сотында қаралады. Сол сияқты олардың шағым­дануы­ның тәртібі неғұрлым жеңілдетілді: ірі инвесторлар үшін – Жоғарғы Соттағы кассациялық саты, қалған инвесторлар үшін – Жоғарғы Соттағы апелляциялық және кассациялық сатылар. Инвестициялық дауларды қарау барысында соттардың Кеңес құрамындағы ғалымдар мен мамандардан қорытынды сұрау құқығын заңнамалық бекіту Азаматтық процестік кодекстің жаңашылдығы болып табылады. Бұл отандық заңнаманың нормаларын ескере отырып, сот практикасына халықаралық тәжірибені енгізу қажеттігімен байланысты туындаған. Қазіргі заманғы сот жүйе­сіндегі тәуелсіз, тиімді сот төрелігінің негізін құрайтын маңызды құжаттардың бірі – Судьялар әдебінің кодексі болып табылады. Кодекс жобасы судьялар мінез-құлқының негізгі қағидаттарын айқындайды. Қолданыстағы Кодекс Қазақстан судьяларының 2009 жылы өткен V съезінде қабылданған болатын. Бүгінде оны жаңғыртудың және қазіргі стандарттарға сәйкестендірудің аса қажеттілігі туындады. Кодекс жобасы Судьялар мінез-құлқының Бангалор қағидаттарына сәйкес әзірленген. Ол 5 тараудан және 33 баптан тұрады. Онда «Судьялар мінез-құлқының әдеп қағидаттары», «Кәсіби міндеттерін атқару барысындағы судьялар мінез-құлқының әдеп қағидалары», «Судьяның отбасы мен тұрмыс­тағы мінез-құлқының әдеп қа­ғидалары» атты тараулар көздел­ген. Кодекс жобасында белгіленген қағидаттар мен қағидалар атқарып отырған лауазымына қарамастан, барлық судьялар үшін, сондай-ақ орындарынан түскен судьялар үшін де міндетті болып табылады. Кодекс жобасын кеңінен талқылау үшін Жоғарғы Соттың сайтына орналастырылды. Аталған Кодекс Судьялардың VII съезінде қабылданады деп күтілуде. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.