• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Уақыт талабымен үндескен

291 рет
көрсетілді

Н.Погодин атындағы об­лыстық орыс драма театрына жи­налған жұртшылық аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың дәстүрлі есебін тыңдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани даму бағдарламаларына жан-жақты қанығып, проблемалар мен келелі мәселелерді шешудің нақты жолдарымен танысты. Баяндамашы өткен жылдың қоры­тындысы бойынша экономикада оң үрдістің сақталып, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Жалпы өңірлік өнімнің нақты өсімі 856 миллиард теңгені құраған. Бюджет тиімділігін арттыру мақсатымен шығыстар оң­тай­­лан­дырылып, әлеуметтік сала ны­сан­дарының, тұрғын үйлердің және ин­женерлік-коммуникациялық инфра­құрылымдардың құрылысын аяқтауға жұмсалған. Негізгі капиталға инвестиция тарту көрсеткіші 28,4 пайызға өсіп, 154 миллиард теңгеге жеткен. Облыста агроөнеркәсіптік кешен негізгі сала болып саналады. Рес­­пуб­ликадағы өндірілетін сапалы астықтың үштен бірі өңірге тиесілі. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің көлемі 7,5 пайызға өсіп, 311,1 миллиард теңге, еңбек өнім­ділігі 14 пайызға артып, 1,1 миллион теңге құраған. Бұл салада экономикалық белсенді тұрғындарының 40 пайызы еңбек етеді. Жыл өткен сайын машина-трактор паркі жаңаланып келеді. Былтыр 14 миллиард теңгеге жоғары өнімді 1127 жаңа техника бірлігі сатып алынған. Ерік Хамзаұлы Елбасы астық өн­дірісін әртараптандыру жөнінде нақты міндеттер қойғанын айта келіп, бұл бағытта атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Майлы дақылдарды – 469,7 мың, жемазықтық дақылдарды 653,6 гек­тарға ұлғайту белгіленген. Есепті жиын­да ауылшаруашылық дақылдары тұқымдарын ауыстыру, жаңарту, аудандастыру жайына ерекше екпін түсірілді. Ерте және орташа пісу тобындағы тұ­қым сұрыптарын кеңінен пайдалану жө­ніндегі ғалымдар мен мамандардың ұсыныстарын қолдау қажеттігі айтылды. Өйткені, жыл сайын 1,5 миллион тонна астық, 150 мың тонна ұн, 200 мың тоннадан астам майлы дақылдардың жақын және алыс шетелдерге экспорт­талатынын ескерсек, мәселенің маңыз­дылығы айтпаса да түсінікті. Е.Сұлтановтың жан-жақты баяндаған бір мәселесі мал шаруашылығы болды. «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде былтыр 3,1 мың басқа арналған бордақылау алаң­дары, 1,8 мың басқа лайықталған асыл тұқымды мал репродукторлары ашылып, сыртқа шығарылған ет көлемі 969,2 тоннаны құраған. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша 10864 мал жеткізілген. Алда ет өндіруді 93 мың, сүтті 510 мың тонна, жұмыртқаны 601 миллион данаға дейін өсіру, мемлекеттік бағдарламалар аясында 13871 бас мал сатып алу мін­­­­­­дет­­тері тұр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да ай­тарлықтай өзгерістер бар. Осы сала бойынша 1 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылып, 5 жоба пайдалануға берілген. Келешекте 138 миллиард теңгеден астам инвестиция салу арқылы 60 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жалпы өңірлік өнімді қалып­тас­тыратын негізгі салалардың бірі – өнер­кәсіп. Оның өсу қарқыны елімізде 6-шы орын алумен сипатталады. Машина жасау өндірісінің көлемі 18, 4 пайызға өскен. Жергілікті тауар өндірушілер ұлттық компаниялармен 81 миллиард теңгеге ұзақмерзімді келісімшарттар жа­­сасқан. Баяндамашының айтуынша, Индус­трияландыру картасының екінші бес­жылдығы шеңберінде 100 миллиард теңгеден асатын 60-тан астам, оның ішінде биыл 4,4 миллиард теңгенің 12 жобасын жүзеге асыру белгіленген. Бұл қадамдар 500-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Тоқтап тұрған кәсіпорындардың қызметін жандандыру үшін «Қайта қалпына келтіру» жол картасы түзілген. Тізімге 13 кәсіпорын ен­­гізілген. Об­лыста 34 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп, 110 мыңнан астам адамды тұрақты жұ­мыспен қамтып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2,5 миллиард теңге игерілген. 251 кәсіпкерлік субъектінің өтінімі ма­құлданған. 145 несиенің сыйақы мөл­шерін субсидиялауға 6,8 миллиард, 65 несиені кепілдендіруге 847 миллион теңге бағытталған. Ерік Хамзаұлы жыл аяғына дейін аталмыш бағдарлама шеңберінде 1 мыңнан астам жұмыс орнын құру, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санын 36 мың бірлікке, өнім өндіру көлемін 370 миллиард тең­геге, жұмыс істейтіндер санын 115 мың адамға, сөйтіп, кәсіпкерлік үлесін 27 пайызға дейін арттыру талабын қойды. Тұрғындар алдында автомобиль жолдары және көлік мәселелері де егжей-тегжейлі қарастырылды. Олай болатын жөні бар. Ұзындығы 7530 шақырымға созылатын республикалық, облыстық, жергілікті маңызы бар тасжолдардың жар­тысына жуығы қайтадан қалпына келтіруді қажет етеді. Сол себепті болар, әкімге қойылған ауызша, жазбаша сауалдардың көбі осы жайтқа қатысты өрбіп, ағымдық, күрделі жөндеулерге қаражат бөлу сұрастырылғанын айта кеткен жөн. Жолдарды жөндеу және оны ұстау жұмыстарына 5,2 миллиард теңге бөлініп, 150 мыңнан артық тұрғыны бар 210-нан астам елді мекенді байланыс­тыратын күрежолдар жақсартылған. Биыл 360 шақырым жолды жөндеуге 5,6 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 143 шақырымдық Астана – Петропавл автомобиль жолын қай­­та жаңарту жобасы аяқталады. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қам­тамасыз етуге 4,4 миллиард теңге бағыт­талған. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 33 жоба жүзеге асырылған. 27 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жұмысқа орналастырылған. Қолданылған шаралар жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға, табысы ең төмен тұрғындардың үлесін 3,7 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берген. Есепті кездесу аяқталғаннан кейін жазбаша және ауызша сұрақтарға әкім тарапынан қанағаттанарлық жауаптар берілді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.