Партияның Алматыдағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде сайлаушылар Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Тазабек Сәмбетбаймен кездесті.
Әуелі кездесуге келгендерге Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтар түсіндірілді. Оның ішінде Қазақстанда жаңа заманға сай әлемде қалыптасқан өмір сүрудің үздік стандарттарын енгізу, өндіріс әлеуетін арттырып, инновациялық экономикаға жол ашу сияқты қазіргі заманға қажетті мәселелер қамтылғаны көлденең тартылды.
Олар жиналыс үстінде үміткерді сұрақтың астына алды. Өз кезегінде үміткер сұрақтарға хал-қадерінше жауап қайтарды.
Қаланың жаңадан құрылған Наурызбай ауданынан жеткен тұрғындар өздерінің ойларындағы көкейкесті деген мәселелерін ортаға салды. Парламент депутаттығына кандидаттан жергілікті әкімшілік кедергілердің оң шешілуіне ықпал жасауын сұрады. Жаңадан құрылған әкімшілік аумағының «Шұғыла» шағын ауданында жер дауы көрініс беріп қалып тұрған сыңайлы. Жергілікті шенеуніктер тез-ақ арада оп-оңай шешілетін тұрмыстық мәселені сөзбұйдалыққа салып, бюрократтық мінез көрсетіп отырған көрінеді.
Алматы қаласының Наурызбай ауданынан келген сайлаушының сөзіне мұқият құлақ түрген кандидат Тазабек Сәмбетбай бұл өтінішті аяқсыз қалдырмауға уәде етті. Партия белсенділері жергілікті әкімдікпен бірлесіп, аталған мәселенің анық-қанығына көз жеткізетінін, мүмкіндігі болғанша істі оң шешіп беретіндігін айтып, сайлаушыны сендірді.
– Тұрғындар осыған ұқсас әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтеріп бізге бұрын да келетін, алдағы саяси науқан – сайлауға байланысты тағы да төбе көрсете бастады, – дейді Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Алматы филиалының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай. – Біз өз тарапымыздан бірде-бір келушінің айтқандарын назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Өйткені, біз өзіміз сол халықтың бір мүшесіміз. Қандай да бір мәселенің байыбына барып, мазмұнын ашу үшін алдымен партияның білікті заңгерлерін іске жұмылдырамыз.
Қоғамдық қабылдау үйіне осы күні кандидат Тазабек Сәмбетбаймен кездесуге келген алматылық құрылысшының да мәселесі жариялы түрде қаралды. Құрылыс компаниясы қол астында қызмет еткен жұмысшының жалақысын 6 ай бойы бермеген болып шықты. Осыған байланысты кандидаттың тапсыруымен қоғамдық қабылдау бөлмесінде заңдық күші бар тиісті құжаттар әзірленді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.