Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Ғылымның экономика салалары мен интеграциялануы және кадр даярлау үдерістерінде жоғары оқу орындарының рөлін арттыруды Қазақстан Президентінің Жолдауын іске асыру аясында құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру шаралары туралы» тақырыбына арналған конференция өткізді.
Конференцияны ашқан Парламент Сенатының салалық комитетінің төрағасы Ақан Бижанов елімізде іске асырылатын зерттеулерге де, халықаралық ауқымды ғылыми-зерттеу жобаларға да қазақстандық ғалымдардың толық әрі тиімді қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізу үшін технологияларды коммерцияландыру тетіктері қолданылуы тиіс. Сол үшін заңнамаға білім беру мәселелерін және дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттейтін түзетулер енгізілді, «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң қабылданғаны айтылды.
Конференцияда негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев жасады. Оның айтуынша, еліміздің индустриялық-инновациялық даму жағдайында ғылымның экономика мен мамандар даярлау салаларын ықпалдастыру үдерістерінде жоғары оқу орындарының рөлі арта түседі. Министрлік бұл салада Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасының аясында шаралардың тұтастай кешенін әзірлеуде.
Инженер мамандарын даярлаудың ұлттық жүйесін жетілдіру, білім беру үдерістерінің сапасын арттыру, оқу-өндірістік орталықтары жұмысының тиімділігі мен жоғары оқу орындарының ғылыми және білім беру қызметінде де ілгерілеу бар. Кемшіліктер де жоқ емес. Бұл туралы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Н.Қалабаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры Қ.Уәлиев, Алматы технологиялық университетінің ректоры Т.Құлажанов және басқалар кеңінен баяндады.
Конференцияда инженер-түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі және өндіріс пен оқу мекемелерінің арасындағы әріптестік қатынастарын жаңғырту туралы «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Ж.Едігенов қызықты пікір білдірді.
Конференцияны Сенат комитетінің төрағасы А.Бижанов қорытындылап, басқосуда талқыланған көкейкесті мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.