• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2016

Грант

472 рет
көрсетілді

Әлібек Нұркеш – Назарбаев Университеттің 5-ші курс студенті. Экономика және халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша білім алып жатқан жастың бойынан талмай іздену, жақсылыққа ұмтылу, оқуға құштарлық секілді қасиеттерді бірден байқап, бағамдауға болады. Алматы облысына қарасты Панфилов ауданында дүниеге келген ол, 2010 жылы Жаркенттегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті Алтын белгіге бітіреді. Мектепті аяқтағаннан кейін бір жыл мемлекеттік грант бойынша Қазақ-Британ техникалық университетінде оқып, кейін Назарбаев Университетке құжаттарын тапсырады. Сәті түсіп, алғыр да креативті жас сынақтан мүдірмей өтеді. Ал өткен жылы Әлібек аме­ри­калық миллиардер Стивен Шварц­ман атындағы халықаралық грантты жеңіп алды. Грант – Қытайдың Цинхуа университетіне оқуға жол ашатын бірден-бір мүмкіндік. Бұл – Сти­вен Шварцманның ұйым­дас­тыруымен өткен жылы тұң­ғыш рет қолға алынған бас­тама. Америкалық миллиардер 2013 жылдан бастап осы ба­ғдарламаны қолға алып, әлем­нің президенттерімен алдын ала келіссөздер жүргізеді. Грант бо­йынша оқитын 100 студентке арналған жеке ғимарат салуға нұсқау береді. Цинхуа уни­вер­ситеті – Қытайдағы 2 үздік уни­верситеттің бірі. Аспанасты елінің бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао мен қазіргі мемлекет басшысы Си Цзиньпиннің осы оқу ордасын бітіруінен-ақ, бұл университет бәсінің қаншалықты жоғары екенін аңғара беріңіз. Әрине, халықаралық грант болғандықтан, оны иелену үшін 3 мыңнан астам адам құ­жат тап­сырып, олардың тек 300-ге жуығы ғана арнайы сұхбатқа ша­қырылады. Кейін 300 адамның ішінен 100-і ғана іріктеледі. Әлібек Нұркеш – сол жүздіктің ішіне кірген бірден-бір талантты да талапты жас. «100-дің ішіндегі 50 азамат АҚШ-тың түрлі университетінен келгендер, 25-і Қытайдан болса, қалған 25-і дүниежүзінің басқа мем­лекеттерінен құжат жіберіп, бақ сынағандар. Ал ТМД елдерінің ішінде Әзербайжаннан бір жас грантқа іліксе, Қазақстаннан менің бағым жанды. Сынақтың өзі 2 айналымнан тұрды. 1-ші айналымда 4 эссе жаздық. Алғашқы эсседе әлемдегі ең көкейкесті деген мә­селеге талдау жүргізіп, шешілу жол­дарын ұсындық. Одан кейінгі эсседе үміткерге өз өміріндегі ең ма­ңызды кезеңді, мәселен, көш­басшылық қасиеттерін таныта білген кездер жайында баяндап беру керек болды. Үшінші эсседе: «Бұл грантты не үшін иеленгің келеді?» деген сауалға жауап іздеп, сол жөнінде өз ойыңды жазу талап етілді. Төртіншісінде еркін та­қырып берілді. Мен ол эсседе өзімнің елімді таныстырып, ата-анам жөнінде жаздым», – дейді біздің кейіпкеріміз. Әлібек өзін жақсы жағынан байқатып, 1-ші айналымда жоғары нәтиже көрсетеді. Ал 2-ші айна­лымда Лондонға барып, арнайы сұхбатқа қатысады. Әңгіме жүр­гізуге Исландияның президенті Оуловюр Рагнар Гримссон, Ұлы­британиядағы Morgan Stanley және Barclays секілді банктердің төрағасы болған Дэвид Уолкер, сонымен бірге Стивен Шварцманның өзі келеді. «Бұл кісілер грантты ие­ленуге ниет танытқандардың әр­қайсысын жеке-жеке қабылдады. Бір сағат көлемінде әртүрлі, оның ішінде мамандығыңа, ой-өрісіңе қатысты, сондай-ақ, психологиялық сұрақтар қойды. Екінші күні жүзбе-жүз сұхбат жүргізілді, ал үшінші күні топтық жұмыстар ұсынылды. Соңғы сынақ барысында олар біздің өзгелермен қалай тіл табыса алатынымызды қарап, байқады. Мен сынақ тапсыруға өткен жылдың қараша айында бар­ған едім, ал осы жылдың қаңтар айында грантты иеленгенім туралы қуанышты хабарды естідім»,– дейді Әлібек. Жалпы, Стивен Шварцман атын­дағы халықаралық грантпен оқу бір жылға созылмақ. Сту­денттер бөлек бағдарлама бо­йын­ша білім алғанымен, оқу­ды аяқтағанда Цинхуа уни­вер­ситетінің дипломын алып шығады. Сондай-ақ, аталмыш жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін оған өз таңдауы бойынша тағы бір жыл Оксфорд универ­сите­тіндегі Said business school мек­тебінде оқуға мүмкіндік беріледі. – Шварцман халықаралық гранты бойынша оқу жүйесі үш бағытта жүргізіледі. Олар – экономика және бизнес, мемлекеттік басқару мен халықаралық қатынастар. Мен экономика және бизнес мамандығын таңдап отырмын. Цинхуа универ­ситетінен бір жылдың ішінде эко­­но­мика және бизнес, әлемдік эко­номиканың құрылу тарихы және оған Қытайдың әсері, Аспанасты елінің тарихы мен мәдениеті төңі­регінде терең білім алып қайт­қым келеді. Ол жерде сөзсіз, көп елден, түрлі университеттерден жас­тар келеді. Әрқайсысының жеке тәжірибесі, өз көрген-түйгені болады. Солармен ой, тәжірибе алмасу ойымда бар. Ең бастысы, елімнің мәртебесін биікке шығарып, өзі­ме артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп жүргім келеді, – дейді Әлібек. Бүгінде Назарбаев Универси­тетте оқып жатқан дарынды жас өзінің сана көкжиегінің кеңейгенін сезеді. Әлібектің ойынша, кез кел­ген жас өзін бар жағынан шың­дай түсуі ләзім. Ол тек оқу бағ­дарламасымен ғана шектеліп қалған студент емес. Мәселен, қазір жазушы Әкім Таразидің «Көк аспанда қы­рағы көз бар» атты еңбегін оқып жүр. Өзге де отандық, әлемдік әдеби-классикалық туындылармен әрдайым сусындап отыруды қажет деп санайды. Ол өзін шектеулі шеңберге «қамап қойғысы» кел­мейді. Ал уақыттың құнын шын ұғынатын мұндай жастың болашағы да жарық болары анық. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.