• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Моряк

427 рет
көрсетілді

Туған топырақ, өскен орта адам баласының өмірінде айшықты із қалдырады. Жоғарғы Соттың судьясы Моряк Шегенов сынды бұрынғы өткен билердің бүгінгі жалғасының кір жуып, кіндік кескен топырағы Қарағанды облысындағы Өспен деп аталатын аядай ғана ауыл. Бұл Өспеніңіздің, кейде Нілді деп аталатын өлкенің даңқы қазақ даласында алғаш ашылған мыс қорыту зауытымен шыққан еді. Қазақ үшін бұл елді мекеннің атауы сұңқар ақын Сәкен Сейфуллинге қатысы барлығы үшін де құнды, аяулы. Неге десеңіз, Сәкен осы жерде білім алып, түлеп ұшқан. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Моряк Смағұлұлы осы өлкеде 1956 жылы жарық дүние есігін ашқан еді... Алғашқы мүшелінен асқан кезде асқар тау әкесі дүние салды. Жарықтық: «Бар бақытым – балаларым» деп өткен қарапайым жан еді. Қара шаңыраққа Бақытжан деген балаң жігіт – ағасы ие болып қалды. Бұл жағдай Моряктай баланы ерте есейткен еді. Жетінші сыныпты бітірген жылы үш ай үйден ұзап, совхоздың шөбін шабуға жалданды. Өзі құралпы балалар ойынның қызығына тоймай жүрген кезде бұл осылайша тер төгіп, нә­пақа тапты. Сегізінші сыныптан кейін теміржолдың бойында жұмыс істеп, тапқан-таянғанын анасының алақанына әкеліп салды. Бір сөзбен айтқанда, еңбекпен көзін ашты. Әу баста ата-ананың талабы қатаң болатын. Шынында да Смағұлдың балалары бос сенделбай жүріс де­генді білмеді. Бірінші кезекте оқу тұратын! Сол себепті де, Моряк Сма­ғұлұлы мектепті жақсы оқып бітірген еді. Заңгер болуды жасынан арман қылды. Орта мектепті бітірген жылы мамандық таңдап басты қатырмады да. Салып ұрып Қарағандыға ке­ліп, Евней Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың заң факультетіне құ­жат тапсырған. Алайда, екі жыл қата­рынан жолы болмады. Бірақ бұл жағдай оның сағын сындыра алмаған еді. 1974-1976 жылдар аралығында Чехославакия жерінде әскери борышын өтеп келгеннен кейін «Ер кезегі үшке дейін», ой тоқтатып, жігіт болған кезінде барып Қарағанды мемлекеттік университетінің өзі армандаған заң факультетіне түсті. Оқуын бітірген соң, 1982 жылы сол кездегі Жезқазған облысында прокуратура органдарында еңбек етті. 1989 жылы сот саласына ауысып, әуелі Жезқазған қалалық сотында, одан кейін облыстық сотта судья, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметтерін атқарды. 1997 жылы Жезқазған облысы жабылғаннан кейін, Қарағандыға қоныс аударып, облыстық сотта 2002 жылға дейін судья қызметін атқарды. Бұдан кейін бұл кезде мол тәжірибе жинақтап, қызметте әбден ысылған ол Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөнін­дегі сот алқасының төрағасы болды. Ал 2009 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне тағайындалды. * * * Біздің кейіпкеріміздің есімінің адамды елең еткізері рас. Өзінің айтуы бойынша, дүниеге келген кезінде теңіз флотында қызмет еткен алыс жамағайынының бірі әскерден елге оралған екен. Ата-анасы қуаныштың үстіне келген ағайынның қадамын құттыға балап, жас сәбиге азан шақырып «Моряк» деп ат қойған ғой... Жезқазғанда қызмет етіп жүрген кезі болса керек, осы «біртүрлі» ныспысы кейіндері балаларыма ыңғайсыздық тудырмас па екен деген оймен қазақы есімге ауыстырмақ та болыпты. Жанашыр адамдардың ақылымен мешітке барып, имамға осы ойын ашып айтқан да екен. Имамның өзі білімдар адам болса керек, оны бұл райынан қайтарыпты. «Түзу жолдағы жігіт екенсің. Азан шақырып қойған атты өзгертіп, тағ­дырыңа қысастық қылмағайсың», – депті сонда молдекең. Әлбетте, бұл оқиғаны Моряк Смағұлұлы бү­гінгі күнде күліп еске алады. Де­генмен, ол сол әңгімеден алған са­бағының өз өмірінде елеулі рөл ат­қарғанын жоққа шығармайды да. «Балаларым өскенде бірі Морякұлы, екіншісі Морякқызы болып жазылды. Қысылады-ау деген күдігім ай­далада қалды», – дейді елде жоқ есі­мі бар Моряк Смағұлұлы. * * * Моряк Смағұлұлы мансап қумаған адам. Жезқазғанда, одан кейін Қарағандыда қызмет етіп жүргенінде бірқатар облыстың сотын басқару туралы бір емес, бірнеше рет ұсыныс алған. Бірақ ол солардың бәрінен саналы түрде бас тартты. Сот төрағасы болса әкім­шілік қызметке байланып қала­тынын жақсы білді. Ал оның көздеген мақсаты – кәсіби тұрғыда өсіп, сот саласының асқар шыңы – Жоғарғы Соттың судьясы болу еді. Әлбетте, сот төрағасы қызметінен бас тартқан кездерінде күлгендердің болғаны да рас еді. Әйтсе де, «Талпынған жетер мұратқа» деген тәмсілді жадына мықтап тоқыған мәрт мінезді Моряк Смағұлұлы ұстаған жерінен сынған еді. «Адам баласы алдына асқаралы мақсаттар қойып, асыл мұратына талпынуы керек. Мен осыны жастарға айтудан жалыққан емеспін», – деген Моряк Смағұлұлының сөзімен келіспеске тағы болмайды. Белгілі бір салада қызмет етіп жүр­ген адамның үлгі алатын, өзіне пір тұтатын ұстазы болады. Моряк Смағұлұлы үшін ондай тұлға – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми. «Ең алдымен Қайрат Әбдіразақұлы қара қылды қақ жаратын әділ адам, – деп сыр ақтарады Моряк Смағұлұлы. – Ақыл-ой, парасат-пайым, басқасын айтпағанның өзінде, ол кісінің кадр даярлау, оларды іріктеу сынды күрделі іске асқан кірпияздықпен қарайтын жауапкершілігі мені ылғи да тән­ті етеді. Қазақтың «Тура биде туған жоқ» деген сөзі осы Қайрат Әбдіразақұлы сынды қайраткер тұлғаға арнап айтылғандай болып тұрады мен үшін. Сол Қайрат Әбдіразақұлының тікелей тілеу­лес­тігімен Жоғарғы Соттың судья­сы болғанымды мақтанышпен айтамын». Моряк Смағұлұлының білім­дарлығы мен өз саласының хас шебері екендігі 2007 жылы Қазақ­стан Республикасы Парламенті Сенатының қабырғасында «Алқа­билер туралы» заң жобасын тал­қылаған кезде ерекше көрініс тапты. Ресейден және басқа да шет мемлекеттерден келген ғалым мамандар қатысқан сол отырыста ол жаңа заңның артықшылығы мен өміршеңдігін шешен тілмен, тапжылтпас тұжырымдармен дәлелдей білген еді. Өз ісіне қашанда үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол Президент Жарлығымен бекітілген Жоғарғы Сот жанындағы жаңа форматта жұмыс істейтін «Сот жюриі туралы» ережені әзірлеуге бір кі­сі­дей атсалысты. Сот жюриінің жұ­мысын жандандыруға, оның сот жүйесіндегі рөлін көтеруге көп еңбек сіңіруде. Сот саласындағы қандай да бір өзгерістерге, жаңалықтарға қатысты баспасөз беттерінде жарық көріп жатқан ой-пікірлері де майталман маманның қашанда ізденіс үстінде екенін танытады. Моряк Смағұлұлы былтыр осымен үшінші рет Жоғарғы Соттағы Сот жюриінің төрағасы болып сай­ланды. Дауыс берудің жабық жағдайда өтетінін ескерер болсақ, бұл дегеніңіз әріптестерінің өзіне деген зор құрметі мен кіршіксіз сенімі ғой! Жалпы, «Қазақстан Рес­публикасының сот жүйесі жә­не судьяларының мәртебесі тура­лы» Конституциялық заңның 38-1-бабына сәйкес, Сот жюриі жұ­мыс iстеп жүрген судьяның кә­сi­би жарамдылығын анықтау, судьяның отставкаға шығу және оны тоқтату құқығын растау, сон­дай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді, тәртіптік істерді қоз­ғау туралы мәселені қарау үшін құрылған. Мемлекет судьялардың тәртіптік жауапкершілігінің маңыздылығын ескере келе, оны құқықтық реттеуге баса назар аударады. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына 2012 жылы 16 ақпанда енгізілген өзгерістерге сәйкес, судьялардың тәртіптік-біліктілік алқалары жойылып, судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау өкілеттігі жергілікті деңгейден бір орталық орган – Сот жюриіне берілген болатын. Адамдардың тағдырын шешетін судьялардың тағдырына төрелік етуден асқан жауапкершілік жоқ шығар?! Бірақ, Моряк Шегеновтей әділдіктің туын жықпай келе жатқан кәсіби маман бұл істі де ілгері жылжытуда қамшы салдырмай келеді. Әсіресе, осы шаруада оның шындықты бетке айтатын кесек мінезінің ерекше көрініс тауып жүргенін айтпай кетуге тағы болмайды. Мінез демекші, студент кезінде спорттың бокс деген қайтпас қай­сар рухты қажет ететін түрімен ай­налыс­ты. Кейде оның турашыл мі­незіне осы жағдайлар да әсер еткен шығар деген ойға қаласың. * * * Жұмысбасты қарбалас тірліктен қолы қалт ете қалғанда адамдар түрлі дағдыны ермек қылып жатады ғой: біреулер тастаяқты қолға алып, бильярд ойнаса, енді біреулері аң аулап дегендей. Ал біздің Моряк Смағұлұлы бассейнге барып, суда жүзіп, дене сергітуді әдетке айнал­дырған. Әлбетте, жұмыста жас жігіт­тей сергек жүретінінің бір сы­ры осында жатса керек. Моряк Смағұлұлы жар таңдауға келгенде Жаратқанның пейілі түс­кен азаматтың бірі. Зайыбы Роза Төлеуқызымен бір мектепте оқыды. Сол кездің өзінде ол болашақ жарының бойынан әйел затына тән асыл қасиеттерді аңғара білген ғой. Бүтін бір әулеттің несібелі келі­ні болған Роза Төлеуқызы ұзақ жылдар бойы банк саласында же­місті қызмет етіп, бүгінгі күнде құрметті демалысқа шыққан жан. Моряк Смағұлұлы мен Роза Төлеуқызы Ерлан және Ләйла есімді ұл мен қызды тәрбиелеп өсірді. Әкесін зор қуанышқа бөлеп ұлы өзінің ізін басты: қазіргі уақытта ол Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық сотында судья болып қызмет етеді. Ұлы мен Наргиза есімді келіні екеуі Алан және Ай­сана деген немерелер сыйлап, бұларды бақыттан басы айналған ата мен әже қылды. Қыздары Ләйла да өмірден өз жолын тауып, Дарын атты тең құрбысына тұрмысқа шыққан. Анасының жолын қуып, қаржы саласында еңбек етіп жүр. Бәзбіреулерге Моряк Смағұл­ұлы­ның түсі суық, айбарлы болып көрінуі әбден мүмкін. Тегі, тұлғалы азаматтардың айбыны жүзінде тұрады ғой. Дегенмен, оның ішкі әлеміне үңілген адам Моряктай азаматтың жанының нәзіктігіне таң қалар еді. Иә, иә, Моряк Смағұлұлы поэзия десе ішер асын жерге қоятын жан. Бұл ғадет өзіне жас күнінен жабысқан еді. Мүмкін бұл қазақтың аяулы ақыны Сәкеннің табаны тиген киелі топырақтан жұқты ма екен? Әлде Розадай аруға ғашық еткен жас жүректің қалауы болар... Зады, Фаризаның, Мұқағалидың жауһар жырларын жатқа оқыған адамның жан-дүниесі қайдан жұтаң болсын! Бұл күнде «Алпыс – тал түстің» табал­дырығын аттаған Моряк Сма­ғұлұлы сынды сирек талант иесі, майталман заңгер еліміздің сот жүйе­сінің дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Біз оның бойын­дағы білім мен білікті, қажыр мен қайратты күн сайын байқап жүреміз. Сол себепті де Моряк Смағұлұлы Шегенов сынды Қа­зақстан сотының ар-намысын қара нардай өрге сүйреп жүрген азаматтың бергенінен берері көп дегенді қылаудай күмәнсіз, кәміл сеніммен айта аламыз. Әділ ҚҰРЫҚБАЕВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы. АСТАНА.