• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Қауіпсіздік қамындағы қарқынды қадам

345 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде елімізде құқықтық мемлекеттің негіздері жасалып, оның орнықтырылуы – біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз болып табылады. Осының аясында еліміздің құқық қорғау жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиіс екендігі сөзсіз. Ал бұл мәселе төңірегінде Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Осылайша «5 институттық реформаны жүзеге асыру бо­йынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың нақты кезеңі басталды. Осы орайда, елімізде құқықтық орта қалыптастыруға ықпалын тигізетін ішкі істер органдарындағы жұмыс барысы туралы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ержан СӘДЕНОВКЕ жолығып, сұрақтарымызға тұшымды жауаптар алған едік. – Ержан Сапарбекұлы, әуелі көліктегі ішкі істер орган­дары­ның басым бағыттарына қан­дай міндеттер жататыны туралы айтып берсеңіз. – Еліміздің көлік полициясы қашанда ішкі істер органдарының ішінде негізгі құрылым болып есептеліп келді. Өз қызметінің ерекшелігі жағынан да ғасырға жуық бай тәжірибесі бар бөлініс күні бүгінге дейін маңызды мін­деттерді атқару үстінде. Көлік полициясы құрылған күннен бастап оның міндетіне сай еліміздегі әуе және темір жол арқылы жол жүретін жолаушылардың қауіп­­сіздігін, тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету басты қағидатқа айналды. Бүгінде Көліктегі ішкі істер депар­таментінің алдындағы міндет – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу, басқа да заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу. Сонымен қатар, кө­лік сақшылары үшін ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу ша­ралары басты басымдыққа ие. – Өзіңіз жақсы білесіз, Елбасы халыққа арнаған әр Жол­­дауында ел тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін, тәртіп пен заң үстемдігінің жо­ғары тұруын қашанда баса айтып келеді. Мемлекет басшы­сының тапсырмаларынан бас­тау алатын атқарылуы тиіс шараларға тоқталсаңыз. – Иә, елдің ынтымағы мен бірлігін сарабдал саясатының өзегі етіп келе жатқан ел Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің дәстүрлі Жолдауында да біздің тірегіміздің – тәуелсіздік, тілегіміздің – тұрақтылық, біле­гіміздің – бірлік екендігін қадап айтты. Баршаға мәлім, осы стра­тегиялық құжатта барлық сала толықтай қамтылды. Әсіресе, Президентіміздің халықтың әлеу­меттік әл-ауқатын жақсарту бо­йынша мәселелерді көтеруі көп­шіліктің көңілін марқайтты. Мемлекет басшысы: «Бү­гін­де халықаралық терро­ризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр. Бұл тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істе­ріне сыртқы күштердің араласуы жолымен мемлекеттіліктің күй­реуінің нәтижесі. Жаңа жаһан­дық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүм­кіндіктеріміз негізіндегі бір­­тұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек», – деді. Пре­зидентіміздің бұл тапсырмаларды нықтап айтуы тегіннен-тегін емес. Өркениетті елдер эконо­микалық қатынастарды рет­теу­мен қатар, ел заңдарының орындалуына да ерекше маңыз береді. Өйткені, қоғамдағы тұ­рақ­тылық пен темірдей тәртіп қана елді өркендетудің негізі. Сондықтан әрбір көлік сақшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауды өзінің азаматтық борышы санайды. Қауіпсіздікті сақтау ісі жұмысты жүйелі әрі ұдайы жүргізуді талап етеді. Ол үшін әр полицейге қажыр-қайрат пен асқан қырағылық қажет. Бұл ретте, департамент жеке құрамның әскери дайындығын пысықтау, ондағы мамандардың білімдерін жетілдіріп, біліктілік деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылдап отырады. Елбасының «Дағдарыс­тардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұр­пақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі», – деген сөзі де жүрегі елім деп соққан әр азаматтың үмітін үкілегені рас. Биыл, міне, елдігімізді ұлықтайтын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтпекпіз. Ғасырлар бойына еркіндік аңсаған бабаларымыздың қа­сық қанымен келген бүгінгі тәуелсіздік еліміз үшін аса қым­бат. Бұл мерекені ата-баба­ларымыздың батырлығына тағзым ету, әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі мен отансүйгіштік қасиеттерін арттыру үшін атап өтеміз. Айтулы мерекені әрбір жас өскіннің бойына Отанына, халқына деген шексіз махаббат ұялату үшін дәріптейміз. Бір сөзбен айтқанда, бұл мереке тәуелсіздігімізді келешек ұрпақтың қадір тұтып, ардақтап жүруі үшін де қажет. Бұл тамаша датаның мәні осында деп ойлаймын. «Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын» деген Елбасы сөзінің астарында үлкен даналық бар. Жасампаз жарастықтың арқасында дәулеті мен сәулеті шалқыған бүгінгідей іргелі мемлекетке айналдық. Әрбір қазақстандықтың ендігі міндеті – тәуелсіздігімізді одан әрі баянды ету. Ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даламыздың тыныштығын қорғау әр аза­маттың қасиетті парызы деп есептеймін. – Жақында департамент қызметі бойынша 2015 жылы атқарылған жедел-қыз­меттік жұмыстардың қоры­тын­дысы шығарылды. Нақты нәти­желер қандай? – Республикамыздың те­мір­­­жол және әуе көлігі ны­сан­дарындағы жедел жағ­дай­дың жай-күйін ба­қылауды қамтамасыз ету бо­йынша Елбасымыздың және Ішкі істер министрінің жүкте­ген міндеттерінің орындалуы бойынша нақты шаралар қа­былдануда. Айталық, 2015 жылы департаменттің қызмет көрсету аумағында 2889 құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 2022 қылмыс және 867-сі теріс қылық қылмыстарын жасаумен байланысты. Өткен жылы, қылмыстардың жалпы ашылу көрсеткіші 83,4 пайызды құрады. Аса ауыр емес қылмыстар саны 38,6 пайызға, ауырлығы орташа дәрежедегі қылмыстар саны 19,5 пайызға азайды. Сондай-ақ, бөгде адамдардың мүлкін ұрлау 12,0 пайызға, оның ішінде телефон ұрлығы 17,5 пайызға төмендеді. Қазіргі уақытта жұмысы­­мыздың басты бағыты Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһан­дық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру. Бұл тапсырмаларды жүзеге асыру шеңберінде Департаменттің қызмет көрсету аумағында құқық бұзушылықтарды болдырмау, қоғамдық тәртіпті сақтау, әсіресе, ұсақ құқық бұзушылыққа «мүлдем төз­беушілік» қағидатын қалып­тастыру бойынша Көлік­тегі ІІД-де жедел-алдын алу сипатындағы іс-шаралар күн сайын жүргізіледі. Осының нәтижесінде 2015 жылы 60 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтардан 114 млн. теңгеден аса айыппұл өндірілді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында түрлі әкімшілік құқық бұзғандары үшін 4700-ден аса азамат әкім­шілік жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіштің 30,1 пайызын «мүлдем төзбеушілік» қағи­датына қатысты құқық бұзушылықтар қамтиды. – Ал осы қызмет көрсету аума­­ғында қандай қылмыс түрлері жиі жасалады? – Негізінен жолаушы азамат­тардың жеке мүлкін ұрлау қыл­мысы жиі тіркеледі. Бұл жалпы қылмыстардың 65 пайызын құрап отыр. Десек те, жедел сауықтыру шараларын жүйелі өткізудің нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұр­лау қылмысы 12 пайызға төмендеді, оның ішінде ұялы телефондарды ұрлау 17,5 пайызға азайды. Сол сияқты департаментте жылжымалы құрамнан заттарды топ болып ұрлау, алаяқтық, бұзақылық, есірткі заттарын тасымалдау секілді қылмыстар да орын алып жатады. Мәселен, өткен жылы көлік полицейлері 4 тоннадан аса түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Сондай-ақ, 13 контрабанданың жолы кесіліп, есірткі тасымалының 24 фактісі анықталды. Есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылық бойынша 417 дерек тіркелді. – Азаматтардың қауіп­сіз­дігін сақтау үшін тағы да қан­дай шаралар қолға алынуда? – Бүгінгі күні департаменттің қызмет көрсету аумағының ұзындығы 16 мың шақырымнан асады. Осы аумақта орналасқан көлік нысандары, вокзалдар мен перрондар құқық бұзушылыққа неғұрлым бейім жерлер болып саналатыны жасырын емес. Мәселен, Астана стансасы бойын­ша орташа есеппен алғанда тәулігіне 10 мыңнан аса жолаушы азаматтар өтеді. Ал Астана әуежайынан тәулігіне 8-9 мың жолаушы ұшып келіп, ұшып кетеді екен. Сол сияқты Алматы стансасынан тәулігіне 16 мың жолаушы өтеді, бұл көрсеткіш мейрам күндері еселене түседі. Сондықтан біз әрқашанда, алдымен, жолаушылардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге күш саламыз. Департамент қызметтері арқылы үнемі «Құқық тәртібі», «Іздестіру», «Заңсыз келуші», «Допинг» және т.б. жедел-алдын алу шаралары өткізіліп тұрады. Десек те, жол жүру кезінде азаматтардың да өз жеке мүліктеріне барынша мұқият болғандары абзал-ақ. – 2017 жылы еліміздің бас қа­ласы Астанада өтетін «ЭКСПО» жаһандық көрмесі ке­зінде қоғамдық қауіпсіздік мә­селесіне айырықша көңіл бө­лінбек. Бұл ретте, көлік сақ­­шыларының дайындығы қалай? – «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қа­сиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру», – деді Елбасы. Демек, осы ұлт­тық идеяны жүзеге асырып, іргелі ел екендігімізді таныту мақсатында алдағы уақытта ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылатыны белгілі. Солардың бірі әрі бірегейі – Халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесі. Айтулы шараны өткізу кезінде елордамыз – Астананың қоғамдық тәртібі айырықша назарда бол­мақ. Өйткені, оған алыс-жақын шетел­дерден көптеген мейман­дар келеді деп күтілуде. Сон­дықтан, бұл ірі жобаға қай жағынан алсақ та дайындық сақадай сай болуы шарт. Көлік полициясы Астананың теміржол және әуе көлігі нысандарында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, солар арқылы қаты­найтын қо­нақтардың қауіп­сіздігін қам­тамасыз етпек. Жаһандық же­тістіктер көрме­сі кезінде Кө­ліктегі ІІД-нің жеке құрамы қызмет өткеру­дің күшей­тілген нысанына көші­рілетін болады. Қазірдің өзінде дайын­дық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. – Бүгінгі таңда ішкі істер органдарына жас мамандар­ды қабылдау барысы ашық жүргізіледі. Оларға қойы­ла­тын басты талап қандай? – Қызметкерлерді кәсіптік және іскерлік негізінде іріктеу кадрлық саясатты түбегейлі өзгертуге жол ашады. Сондықтан кандидаттар мен жеке құрам­дағы қызметкерлердің сапасы мен кәсіби шеберліктерін тексеру мақсатында арнайы тестілеу жүйесі енгізілген. Қазіргі кезде ішкі істер органдары қызмет­керлерін кезекті аттестациялаудан өткізу өте маңызды болып тұр. Бұл заман талабы. Біріншіден, полицияда тек лайықтылар ғана қызмет етуге тиіс. Екіншіден, болашақ полиция қызметкері адамгершілігі зор, адал, тәртіпті және денсаулығы мықты әрі шымыр адам болуы қажет. Ол азамат қызметтік борышын, өзіне қандай жауапкершілік артылатынын саналы түрде түсіне білгені жөн. Полицейлер халықтан темірдей тәртіпті талап ету үшін, ең алдымен, олардың өздері жарқын істерімен жұртқа үлгі бола білген­дері ләзім. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».