Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «Бірлік» партиясынан ұсынылған үміткер Марат Қожамқұлов бұрнағы күні Бурабай ауданындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің ұжымымен кездесті.
Кездесуді партияның облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Бекайдар Молдахметов ашып, жиналысқа 45 адамның қатысып отырғанын хабарлады. Сондай-ақ, ол депутаттықтан үміткерді жиналған қауымға таныстырып, оның өмірбаяны мен қоғамдық қызметінен ауқымды мәлімет берді.
«Бірлік» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығынан үміткер Марат Қожамқұлов өз сөзін жиналған қауымды елімізде тұңғыш рет атап өткен, сөйтіп, елімізде аталатын мемлекеттік мерекелер қатарынан лайықты орнын алып, дәстүрге айналғалы тұрған «Алғыс күнімен» құттықтаудан бастады. Одан әрі партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына егжей-тегжей жауап қайтарды.
Кездесу мінберіне көтерілген Ермұхан Хамзин, Борис Курган және кәсіпорынның басқа да қызметкерлері партияның сайлауалды бағдарламасын қолдайтындығын айтты. Сондай-ақ, олар Мәжіліс депутаттығынан үміткердің назарын өңірдің экологиялық проблемаларына аударды. Атап айтқанда, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды залалсыздандыру полигоны құрылысын салу, Щучье-Бурабай курортты аймағының инфрақұрылымын дамыту, көлдерді тазарту шараларын қабылдау, тағы басқа өзекті мәселелер күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Залдан қойылған сұрақтар да болды. Соның бірі тұрғындардың әлеуметтік мәселесін шешуде партияның қандай шаралар қолданатындығына сайды. Бұған Марат Қожамқұлов «Бірлік» партиясының бағдарламасында азық-түлік проблемасын шешу мақсатында ауыл шаруашылығын қуаттандыру, тұтыну себетінің құнын қайта қарау, зейнетақы реформасын жетілдіру сияқты көптеген мәселелер қарастырылғанымен жауап берді.
Емен-жарқын пікір алмасу жағдайында өткен кездесуден кейін, депутаттыққа кандидат пен партия белсенділері «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің өндірістік буындарындағы жұмыстармен танысып, Қазақстан Республикасындағы туризм мен спортты дамытуды насихаттауға арналған бейнеролик дайындады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.