• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

Есақұлдың қазақтары

282 рет
көрсетілді

елге жеткенше асығып отыр Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы, Жиликул ауданының Есақұл деген ауылында 600 адамның басын құрайтын этностық қазақтар тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ендігі армандары тарихи Отандарына – Қазақстанға оралу болып отыр. Тәжік жеріндегі бұл қазақ­тардың мұнда тұрып жатқан­дарына жүз жылға жуық уақыт өтсе де, баяғы тұрмыс-салт­тарын сол қалпында дерлік сақтап қал­ған. Олардың сол мезгілдегіден бар айыр­машы­лығы, сірә, қазір бұрын­ғы­сынша киіз үйлерде тұра қой­майтындары ғана шығар. Тәжікстанға қазақтардың алдыңғы легі Кеңес өкіметі ор­наған алғашқы жылдарда келе басталған. Соның өзінде олардың осында тұрақтап қалуларының әртүрлі себептері болған. Біреу­лері оқу немесе жұмыс іздеп келіп, үйлі-жайлы болып, қа­лып қойған. Тағы біреулері жер аудару жолымен келген. Ал Есақұл кышлағына қоныс теп­кендердің ақсақалы Қожамқұл Нұрматовтың бабалары большевиктерден қ­а­шып, қора-қора малдарымен Ауғанстан асып бара жат­қан­дарында, әрі қарай жете ал­май осы жерде қалып қойған. «Өткен ғасырдың 20-жылдарында әкем Қызылорда облысынан Ауғанстанға қарай беттегенде Кеңес өкіметінің өкілдері ұстап алып, барлық малын колхозға тартып ал­ған, – дейді қазір Қ.Нұр­ма­тов. – Сол замандарда мұн­да жол салынып жатыпты да, түйелері тасымал көлігі ретінде құрылысқа жегіліпті. Әкем осы жерде түйелерімен бірге қара жұмысшы есебінде қал­дырыл­ған». Үлкен кісі жол құры­лысында 20 жыл жұмыс жасайды. Сондағы Даңғара ауданында тұрады. Тек бертінде ғана өздеріне жақын жердегі Жиликул ауданында жер аударылып келген қазақтар тұра­тынын естіп, осылай қарай көшіп келеді. «Ауданда алуан түрлі ұлт­тар­дың өкілдері тұрады екен, – деп әңгімелейді Қ. Нұрматов. – Олар орыс, тәжік, өзбек, қазақ, неміс, чешен, украин, түрікмен сияқты 16 ұлттың өкілі еді. Бірақ 80-жылдары солардың көбі басқа жақтарға кете бастады. Мә­селен, бү­гінде біз тұратын кышлақта бұ­рынғы жер ауып келген қа­зақтардың ұрпақтарынан еш­­кім қалған жоқ. Мұндағы қанд­ас­­­тарымыздың бәрі менің әкем­нің ұрпақтары, біз түгел туыс­пыз». «Біздің балаларымыз өзбек мектебінде оқиды. Басқа жоқ. Ең соңғы қазақ мектебі кеңес кезеңінде жабылды, – дейді Қ.Нұрматов. – Бұл – біздің үлкен қасі­ретіміз. Біз қазір өзі­міз үшін қалайда қазақ тілінде оқы­та­тын мектеп ашуды талап ет­пейміз. Оның орнына тә­жікше оқы­татын мектеп болса дейміз. Әйтпесе, ертең біздің балаларымыз қайда барып күн көреді? Олар – Тәжікстанда тұратын қазақтар, сөйте тұра білімді өзбек мектебінен алады, бұл қалай?». Міне, осы проблема Есақұл ауылының тұрғындарын енді туған Қазақстанына қайтуға ой тастауда. Осы ретте Қожам­құл Нұрматов бірнеше рет тарихи Отанына барып, Орал және Қостанай өңірлерін көріп қайтыпты. Есақұлдағы Нұрматов­тар­дың орасан зор әулеті қазір бақуатты тұрады. Олардың жүз­ден астам ірі қара малдары, отар-отар қойлары, үлкен бақшалық жерлері бар. «Бұрын біз мұнда лимон да, жүзім де өсіретін едік. Бірақ Есақұлда 20 жылдан бері су жоқ, – дейді ақсақал. – Суды Вахш өзенінен тасуға тура келеді. Ал оған дейін 17 шақырым жер бар. Біз қазір бұған да үйрен­дік. Суды водовозбен тасып әкеліп, цистерналарды толтырып аламыз. Былтырдан бері маңайға қытайлар келіп, мақта еге бастады. Енді олардың су әкелетіндері сөзсіз». Дегенмен, Есақұлда бұл су­ды Нұрматовтардың тек жасы үлкендері ғана күтіп жүр­ген сияқ­ты. Жастар болса, елге қайт­қылары келіп, қатты құл­шынып отыр. Олардың біразы бүгінде Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алып жат­қан кө­рінеді. Ата-аналары оларға сол жақта қалып қоюды тап­сырып жүргенге ұқсайды. «Мен болсам, Тәжікстанды жақсы көремін, себебі, бұл жер – менің туған мекенім, осында отбасын құрып, бала-шаға өсірдім, жергілікті тұрғын­дар­мен ешуақытта жанжалға барып көр­ген жоқпыз, – дей­ді ақсақал өз сөзінде. – Біз­дің үйіміз көрші­леріміздің бә­ріне, мейлі ол тәжік, мейлі өзбек болсын, бәріне қа­шан­да ашық. Бірақ мектептің жоқтығы маған маза бермейді. Сондықтан біз, қариялар, осында өлсек те, жастардың та­рихи Отандарынан мекен тап­қандарын қалап отырмыз». Есақұл кышлағының қазақ­тары малсақ жандар ретінде де жұртқа аян. Былайғы тұр­ғындар бұл ауылды түйе өсі­ретіндігімен де жақсы біледі екен. Себебі, маңайдағы тәжік­тер мен өзбектер елді ме­кен­дерінде түйе деген атымен жоқ. Қазақтар, сондай-ақ, ата­кә­сіптері – жылқы өсіруге ай­рық­­ша үйірсектігімен де елге танылып отырса керек. Мұрат АЙТҚОЖА.