• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

Ақжолдықтар бастаған акция

251 рет
көрсетілді

«Ақ жол» партиясының Рес­пуб­ликалық қоғамдық сайлауалды штабы «Пошта жәшігі» атты акция­сын бастаған еді. Енді, партия белсенділері мен еріктілер тұрғын үйлерді аралап, қазақстандықтардың пошта жәшігіне партияның үгіт-насихат бойынша кітапшасын салып шығады. Үгіт-насихат жұмыстарының нағыз қызып тұрған шағында әр партия өз деңгейінде белсенділік танытуда. Бұл ретте ақжолдықтар да аянып қалып жатқан жоқ. Сайлауалды штабтың мүшелері барлық аймақтарда түрлі шаралар өткізіп, еңбек ұжымдарымен, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары және студенттерімен түрлі бағытта кездесулер ұйым­дас­тыруда. Және де түрлі мәселе бойынша шағым айтушыларды арнайы қабылдап, оларға заң қызметкерлері тарапынан кеңестер берілуде. Сонымен қатар, сайлауалды штаб мүшесі, Мәжіліс депутаттығына үміт­кер, Астана қалалық филиалының төрағасы Асқар Смағұлов та «Ақ жол» партия­сының орталық кеңсесінде бейнеконфе­рен­ция өткізіп, акцияның барлық аймақтық филиалдарда басталғанын хабарлады. Бұл ретте, ақжолдықтардың алға қойған мақсаттары кеңінен айтылып, ондағы басымдыққа алынған негізгі мәселелер талқыланды. «Пошта жәшігі» акциясы қала ірге­сіндегі Лесная поляна, Қосшы елді мекендерінен басталып, бүгінде респуб­ликаның барлық өңірлерінде жалғасып жатыр. Ал осы аралықта Алматы қаласында «Ақ жол» партиясының сайлауалды шта­бының мүшелері Нұрлан Жазыл­беков, Дмитрий Васильев, Қайрат Айт­бай және партияның басқа да бел­сенділері Алматы қаласындағы ірі кәсіп­­орын­дардың бірі «Темірбетон-1» кәсіп­­орын жұ­мыс­шыларымен жүздесіп, өн­діріс оша­ғының тыныс-тіршілігімен танысты. Өз сайлаушыларына партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын, соның ішінде маңызды міндеттерді жүзеге асыру туралы жос­парларымен бөліскен партия өкілдері «Темірбетон-1» ЖШС-нің өндіріс ба­за­сындағы жұмыстармен таныс­ты және бетон өнімдерінің сапасына қанық­ты. Үміткерлер жиналған жұмыс­шылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, өмірде көп кездесетін кәсіпкер­лік, әлеуметтік және құқықтық мәселе­лердің оңтайлы шешімін табуына жәрдемдесетін заң жобаларын қабыл­дауға ықпал ететіндіктеріне сендірді. «Ақ жол» партиясының белсенді өкілдерімен кездескен жұмысшылар да өз кезегінде алдағы сайлауға бір кісі­­дей жұмыла қатысып, ұсыныстары мен ұстанған бағыттары қызықтырған пар­­тияға қолдау білдіретіндерін жеткізді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан». Астана.