• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

Бірлік – береке бастауы

246 рет
көрсетілді

Кеше Тұңғыш Президент – Елбасы кітап­ха­насында Қазақстан халқы Ассам­блеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысты ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚХА ҒСК төрағасы Ералы Тоғжанов өзінің кіріспе сөзінде: «Кеше ғана осы ғимаратта Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, әр­түр­лі тарихи жағдайда көп этнос­ты бауырына жиған мемле­кет­тің өз саясатында үлкен мән мен мағынаға ие ерекше кү­нін атап өтті. Ең алдымен осында тұратын этнос өкілдері қазақ халқына, қазақтың жеріне алғыс айтты. Сонымен бірге, тар­шы­лық кезеңдерде, балапан басына, тұрымтай тұсына деген заман туғанда бас сауғалап бар­ған қазақ баласын бауырына тарт­қан, 5 миллионға жуық біздің бауырларымызға пана болған мемлекеттерге, олардың халқына қазақтар атынан алғыс айтылған күн болды. Сан этнос өкілдерінің жүректерінен шыққан алғысы біздің еліміздің берекесі мен бірлігін нығайта түсері анық», деген ол оны тек бір күндік шара деп санамайтын ойын жеткізді. Кеңестің күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылыпты. Оның алғашқысы «Қазақ­стандық бірегейлік пен бір­лікті нығайту және дамыту тұжы­рымдамасын ғылыми-сарап­шылық сүйемелдеу бо­йынша міндеттер туралы» болса, мінберге көтерілген Ералы Тоғжанов төмендегі ойларды ортаға салды. «Болашағы бiртұтас ұлт» реформасының шеңберiнде төрт заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiліп, «Қайырымдылық туралы» арнайы заң, Мемлекет басшысының 5 Жарлығы қабылданды. Және Мемлекеттік хатшының 9 өкіміне, Үкіметтің 12 қаулысы мен Пре­мьер-Министрдің өкім­деріне, бірнеше іс-шаралар жоспар­лары мен жол картасына қол қойылды. «Мәңгілік Ел» жал­пы­ұлттық патриоттық идея­сы не­гізінде Қазақстан халқы­ның бірлігін нығайту ҚХА-ның түйінді міндеті болып табылады. Ғылыми-сарап­шылық кеңес жасаған әлеуметтік зерттеу­лер нәтижесі көрсет­кеніндей, Қазақстан халқының басым бөлігі Елбасының бес инс­ти­туттық реформасын қол­дайды. Соның ішінде реформа­ның төр­тінші бағыты – «Бола­шағы бір­тұтас ұлт» бағытын респон­дент­тердің 85,4 пайызы жақтаған. Сауалдамаға қатысқандардың басым бөлігі немесе 94,2 пайызы «Мәңгілік Ел» құндылықтарын толық қолдайтындықтарын білдірді. Сондай-ақ, бұл көр­сеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға өсті», – деген Төрағаның орынбасары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын да рес­понденттердің 80,7 пайызы қолдағанын, ал «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын сауалдамаға қатысқандардың 78,9 пайызы жақтағанын жеткізді. Әрі қарай ой сабақтаған ол соңғы үш жылда Қазақстанда жүргізілген ғылыми зерттеулер қоғамдық сананың өзгерістерінде оң серпін байқалғанын аңғарт­қанын айта келе, қоғамдық келі­­сім­нің және жалпыұлттық бірлік­тің қазақстандық үлгісін де халық­аралық қоғамдастықтың жоғары бағалағанына тоқталды. Қоғам­дық келісім институты құрыл­ғанынан бастап, бұл жұмыстардың аудандық, ауылдық деңгейлерге дейін жеткенін ауыз толтыра айтқан шешен осының арқасында аудандарда, ауылдарда қоғам­дық ұйымдардың бастары бірігіп, олар сан-саладағы толғақты мәселе­лерді шешуге араласа бастағанын, оның қоғам үшін маңызы айрық­ша екеніне мән берді. Осылай­ша бейбiтшiлiк, достық пен келi­сiмнiң құндылықтары Қа­зақстан халқының тарихи тағ­дырымен үндесiп отырғанын айтып, сабақтаған ойын сәтімен жеткізген Ералы Лұқпанұлынан соң мінберге көтерілген заң ғы­лымдарының докторы, профессор Сергей Ударцев Қазақ­стан Конституциясындағы азаматтардың теңдігі деген бап­тың нақты жұмыс жасайтынына тоқталып, тіліне, сенім-нанымына байланысты ешкімнің де құқай көрмеуінің заңдық негізі қаланып, оның сақталуының мемлекеттік сарабдал саясаттың басты ұстанымы екендігіне ай­рықша екпін түсірді. Күн тәртібіне шығарылған өз­ге мәселелер бойынша Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова, Парламент Мәжілісі V шақырылымының депутаты Егор Каппель, Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Нелли Краснобаева, тағы бас­қалар сөз сөйледі. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан Омаров.