• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2011

Асылдарым

541 рет
көрсетілді

Эссе (Жалғасы. Басы өткен нөмірлерде) ШОҚАНДЫ ШЫҢҒА ШЫҒАРҒАН Уақытты үнемдеп, оны орынды пайдалана бі­­­лудің өзі де үлкен мәдениеттің белгісі. Күн­делікті өмірін мақсатсыз өткізіп, әйтеуір таңды атырып, күнді батырып, түк бітірмей жүрген­дерге қарасаң – өмір ұзақ тәрізді, ал тірші­лі­гінің әрбір сәтін пайдалы істерге, ұлтының игілігіне арнап, үнемі ізденіс үстінде жүрген аза­матқа уақыт ешқашан жеткен емес. Қоғамға белгілі ардагерлердің баршасы үнемі уақытпен санасып отырған. Бірде университетте сабақ үстінде Мұхаң: – Мен өзім теңдес, өзім құрбылас орыс дос­тарымнан үш жыл кейін жүремін, өйткені олар «Евгений Онегинді» тоғыз жасында оқыса, мен он екі жасымда оқыдым, – деген еді. Не деген астары терең ақылман сөз! Ұстазымыздың осы сөзі жасы жиырмадан асқанша «Евгений Онегинді» оқымаған кейбір студент құрбыларымыздың біразын сонда мықтап ұялтқан еді. Ғылым жолы, өнер жолы табандылық пен талмай ізденуден тұрады. «Данышпандықтың өзі – шыдамдылық» деген ғой грек философы. Әлкей Марғұлан бірден академик болған жоқ. Өмір бойы білім-ғылымның жолына шам алып түскен ізденімпаздылығы, табандылығы, мұнымен қоса шыдамдылығы жеткізді. Дүние­дегі ең ірі түркологтардың қатарына қосты. Дүй­ім жұртты аузына қаратты. Әлекеңді үнемі жазу үстелінде, жұмыс үс­тінде көретін едік. Жаз шыға жол қапшығын иығына асып, шә­кірттерін ілестіріп, ел, жер кезіп кетеді. Еліміз­дің байтақ даласын аралап, жойқын соғыс­тар­дың зардабынан жер астында көміліп қалған, жойылып кеткен ескі кент, кесене, қала орнын қазады. Бабалар ізін іздейтін барлаушыға ұқса­ды. Жазира да­ланы мекендеген адамзаттың ежел­гі мәдениеті, кәсібі, тұрмыс-тіршілігі жай­ында із кесіп дерек табады. Қоржыны толып қайтады. Қыс бойы әлгі тапқанын, жинағанын ғылым тіліне түсіріп жазып шығады. Күн көзі жылт ете көненің көзін іздеуге қайта бел буады. Академик Марғұлан Алматыда, қазіргі Қо­на­ев пен Қабанбай батыр көшелері түйіскен жер­дегі үлкен үйдің үшінші қабатында тұратын еді. Сол үйге қарай келе жатқаным әлі күнге есімде. Зілі жоқ, тентек, ерке қыздың мінезіндей Ал­­ма­тының ауасы-дағы қызық қой. Үйден шық­қанда түк жоқ еді, троллейбустан түсіп, әудем жерге жеткенше үсті-басым аппақ қар болды. Қарды сілкіп, қоңырау шалып ішке ендім. Есікті Әлекеңнің сүйікті зайыбы жылы жүзді Раушан Әбікейқызы Сәтбаева ашты. Раушан – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған ағасы, есімі елге белгілі ағартушы, көп жылдар бойына Семей техникумының директоры бол­ған Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың қызы болатын. Текті тұ­қымнан шыққаны жүріс-тұрысынан, сәлемдесуі­нен, кісіні жылы жүзбен қарсы алуы­нан сезіліп тұратын. Иба сақтай сәлемімді ал­ды. Ғалым отыр­ған төргі бөлмеге өткізді. – Аға, сіз туралы жазсам ба деп жүрмін, ғылыми ізденістер мен жұмыстарыңыз жайлы жұрт білгісі келеді, – дедім. Күнделікті жұмысынан ойын бөлгісі келмеді ме, қайдам: – Ол ұзақ әңгіме ғой, оның қайсысын ай­тамыз? – деп кейінге сілтегендей болды. Ойла­нып отырып, аздан соң біртіндеп шешіле бастады. – Ендеше әңгімені Шоқаннан бастайық, менің көп уақытым сол Шоқан еңбектерін әзірлеуге кетіп жатыр, – деді. Біраз ойға шомып отырып қалды. Шоқан мұрасын зерттеудегі сіңірген есепсіз еңбегі кино лентасы секілді көз алдынан да­мылсыз өтіп жатқандай сезілді маған. Өмірден тым ерте кеткен Шоқанды әлемдік ғы­лым Орта Азия мен Шығыс Түркістанның ай­тулы зерттеушісі ретінде тіршілігінде-ақ мойын­даған. Ұлы ғалымның соңында қалған мол мұраны жариялауға Шоқанның айнымас орыс достары көп еңбек сіңірген. Бірақ бұл игілікті іс мезгілінде толық аяқталмай қалды. Ондаған жылдар бойы жалықпай ізіне түсіп, Шоқанның байтақ қазынасын Ресей, Қазақ­стан­ның түкпір-түкпіріндегі архив шаңдағынан аршып алып, жүйелеп, баспалық аппаратын жасап, алғы­сөзін жазып толық жинағының бес томдығын шы­ғару – нағыз жанкештілік. Жал­ғыз отырып бір институт қызметкерлерінің жұ­мысын атқарып шығу еді. Өзін-өзі аямаудың үлгісі болатын. Осыншама қымбат қазынаны қалпына келтіру шын мәнінде Шоқанды қайта тірілтумен барабар жойқын жұмыс еді. Қазақ халқы Әлкей Хақан­ұлы­на осы орасан еңбегі үшін-ақ шексіз алғыс айтады. Бабалар ізінің соңына шам алып түсу, іздену, сыр ашпаған белгісіз түкпірлерге сапар шегу, көп жұмбақтың кілтін ашу – әуел бастан Әлкей аға­ның ғылымдағы басты мұратына айналды. Ғалымның «Шоқан және Манас» атты моно­гра­фиясы талайды болдыртқан, талайдың өмірін тау­ысқан тағы бір жұмбақ еді. Сол жұмбақтың кілтін тапты. Тың бағытқа жол ашты. Жоқтан бар жасады. Білімді кісілердің қызып кетсе – бауырын жазған жүйріктей кең, көсіліп, шешіліп сөй­лей­тін әдеті бар емес пе. Әлекең, көңілі түскенде өзінен өзге өйтіп айта алмайтын байтақ әңгімесімен-ақ өзіне магнитше тарта беретін. Сөйлеген кезде көне қо­быз­дай күмбірлеп кететін. Түптен тартатын. Ұйытатын. – «Манас» – тарихи заманнан таулы Азия қыратында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жат­қан қызықты жыр, қырғыз халқының айтулы мұрасы. Бұл жырды алғаш рет қағаз бетіне тү­сіріп, оны әдебиет дүниесінің қазыналы кеніші еткен жас ғалым Шоқан еді. Бірақ Шоқан жазып алған «Манас» жырының қырғыз тексі қанша уақыт ғы­лым­ға белгісіз болып жатты. Бұл нұс­қа­ны жарыққа шы­ғаруды Шығыс әдебиетін зерттеуші ғалымдардың та­лайы-ақ армандады, алайда, оның сәті түспеді. Шоқанның қолжазба нұсқасы қанша жылдар бо­йына қою тұман астына батып, ұшты-күйлі жоға­лып еді», – дейді Әлекең әріден қайырып. «Манас» жырының қағаз бетіне түскенін біз бұрын Шоқанның орысша аудармасынан, не қыр­ғыз тексін көзімен көрген ғалымның қадірлі досы Г.Н.Потаниннің естеліктерінен ғана білуші едік. Жүз жыл бойы архив тозаңында жо­ғалып жатқан бұл асыл кеніштің ақырында та­был­ғаны «Манас» жырын зерттеушілерге бұ­лақтың қайнар көзін қайта ашты. «Манастың» Шоқан жазып алған нұсқасын табуға себепкер болған шығыстанушының замандас досы, белгілі татар ғалымы – Хұсайын Фаиз­ха­новтың Шоқанға жазған хаттары еді. Хұсайын Фаизханов Шоқанның қырғыз-қазақ тіліндегі қол­жазба дәптерлерін көзімен өткеріп, табылған қол­жазбаға зор қуаныш білдірген кісі. Шоқанға жаз­ған бір хатында ол осыны айтады. Әлекең жерден жеті қоян тапқандай әлгі хатты оқи бастайды. «Тәңірі жарылқасын. Мендегі дәп­те­­ріңізді көшіріп алуға рұқсат беріпсіз. Қазір жа­зып бітіргенім жоқ. Бітіргеннен кейін Романовский­­ге беремін. Сіздің дәптерле­ріңіз­дегі «Көкетай хан­ның ертегісі» қазақ ертегілерінен біраз басқарақ көрінеді, оны сіз қайдан алдыңыз? Ол сіздің жұрт­ларда бек мәшһүр ме? Соның хикаясын жазсаңыз деп өтінемін, жақсы нәрсе екен». Г.Н.Потаниннің жазбасына қарағанда – Шо­қан­ның Алатау қазақтары мен қырғыздар туралы жазып алған мәліметі өте байтақ болған тәрізді. Амал не, осының бәрі Әлекең іздеу сал­ғанға дейін қайда қалғаны белгісіз болып келді. «Манас» жырының табылуына қарағанда – Шо­қанның Жетісу қазақтары мен қырғыз хал­қы­ның ауыз әдеби мұраларын жинаған дәптер­лері тегіс жоғалып кетті деуге болмайды. «Манас» жыры сияқты олар да әрбір архивтің түк­пірінде жасы­рынып жатуы мүмкін. Байқауы­мызша, Шоқанның жоғарыда аталған дәптер­лері қызыл төңкерістен бұрынғы шығыс зерттеуші ғалым­дардың архивінде сақталып келген, әрі әлгі дәптердің бірнеше көшірмесі болған секілді. Татар ғалымы Фаизхановтың: «Сіздің дәпте­рі­ңіз­ді көшіріп болған соң көшір­мені Романовскийге тапсырамын», деген сөзі осының анық дәлелі. Алдына келіп тұрған жас ғалымның ізденгіштігі, еңбексүйгіштігі қалай деп сынағысы келді ме, осы жерге келгенде, академик тамағын кенеп алып: – Ал бұған не дейсің? – деді. Жоғалғанды іздеу сендердің міндеттерің емес пе дегендей маған бұрылып қарады. Рас-ay, дедім ішімнен. Бірақ, Шоқанның хаттары мен жоғалған дәп­терлерін іздеп жүрген ешкімді есіме түсіре алмай қиналдым. Ұялтпайын деді ме, Әлекең сөзін әрі қарай жалғастырып кетті. – Шоқан «Манас» жырын 1856 жылы жазып ал­ған. Өкініштісі – кімнен жазып алғанын айтпаған. Шоқанмен тұстас болған белгілі манас­шы­лар – Келдібек, Назар, Телтай, Балық. Бұлардың барлы­ғы да Ыстықкөл төңірегінде өмір сүрген манас­шы­лар. Ғалым жырды осылардың бірінің аузынан жазып алғаны күмәнсіз. Жырдың да­уыл тұрғандай құйындатқан, шалқыта жырла­ған маңғаз сөзіне қарағанда – оны Шоқан ар­қасы бар ұлы манасшыдан жазып алған. Сонда кімнен? Бұл сауалға тұңғыш әрі түпкілікті жауапты ака­демик Әлкей Марғұлан берді. Ол кісінің ай­ту­ын­ша – Шоқан «Манасты» әйгілі Назар жы­раудан жазып алған. Оны ғалым түрлі болжамдармен мүл­­­тіксіз дәлелдейді. Кеңірек білсем, та­нысам деу­ші­лер болса – «Шоқан және Манас» деп атала­тын монографиядан оқып көз жет­кізуіне болады. Ғалымның жұмыс бөлмесінде, үстел үстінде ашылып жатқан хатқа көзім түсті. Хатты жазған профессор К.Юдахин екен. – Аса бағалы еңбегіңіз үшін сізге мың да бір рахмет! – деп жазыпты. Дүние жүзіндегі ең ұлы эпостардың бірі «Манасты» тұңғыш рет хатқа түсіріп, жария­ла­ған, сөйтіп, манастану ілімінің негізін қалаған – қазақ ғалымы Шоқан болса; Кеңес дәуірінде сол білімді негіздеген – тағы да қазақ ға­лым­дары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Ма­рғұлан бол­ғандығын әр уақытта мақ­таныш сезіммен айта­мыз. Ғылыми орта әлдеқашан мойындаған ақи­қат, әрі мәртебелі шындық осы. Өмір бойы тек ғылыммен ғана айналысқан кі­сінің үнемі ізденіс үстінде болған ғалымның жар­ты ғасыр ішіндегі сан-салалы табысын түгел жеткізу мүмкін емес. Ол үшін терең зерттеулер керек. Әлекең еліміздің мәдениет тари­хының үш саласын ұзақ жылдар бо­йына терең зерттеді. Биік те еңселі, мақ­танарлық нәтижеге жетті. Біріншісі – мүсін тастар туралы зерттеулері, ежелгі жәдігерлер; екіншісі – ежелгі миф-аңыздар, «Орхон жырлары», «Манас», «Алпа­мыс», «Қор­­қыт», «Оғыз-наме», «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» тәрізді байырғы эпикалық мұралар; үшіншісі – ежел­гі сәулет өнері, көне кент, жәдігер, қала та­ри­хы. Бұлардың әдепкісі – 40, екіншісі – 70, ал соң­ғы­сы – 60 баспатабақ қол­жазба көлемін қамтиды. Мұның үс­тіне Шоқан, Абай, Жаяу Мұса, Ақан сері, Тәттімбет жайындағы жиырма баспа табақ еңбекті қоссаңыз – ака­де­мик­тің келешекке қан­шама қымбат мұ­ра қалдырғанын көзге елестете аласыз. Әлекең қазақ өнерінің сирек кездесетін, ешкім түрен салмаған қымбат үлгілерінің екі бірдей сурет-альбомын кезегімен дайындап үл­герді. Бірі – қызыл төңкеріске дейінгі, екіншісі – қызыл төңкерістен кейінгі кезеңді қамтиды. Не деген еңбекқорлық десеңші! Осының бәрін ғалым экспедицияға жетекшілік етіп ұзақ жыл бойы, аса ұқыптылықпен жинады. Альбомда ежелгі жыраулар шабытпен жырлаған қорамсақ, сүңгі, найза, көбе, жебе, айбалта тәрізді қару-жарақтардың, ою-өрнек­тер­дің, былғарыдан істелген әшекейлі жиһаз-бұйымның не қилы сым­батты, айшықты үлгісін көруге болады. Зер салып қарасаң – әрбір сурет өз алдына тұнып тұрған жырдай, тереңнен сүзген жауһардай. Ілкі мәде­ниеттің ғажайып озық үлгілеріне ерекше мән беріп, ғылыми түсінікте­мемен жабдықтап, түрлі-түс­ті альбом етіп шы­ғару – бұл да кезек күттірмейтін шаруа еді. Мұн­дай альбом өркениетті елде жиі шы­ғады. Өйт­кені, мұның бәрі қазақ тіршілігінің, қазақ хал­қы­ның өмір салты, тарихтың айшықты айғақтары. Әлекең қола дәуіріндегі Беғазы мәдениетін жан-жақты сипаттайтын ғажап еңбек жазып қал­­дырды. Бұл – бұрынырақ жарық көрген «Ор­талық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» деп аталатын тамаша еңбегінің екінші томы. Осы кітабын аяқтай сала ғалым қазақ сөз өнерінің тарихы жайындағы еңбектерін жүйе­леуге кіріскен еді. Айтып отырса – осынау қыруар шаруаны бір адам емес, тұтас институт әзер орындап шыға­тын­дай ғой. Айтуға ғана жеңіл, ғылым үшін тас қопарып, тау аударғандай байтақ іс. Білімпаз ғалымды тыңдай бергенге не жетсін. Жібектей майда қоңыр даусымен сыр қа­зынасын аша түседі. Үлгергенімше жаза бердім. Ғалымнан қазақтың ежелгі сөз өнері туралы ойларын таратып айтып беруін өтіндім. – Орта ғасырдың бесінші-алтыншы ғасы­рынан бергі жерде қазақ жерінде отырықшылық кең етек жая бастайды. Жетісу, Сыр бойындағы сыңсыған қалаларды сырттан келіп ешкім са­лып берген жоқ. Оны осы өңірді жайлаған тұр­ғылықты халықтың өзі салды, – дейді асыл аға. – Қала мәдениетінің көркеюі Қарахан дәуіріне келеді, сол ғажайып үлгінің бірі Айшабибі кесенесі. Мүсін, сәулет өнерімен қатар бұл өңірлерде ауыз әдебиеті, оның ішінде жыр, эпос ерекше да­мыды. Ұсталар – маңдай терін сыпырып мү­сін, сәу­лет жасаса; заманның елеулі оқиғасын, батыр­лар жорығын жыраулар қисса-дастанға айнал­дыр­ды. Көшпелі ғұн, сақ, үйсін зама­нының жы­рау­лық дәстүрі осы күнге дейін хатқа түсіп, үзіл­мей келеді, – дейді ғұлама. Академик Н.Веселовский: «Ғұндарда үйле­ну, жерлеу салтымен байланысты жосық-жора поэ­зия­сы болады», деп дәл айтқан. Аңыздың ол кездегі түрінен Ақ Көбек, Құла Мерген, Ер Төстікті айтса болады, – деп ғалымның аузынан суы құрып отырушы еді. Қазақтың жыр-ер­тегілері – ауыз әдебиетінің шыңы. Мұндай нұс­қалы шың ешбір ұлтта жоқ. Қазақ әдебиетінің бастау бұлағы әлгі айтқан аңызда, батырлар жы­рында жатыр дейтін Әлекең. Ежелгі жаз­ба­ларға қарағанда, қазақтың сүйек сұрауы... тұс­пал­дап естіртуі... жоқтауы... ма­дақ жыры... сол кездің өзінде-ақ биік сатыға кө­терілген, – деп әрі қарай тағы да шеті, шегі жоқ байтақ әңгімеге ойысушы еді жарықтық. Әлекең әңгімені әрдайым түптамырдан қоз­ғай­­тын. Қозғап отырып көне сүрлеуге түсетін. VI ғасырдағы шекті руының ішінде жасалған ескерткіштер мен бертіндегі найман, дулат, үйсін ескерткіштеріне тереңірек үңілсек – бәлкім, қазақ әде­биетінің тарихын бұдан да әріден бастауға болар ма еді. Бұл келешектің ісі», дейтін Әлекең үлкен таудың үстіне шығып, күн сала қараған қарияға ұқсап. «Біз әзірге VІІ ғасырдан бермен қарай мәлім болған, халқымыз бір кезде пайдаланған жазу-сы­зуды, көне түркі тіліндегі әдебиет үлгілерін зерттеп жүрміз. Әдебиеттің қалыптаса бастауын біз тым әріден алсақ қана – түптамырымызды тереңі­рек танимыз», – дейтін жарықтық. Осыны үнемі айтып отыратын. Түркі халықтарының мәдениетін, әдебиетін егжей-тегжейлі терең зерттеген академик Ә.Мар­ғұ­лан: «VII-VIII ғасырдағы халық фолькло­рында эпостық поэзияның Орхон ескерт­кіш­тері­нде жа­зы­лып қалған ең ертедегі ақындық тә­сілдері мен дәстүрі көрініс тапты. Бұл поэзияның элемент­те­рін Күлтегін мен Білге ханның басындағы құ­лып­тасқа бәдізші ойып жазған жазудан көруге болады. Бұл жазулардың мәтіні эпостық әңгімеге ұқсай­ды», дейтін. Ғалымның Орхон ескерткішінен ақындық тәсілді де, дәстүрді де анықтап, олардың жанры жағынан ерлік жырына жатқызып отырғанын осы мысалдан анық сеземіз. Орхон ескерткіштерін арнайы зерттеген мен үшін сол асыл мұралардың жанрын айқындауда ғұламаның осы айтқан пікірінің пайдасы зор болды. Қорқыт есімімен байланысты аңыздар түркі тек­тес халықтар арасында әралуан түрде әңгіме­ленеді. Осыны терең зерттеген академик: – Қорқыт туралы айтылатын ең ежелгі қария сөз Орта Азиядағы түркі тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпа­сының тарихи қонысына иелік еткен, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы тарихи жыр, аңыз, ән-күй қазақ пен түркімен­дер­де көбірек жолығады. Қорқыт жайындағы дерек­тер­дің белгілі бола бастауы XII-XIII ғасырдан бермен қарай. Атақты та­рихшы Рашид-ад-дин қыр саха­расында Қорқыт пен Оғыз-наменің қатар хатқа түскенін қадап жазады, – дейді. Әлекең Қорқыт өмірбаянын, ол туралы ескі әфсананы індете зерттеп зерделеген ойшылдар­дың бірі ретінде атақты тарихшы Әбілғазының есімін ерекше атайды. Қазақ халқының ұлы перзенті Шоқанның қолынан шыққан, қаламынан туған қымбат, мол мұ­раны ел-елдің мұрағатынан жинап, реттеп, жүйелеп, аппаратын түзіп – шығармаларының орыс тіліндегі бес томдығын шығарғанын жоға­ры­да айттық. Шын мәнінде кез келгеніміздің қо­лы­мыз­дан келе бермейтін аса қиын, әрі жа­уапты іс еді бұл. Әрдайым ғылымның алдыңғы сапында жү­ретін Әлекең – ұлт алдындағы ауыр жүкті абы­роймен арқасынан түсірмей ХХІ ғасырға жеткізді. Қажымады. Жасымады. Кейінгі ұрпақ Шоқан ең­бе­гін архив шаңының ішінен ақтармай, халқы­мыз­дың шежіре ғалымы Әлкей Марғұлан дайындаған бес томдықтан оқып-үйренеді. Айтса-айтқандай-ақ. Бірінші томындағы Әле­­кең жазған Шоқан өмірінің очерктерін әдет­те­гі­дей цифрлар дерегінің жадағай, жалаң тізбегі емес,  өскен ортасы, болмысы, табиғаты тұтас – өз ал­­ды­на қымбат көркем шығарма сипатында оқылады. Шын мәнінде бұл кісіні ерекше баурайтын біртұтас тәлімді толғаныс. Шоқанға, оның мұрасына деген оттай ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін қалың қауым оның «Шоқан және Манас» деп аталатын ғажайып зерттеу кітабынан анық көз жеткізді. Халық тари­хын­да, оның мәдениеті мен ғылымында өшпес, өне­гелі із қалдырған, дана, ойшыл, білімпаз – сол халықтың өзімен бірге мәңгі жа­сайды деген, міне, осы болады. Оқырман қауым бүгінде Шоқан десе – Әле­кеңе, Әлкей Марғұлан десе – Шоқанға жүгінеді. Екеуі бірінсіз бірін елестетуге болмайтын егіз ұғымға айналды. Әлекеңнің ерекше қасиеті, айрықша білім­паз­дығы – қазақ әдебиеті тарихын жүйелеу кезінде нұсқаланып көрінді. Көп кедергіні мұзжарғыш кемедей жарып өтті. Қазақ әдебиеті тарихының казіргі жүйесін ғылыми зерттеліп біткен деп айту әлі қиын. Әдебиет тарихын – халық тарихымен тығыз байланыста, бірегей тұтастыра қарау керектігін ал­ғаш Әлекең айтып еді жарықтық. Әде­бие­ті­міз­дің көне тарихы жаңа аяқтанған бота секілді. Бағ­зы заманда жасаған әдебиет үлгілерін тарих қой­на­уынан зерттеушілеріміз соңғы жылдары ғана тамтұмдап аршып ала бастады. Бұл да қуанарлық жәйт. Мысалға, көне Русь пен бергі орыс әдебие­тінің арасына орыс зерттеушілері ешқашан тас қамал соқпаған. Олар әуелі көне нұсқаларды зерттеп ал­ып, оған бергі үлгілерді қосып, тұтас бір әлем етіп қарастырған. Орыс халқының байтақ аңыз, миф, былинасын, халық әнін – сөз өнерінің түптөркіні деп қалың-қалың зерттеулер жазды. Әдебиеттің іргетасын биік етіп құйды. Әлем әдебиеті де дәл солай. Үлгі ала­тын, ұстанатын өнеге жолы осы. Қазақ әдебиетінің тарихы келешекте төмен­де­гі­ше жүйеленгені жөн дейді Әлекең: «1. Ерте за­мандағы көшпелі тайпалар – сақ, ғұн, үйсін әдебиеті. 2. Түркі дәуірінің әдебиеті. Бұл тұста эпикалык шығармалар жоғары сатыға көтерілді. Бұл дәуірден Орхон ескерткіштері, Оғызнама, Алпамыс, Қорқыт, Қозы Көрпеш – Баян сұлу тә­різді әлемге әйгілі жыр-дастандарды атауға бола­ды. Фараби, Жауһари шық­қан жерден қаншама ақын, ғалымдар шыққан. Жетісуда, Сырда, Таласта ақын-жыраулар өте көп болған. Бұларға әлі көз жібере алмай жатырмыз. 3. Осыған іліктес әде­биетті Алтын Орда дәуірінің әдебиеті демей, қып­шақ әдебиеті деп өз жөнімен атаған жөн. Бұл XI-XIV ғасырлар ар­асын қамтиды, XV ғасырға дейінгі әдеби кезеңдер мен әдеби мұралардың дені түркі ха­лықтарына ортақ болып келеді. Ал XVI ғасыр­дан бастап қазақтың төл әдебиеті өркен жайып, же­ке бұтақ болып көктеді», дейтін Әлекең. «Плано Карпини Сырдағы ең мықты тіл  – қып­шақ тілі деп орынды атаған. XII ғасырға дейін оғыз-қып­шақ тілінің қатар дамығаны рас. Бірақ оғыздар Хо­расанға көшкеннен кейін Жетісудан Еділге дейінгі аралықта таза қыпшақ тілі дамыған. Бұл жай­ында қыпшақ дәуірінің білгірі Ананияз Зайнчков­ский­дің еңбектеріне көз жүгірткен жөн», дейтін Әлекең. Әлкей ағамен кездескен сайын ғылымның кең сарайын аралап, салиқалы кеңесінен, бай­тақ әңгі­менің әсерінен көпке дейін айыға ал­маушы едім. Кезінде алдын көріп, тәлімін алған асыл аға­ларымның көбі бүгінде естелікке айналды. Амал не, өмір заңы осы. 1986 жылдың желтоқсаны Қазақ еліне дүр­бе­лең болып кірді. Осы елдің өсіп-өркендеуіне қы­рық жылдай күш-жігерін аямай, әділеттің ақ жо­лы­нан таймай еңбек сіңірген ірі тұлға Дін­мұхам­мед Ахметұлы Қонаев – Қазақстан билігінен кетіп, орнына орталықтың пәрменімен Кол­бин келді. Г. Колбин – қабағынан қар жау­ған, ат жақты, түсі аса ызғарлы, қазақ ұлтының салт-дәстүрінен, елдік тарихынан ешқандай хабары жоқ, бейне айдан түскен адам секілді суық кісі еді. Көзімізбен көрдік. Аз уақыт қызметтес те болдық. Қазақстан Компартиясының басына Колбин­нің келуі – көрген азабы шашынан асатын қазақ ұл­тының басына тағы да бұлт үйірді. Ата­мыздан, әкемізден естіген 1929-30, 1937-38, 1951-52 жыл­дар­дағы сталиндік зұлматтың лебі қайталап ескендей сезілді. Аға мен іні атысқан, әкесінің сақалына бала жармасқан қиын кезең белең бергендей көрінді. Ол уақытта Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеологиялық хатшылық қызметіне ұлты­мыздың аяулы ұлы, жанашыры Өзбекәлі Жә­ні­беков келді де мені идеология бөлімінің мең­ге­рушілігіне шақырды. Бұрын өмірі партия қыз­ме­тінде істемесем де, оның үстіне Министрлер Ке­ңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та керек болып тұрсың деген соң Оқу министрі қызметінен Орталық комитетке ауыстым. 1987 жылы наурыз айының басында Қазақ­стан Компартиясының пленумы өтті. Сол пленумда қа­зақ­тың ығай мен сығайы, зиялысы, кезінде белді-белді қызмет атқарған интеллигенция өкілі бірінен соң бірі мәртебелі мінбеге шы­ғып сөз сөйледі. Пле­нумның есебі жарияланған республикалық газеттің тігіндісіне көз салса­ңыз – көзіңіз жетеді. Елдің са­қа­сындай облыс, бөлім басшылары бірін-бірі сынға алып, тілмен іреп-сойып, тақауда ғана Мәс­кеу­ден келген партия лидерінің көзіне өз­де­рін судан таза, сүттен ақ етіп көрсетуге жанын са­лып бақ­ты. Көбінің сөз астарында бұдан бұрын­ғы­ны партия­ның нұсқа­уы­мен істедік, егер бұрыс кетіп, қателік жіберсек, ол қателік сол кездегі партия бас­шысы Қо­наевтың пәрменімен жүзеге асты дегенді айтты. Ең қиыны – өз бастарын ұлт мүддесінен ала қашып сөйлегені шошынтты. Әркім қарақан басын күйттеп кетті. Сол кезеңде ұлтына жаны ашиды, қазақтың сөзін сөйлейді, – деген біраз интеллигенция өкіл­де­рі өз бастарының қамын жеді. Біразы Кол­бинге жағынып сөйледі, біразы дау­рық­па мақала жазды. Қайсыбірі саяси хал-ахуал­дың желі қалай соғады дегендей, жан-жағына жал­тақ­тап, үндеместің кебін киді. Кімнің кім екені сол кезеңде білінді. Жұрт бәрін көрді, бәрін естіді, бәрін сезді. Құбылма мінез, сусыма сөзбен біздер қайда барамыз деген ой қайта-қайта мазалай берді. Әлі есімде, сол кезеңде қазақтың сүт бетіне шыққан қаймағы дейтіндей екі ағамыз қабыл­да­уыма келді. Сыпайылық сақтап, аттарын ата­май-ақ қояйын. Әлгілердің сөз саптасы шаншудай тиді маған. Өз­дерімен замандас, қатарлас бірі ақын, бірі сыншы кісіні жерден алып, жерге салып: бетін аймандай ету керек... жазалаған жөн... неге арамызда жер басып жүреді... құрту керек, – деді. Қарап отырып жүрегім мұздады. – Ағалар, бұларыңыз болмайды. Бүйте берсек – ұлттан айырыламыз! Кешегі күнді көксеп отырған сыңайлысыздар. Бұл басараздық, кек алу бүгінгі күнмен тынбайды, ұрпаққа жалға­сып кетеді. Сіздердің бұл айтқан ұсыныс­та­рыңыз қабыл­дан­байды. Мен бұған қарсымын. Бұдан былай бір-біріңізді жамандап, арыз ай­тып бұл есікті енді қайта қақпаңыздар, – деп тікесінен сөйледім. Әлгі екі ағамыз еңсесі түсіп отырып қалды. Сөз аяғын жуып-шайған болып қоштасып шығып кетті. Оқиға мұнымен біткен жоқ. Сүйікті оқыр­манымен қайта табысқан Мағжан Жұмабаевтың толық жинағын шығару қамына кірісіп кеттік. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­ту­тының мұрындық болуымен жинақ даярла­нып жатты. Енді кітапқа алғысөзді кім жа­зады деген сауал көлденеңдеді. Өз басым сол кезеңде ақын жина­ғы­на салиқалы сөз айта білетін Әб­діл­да Тәжібаев деп білдім. Ол кезде Мағжан ақынның за­йы­бы Зылиха жеңгеміздің көзі тірі болатын. Сол кісінің келісімін алу керек болды. Зылиха жеңгей Алматыдағы халық шаруа­шы­лығы көрмесінің жоғарғы жағында екі бөлмелік шағын пәтер­де тұратын. Әдейі ат басын тіреп барып, жеңгемізге сәлем бердім, ақынның то­лық жинағына алғысөзді Әбділда Тәжібаев аға­мыз жазсын дедім. Ол кісі үзілді-кесілді қарсы болды. Мағжан ұсталар кезде Әб­ділда сынап өлең жазған, Мағжанды қа­ралаған деп азар да безер болды. Мен болсам: ол заманның келмеске кеткенін, бұл заманның пиғылы, ұста­ны­мы мүл­де бөлек екенін айтып түсін­ді­ре­мін. Зылиха жеңгеміз ойланып-тол­ға­нып көнгендей болады. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ (Жалғасы бар)