• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2011

«Ақселеу оқулары» өтті

754 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде Мем­лекеттік сыйлықтың лау­реа­ты, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері А.Сейдімбекті еске алуға арнал­ған дәстүрлі «Ақселеу оқулары» өтті. Оны журналистика және саясаттану факультеті баспа­сөз және баспа ісі кафедрасының ұжымы ұйымдастыруының өзіндік заңды­лығы бар. Өйткені, іргетасы 1998 жылы қаланған журналистика кафедрасының негізінде 2009 жы­лы ашылған баспасөз және баспа ісі кафед­расының қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне филология ғылымда­ры­ның докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің қосқан үлесі өлшеусіз екені ел есінде. «Ақселеу оқуларының» ашылу салтана­тында баспасөз және баспа ісі кафедра­сының меңгерушісі Қайрат Сақ қайраткер-қаламгер­дің қазақ қоғамындағы ұлттық идеяны дамы­туға қосқан өлшеусіз үлесіне тоқтала келіп, Ақселеудің есімін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларды атап өтті. Универ­ситеттің «Отырар кітапха­насы» ғылыми-зерттеу орталығында А.Сейдімбек атында­ғы ғылым залы ашылғанын, БАҚ бас­шы­лары мен жетекші журналистер арасында бильярдтан Ақселеу атындағы турнир ұйымдастырылғанын, журналистика ма­гис­­тр­ларының оқу жоспарына «Профессор А.Сейдімбектің шығармашылық зертханасы» атты арнайы пән енгізілгенін және «Ақ­селеу оқулары» дәстүрлі түрде жыл сайын жалға­сын табатынын көпшілік үлкен қошеметпен қабылдады. «Ақселеу оқуларының» алғашқы күні Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қ.Салғараұлы мен тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Артықбаев ұстаз­дар, магистранттар және студенттер алдын­да «А.Сей­дімбек – этнограф-ғалым» деген тақы­рыпта дәріс оқыды. Ал екінші күні Парламент Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Бекболат Тілеухан «А.Сейдімбек – өн­ер­танушы» атты сазды кеш өткізіп, Алаш Ақ­селеуінің қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Атадан балаға мирас болып келе жатқан қасиетті қара шанақ домбы­рамен күмбірлете күй төгіп, Ақаң әндерін әуелетті. Үшінші күні жазушы-ғалымның үзеңгі­лес достары Бексұлтан Нұржекеұлы, Кәдір­бек Се­гізбайұлы және Қуанышбай Құрман­ға­лиұлы «Ақселеу оқуларына» қатысу үшін Алматы қа­ласынан ат терлетіп, Астанаға арнайы келді. Қазақ қаламгерлерінің «Ақ­селеу – журналист, жазушы, аудармашы» деген тақырыптағы дә­ріс­тері мен айтқан естеліктерін жиналған қау­ым ұйып тыңдады. Гүлжазира ЕРТАСОВА,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы.