Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлауын байқау үшін біздің облысқа ЕҚЫҰ миссиясынан – 14, ТМД миссиясынан – 10 шетелдік байқаушы келді. Біз Ресейдің Орынбор облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, ТМД мисссиясының халықаралық байқаушысы Александр НАЛЬВАДОВПЕН кездесіп, өңірде сайлау науқанының қалай өтіп жатқаны туралы пікірін білмек болып, сөзге тартқан едік.
– Александр Юрьевич, бұған дейін сіз біздің елдегі сайлауларға байқаушы ретінде қатыстыңыз ба?
– Біз көршілес жатқан шекаралас өңірлерміз. Сондықтан қай жағынан да аралас-құраластығымыз мықты. Бұдан бұрынғы президенттік және парламенттік сайлауларға да қатысып жүргенмін. Бұл жолы Орынбор облысынан 10 байқаушы келдік. Олардың бірқатары аудандарға аттанып кетті, сол жерлерде өз міндеттерін атқарды. Жалпы, жергілікті биліктің сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыруға қолдау көрсетуі аңғарылады. Сайлау учаскелерінде көшпелі сауда ұйымдастырылып, мектеп оқушыларының күшімен концерттік бағдарлама ұсыну саяси науқанның салтанатын арттырып, сайлаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлауда. Халықтың сайлауға қатысуға деген белсенділігі жоғары екенін аңғардым. Ешқандай мәжбүрлемей-ақ, халық өз еркін білдіруге асығулы. Бұл дегенің адамдардың елдің дамуына өзінің де қатысуы қажеттігін түсінгендік деп ойлаймын. Сайлаушылардың дауыс беруге деген ықылас-ниетінің өзі неге тұрады. Ақтөбеліктердің саяси белсенділігі мерекеге келгендей әсерге бөлейді. Бұл елдегі татулық пен бірліктен, бақуатты тұрмыстан арна тартып жатса керек.
– Сөзіңізді бөлгеніме айып етпеңіз, сіз қанша сайлау учаскесінде болдыңыз, қандай кемшілікті аңғардыңыз?
– Менің өзім сегіз сайлау учаскесінде болдым. Шақыру бармай қалғаны сияқты ұсақ-түйек болмаса, ешқандай ағаттықтарды аңғармадым. Ал шақыру қағазы есікке қыстырылып, түсіп қалуы да мүмкін ғой. Тағы да қайталап айтамын ешқандай Қазақстан заңнамаларын бұзушылықты көргенім жоқ. Мен бұған дейін талай сайлауларға келіп жүрмін. Сайлау учаскелерінің техникалық жарақтандырылуы, олардағы ақпараттық қамту мәселесі үлгі боларлық дегім келеді. Сайлаушылар тізімі, үміткерлер туралы ақпарат көзге түсетін жерлерге орналастырылған. Сайлаушылар сайлау болатын күнді, сайлаудың қай деңгейде өтіп жатқанынан толық хабардар екені тәнті етті. Урналардың орналастырылуы, кабиналардың жасақталуында мін жоқ. Бір учаскеде бес кабина орнатылған. Бұл сайлаушылардың дауыс беруге кезек күтіп қалмауына ыңғайлы. Сондай-ақ, дауыс берудің құпиялылығын сақтауға, өз еркін қысылмай білдіруіне қолайлы.
– Бұл сайлаудан нендей ой түйдіңіз?
– Мен Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан көрінетініне бек сенімдімін. Оның айқын алғышарттарын осы сайлаудың өтуі барысында да аңғардым. Халықтың бірлігі мен татулығы, алдағы күнге деген сенімі мықты, ең бастысы сол дер едім. Біздің елдердегі сайлау үдерістерін өткізуде ұқсастық бар. Дегенмен, қазақстандықтардың саяси белсенділігі жоғары екенін айту керек. Сайлау комиссиялары мүшелерінің өз жұмыстарын жетік білетіні, өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарайтыны көрініп тұрды. Қазақстандағы сайлаулардың демократиялық қағидаттарға негізделіп, халықаралық талаптарға сай өткізілетініне бұл жолы да көзіміз жетті. Сайлау салтанатының салмағы оның нәтижесінен айқын көрінеді деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.