• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Тәлімді маман: жоғары оқу орындарының жағдайы қалай?

758 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған жылдардан бері, қазіргі нарық заманында сапалы білім беру мәселесіне көңіл бөлініп жүргені даусыз. Классикалық үлгідегі білім жүйесі жаңа инновацияға бағдарланған модельге ауыстырылуда. Болон конвенциясына қол қойғаннан кейін Қазақстанның жоғары оқу орындары білім беру жүйесіне айтарлықтай жаңа өзгерістер енгізді. Қазір бізде үш сатылы білім алу жүйесі, яғни бакалавр-магистратура-докторантура жүзеге асырылып келе жатыр. Ал енді Еуропалық жүйедегі осы үлгі жоғары оқу орындарында қалай енгізіліп жатыр? Бізде кеңестік дәуірде қалыптасып қалған жоғары оқу орындары жүйе­лерін­дегі кейбір керекті маман даярлауда кеткен қателіктер, біржақтылық эконо­миканы дамытуда айқын байқалған еді. Сол кездегі мамандар даярлауға қойы­латын талаптар ескіріп, егемен ел болғалы Батыс елдеріндегі қалыптасқан жаңа жүйені қабылдауға тура келді. Соның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл – ең өзекті мәселе. Әлі күнге дейін бұл проблеманың шешімі табылған жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі ең келеңсіз жағдай Ата Заңмен бекітілген «Алтын белгіні» тестіден өткізуден басталады. Бала он бір жыл бойы сол «Алтын белгіге» талмай еңбектенеді. Олар тек бір ғана сабақ емес, барлық пәндерден үздік шығады. Содан келіп «Алтын бел­гіге» ұсынылады. Бұл жөнінде көп­теген дискуссиялар да жүргізілді, бірақ нәтиже жоқ. Тест тапсырмалары білім алушының тек механикалық тұр­ғыда ойлануымен ғана шектеліп, оның шығармашылық ойлау қабілетін төмендетеді. Тестілеу шығармашылық ойлауды әлсірететін фактор болып отыр. Логикалық ойланатын тапсырмалардың санын көбейту керек, сонда ғана оның сапасы артатын болады. Тек қорытынды тестілеу формасын қалдыру керек. Білім алушы жоғары оқу орнында өз білімін жалғастыратын жағдайда ғана әр жоғары оқу орны талапкердің интеллектуалды қабілетін анықтайтын, ауызша немесе жазбаша түрде емтихан қабылдау фор­маларын енгізу қажет. Жоғары білім алу те­к қабілеті жоғары, дарынды, ғылымға бейімі бар ізденушілерге ғана тән болуы тиіс. Жоғары оқу орындарында білімді жетіл­діру үшін үздіксіз білім алу жүйесі ұсынылады. Дүниежүзілік арен­а­да бәсекеге қабілетті зияткерлік қо­ғам құру үшін білімді жүйелі түрде, ұдайы жетілдіріп тұру қажет. Ол үшін білікті жетілдіру курстарын, ғылыми ісса­пар­ларды көбірек ұйымдастырған жөн. Қазақстанда әлемнің басқа жоғары оқу орын­дарында бәсекеге түсе алатын маман даярлау үшін бірыңғай білім беру кеңістігін құру қажет. Бұл жүйені қамтамасыз ету үшін студенттердің оқу кәсіби шеберлігін анықтайтын жеке оқу траектурасын қалыптастырсақ, бұл бізге әртүрлі пәндерді таңдау және дайындау уақыты жағынан ұтымды болар еді. Оқу жоспарындағы таңдау пәндерінің 70-80 пайызына өзгеріс енгізіп, жалпы білім беретін пәндерге берілетін кредит санын азайту керек. Теорияны практикамен ұштастыру керек деп ойлаймын. Жоғары оқу орындарындағы профес­сор-оқытушылар құрамының ғылыми атағы барларын кредиттік жүйеге сәйкес қайта даярлау курстарынан өткізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге тарту қажет. Студенттердің өз бетімен оры­ндайтын өзіндік жұмыстарының сапа­сын жетілдіретін жоғары деңгейлі тап­сырмалар құрастыру керек. Про­фессор-оқытушылар құрамының ше­берлік сатысын шығармашылық іздену қабілеттерін, интеллектуалды әлеуетін жоғарғы деңгейде сәйкестендіру қажет деп білеміз. Бакалавриаттан кейінгі білім алу жүйесі, яғни магистратура-докторантура – бұл тек ғылымға қызығушылығы және бейімі бар білім алушылар үшін қажет, әрі орынды. Мұнда еліміздің экономикасына іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізетін, интел­лектуалдық қабілеті жоғары азаматтар ғана жұмыс жасайды. Бүгінгі күні Қазақстанның жоғары оқу орындарында барлық жағдай жаса­лып жатыр. Жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары көптеп ашылуда. Респуб­ликалық бюджеттен біраз қаражат бөлінуде. Әлемдік стандартқа сай білікті маман даярлау – бұл барлық жоғары оқу орындары алдында тұрған міндет. 90 пайызға жуық ғылым доктор­лары­мыз тек білім мен ғылым саласында жұмыс істейді. Сондықтан, біздің сан ғана емес, сапаға жұмыс жасайтын уа­қы­тымыз жетті. Өзімізде ғылыми ма­қа­лалардың рей­тингісі бар ғылыми журналдар шығуы қажет. Қазіргі нарық заманында бәсекеге қабілетті, интеллектуалды, ғылымға бейімі бар, ел экономикасын жоғары дәрежеге көтеретін, көкірегі ояу, рухы биік, патриоттық сезімі жоғары, ұлт­жанды кадрлар дайындау ел алдында тұрған ең көкейкесті проблеманың бірі деп санаймын. Жоғары оқу орындарының басшы­лары мамандар даярлау ісінде эконо­мика дамуының қажеттілігі керек етіп отырған, жаңа әлемдік бағыттағы бәсе­келестікке сай келетін кадрларға көңіл бөлуі керек. Басшының міндеті тек қана сол университеттің оқу жүйесін ұйымдастыру ғана емес, соған түскен жастардың мамандығына сай дұрыс білім алуына жағдай жасалынуы қажет. Бізде іске асып жатқан үш бағыттағы бакалавр-магистратура-докторантура болса, солардың жағдайына тән ерекшелігін ректор жан-жақты қарастырып, саннан-сапаға жаңа бағытта өзгеріп жатқан білім дәрежесіне сәйкес мемлекеттің сұранысын қанағаттандыруы тиіс. Мысалы, қазір көптеген пікір таласын тудырып жүрген Ұлттық академияның инсти­туттарындағы ғылымды дамыту, оны елдің сұранысына сай қайта құру үшін мамандарды ірі оқу орын­да­рына жіктеу, әрі академиялық дәре­жесін көтеру, ғылымды дамыту мүмкін­ші­ліктерін тудыра отырып, маман кадр­лау даярлауды сол университеттің ғылы­ми бағыты бойынша топтастырып, академиялық ғылыми кадрларды дайындау мүмкіншілігін туғызу қажет. Әрине, бұл бағыт әлі де шешімі та­был­маған, міндеті мен мақсаты, құ­ры­лымын жете түсіне бермейтін проб­ле­маларды туғызуда. Әр маман­дық­ты даярлауда жетекші академия ғалымдары сол тапсырылған универ­си­тетте лекция оқи ала ма? Оның қоғам­дық жұмыстарына қатыса ма? Ол салада әлі де анықтайтын мәселелер көп. Бірақ бұл әлемдік деңгейдегі мамандар даярлауға, олардың ғылыми жаңалықтар ашуына мүмкіншіліктер тудырады деп ойлауға бола ма? Қандай мамандықты даярламайық, оның негізгі көзі – мектепте берілетін білім сапасы. Білімнің барлық жүйесінің сапасын көтеру үшін облыстардағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық инст­итуттарда берілетін білімнің стан­дарттары бірдей болу үшін олардың өзін тарихи қалыптасқан, кадрлары жетілген ұлттық педагогикалық универ­ситетке топтастыру керек. Сонда ғана әлемдік деңгейдің сұранысына сай келетін ұрпақтарды даярлай аламыз. Үштілділік бағытты жүзеге асыру үшін де барлығына бірдей бағдарлама жа­салуы тиіс. Жалпы, жоғары оқу орындарының санын көбейткеннен гөрі, оны бітіретін мамандардың сапасын жақсартқан абзал. Ол үшін ғылымға қабілетті, ой-өрісі дамыған, ынталы, мектепте жүр­геннен-ақ соған түсуді армандаған жастарды алу керек шығар. Біздегі қазіргі көзқарастың барлық салада етек алуына байланысты бұрын даярланған мамандардың жаңа инн­о­вациялық технологияларды игеруі үшін орта кәсіптік жүйені дамытқан жөн. Ол біздің ғылымға баруымыз, сапалы өндіріс орындарының тетігін табуы­мыз үшін өте қажетті. Мысалы, Гер­мания, Англия елдерінде екі-үш қана уни­верситеттің әлемдік атағы бар, ал қалғандары орта кәсіптік білім дең­гейіндегі мамандық иелерін даяр­лаумен шұғылданады. Елбасының көтерген нақты мәселесі – жастарды тегін техникалық біліммен қамти отырып, соның нәтижесіне талап қоя білу. Біз бұрын Қазақстанда интеллектуалды жұмысшы табын дайындаған жоқпыз, алған дипломдар нарық сұранысына сай емес. Асығыс, үстіртін даярланған маман­дар елдің экономикасын дамытуға, ғылымда жаңалық ашуға жарамайды. Демек, кез келген мамандық даярлаудың қыр-сырын барынша меңгеру қажет деп санаймын. Тәуелсіздік кезінде Қазақстан аграр­л­ы елден индустриалды елге айналу үшін толып жатқан жолдардан өтуге тура келді. Бұрынғы қалыптасқан өркениетті елдердің саясатын зерттей отырып, Қазақстанның экономикасы жаңаша дамытуға бағытталды. Әрине, көптеген қиындықтарды жеңіп келеміз. Сырттан инвесторлар тарту арқылы халық аса қанық емес нарықтық экономиканың қандай рөлі барын Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып түсінді. Сондықтан, ТМД елдерінің бірігуін алғашқы болып ұсынған Қазақстан БҰҰ-ға, ДСҰ-ға мүше болды. Осының барлығы экономиканы өрлетудің жолдарын қарастырып, Қазақ­станды жаңа инновациялық-индус­триалық дамытуға көшірді. Мемлекетті өркениетті елге айналдыру үшін жаңа тұрпатты кадрлар даярлауды, әлемдік деңгейдегі ғылым мен білімнің жаңа бағытқа бет бұруын қолға алды. Кеңес Одағы тұсында барлық ғылым­дар бір бағытта ғана дамыды. Бұлай дамыту қазіргі экономиканың дамуы мен тұрақтануына үлкен кедергі. Сол кедергіні жоюда Елбасының атқарған рөлі үлкен. Ол мамандарды жан-жақты даярлап, өзіндік ғылыми бағытын анық­тауға қарай бағыттады. Тіпті, білім ба­ғытының өзінде қаншама министрлер ауыстырылғанымен, білімнің деңгейін көтеруге олардың шамалары жеткен жоқ. Әр барған жерінде сол жердің білім бағытының жүйесін ғана енгізді. Соның салдарынан біздің көптеген мамандарымыздың техникалық индус­трияны дамытуға өресі жетпеді. Сон­дық­тан, қымбат болса да, ол саланың мамандары сырттан шақыртылды. Келген министрлердің бірде-бірі не білімде, не ғылымда әлемдік дең­гейге жете­тіндей жаңалық аша ал­мады. Оның есесіне, ғылымның жаңа идея­­­сын, мақала басуды шетелдің «Инпактфактор» журналына байлап қойды. Олар ақша табады, біздің ғалым­дардың идеяларын өзінше пайдаланады. Өзіміздің дамыған елдің идеясын алға шығарып, әлем мемлекеттерінің бізден үйренуін ұйымдастырсақ құ­ба-құп емес пе. Бір кезде Елбасы «Болашақ» бағдарламасы бойынша көп ма­мандарды дайындауға ықпал етті. Бірақ олардың 25 пайызы ғана сол маман­дықты иге­ру мүмкіншіліктеріне ие бол­ды. Со­ның өзімен-ақ Елбасы Назарбаев Уни­верситетті ашты. Экономиканың барлық салаларына қажетті жоғарғы білікті мамандар даярлауда Назарбаев Университеттің орны бөлек. Бұл уни­верситет болашақта еліміздің инно­вациялық орталығына айналары сөзсіз. Елбасының екінші жасаған батыл қадамы – бірнеше шет тілдерді меңгеру тала­бын қоюы. Бұл тек ғылымды ғана емес, соған қоса экономиканы да­мытуды түсінетін, қарым-қатынас жа­сай алатын, дипломатиялық рөлді ат­қара алатын кадр даярлауға саяды. Соған мысал ретінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқулықтарын, әдістемелік оқулықтарын атай аламыз. Олар қазір ағылшын, француз, қытай, түркі тіл­дерінде шығарылуда. «Қазақстан гео­графиясы атласының» жоспарланған төрт тілде шығуы (қазақ, орыс, ағыл­шын, түрік) керек болатын, бірақ үш тілде ғана болсын делінген соң, тү­рік тілінде басылмай қалды. Оған кезін­де мемлекеттік тұрғыда Білім министрлігі тарапынан мән берілген жоқ. Атлас білім беруде, ха­лық­тың танымдылығын кеңейтуде көп елдерде, әсіресе, ТМД мемлекеттері арасында бұрын-соңды болмаған бағалы дүние еді. Біздің министрлік жыл сайын іргелі жобалар жариялайды. Алайда, іргелі жобалар тақырып бойынша жыл сайын жұмыс қорытындысын өндіріске енгізе алмайды және оның қоры­тынды нәтижесі паш етілмейді. Ке­ле­­сі қандай тақырып болу керек д­еген сараптама жүргізілмейді. Білім және ғылым ми­нистр­лігі «Өрлеу» біліктілікті көтеру инс­титутына мемлекет ақшасын оңды-солды шашып, жалпы білім беретін мектеп пен жоғары оқу орындары мұғалімдерін топ-топ қылып кәсіби тәжірибе алуға шет мемлекеттерге жібе­ріп жатты. Мұндағы мұғалімдер не шет тілін білмейді, не өзіне керекті ма­ман­дығын жетілдіретін бағытын біл­мей босқа барады. Ешбір тәжірибесі жоқ, тіл білмейтін, әйтеуір, мемлекет бөл­ген қаржының есебін толтыру үшін, мақ­сатсыз, есепсіз кадрлардың білім дең­гейін көтеруге бола ма? Жалпы, қай елде болса да, тіпті Кеңес Одағы кезінде мезгіл-мезгіл мұға­лім­дердің білім деңгейін көтеру мақ­сатында конференция, семинар, тәжі­рибе алмасу дегендер болатын. Бірде «Географияны оқыту әдістемесінің» жаңа­лықтары негізінде Арменияда үл­кен одақтық конференция өткені есімде. Одақ тұсында географияны оқыту әдістемесін насихаттайтын мектеп­ке арналған «География в школе» жур­налы болатын. Тек географияның әдіс­темесіне байланысты емес, жалпы бар­лық саладағы мұғалімдердің кәсі­би деңгейін көтеру күн тәртібінен түспей­тін. Ал біздің министрлікте тек қана мұғалімдердің ақшасын көтеру мәселесі ғана алға тартылады. Жақында теледидарда, ақпарат көз­дерінде Білім және ғылым министр­лігінің ақпа­раты бойынша мемлекеттік үш тілділікті ен­гізу туралы, соның ішінде «Қазақстан тарихы» қазақ тілінде, «Дүние жүзі тарихы» орыс тілін­­де жүргізіледі деген хабары берілді. Ал­дағы жылдарда «биология, химия, мате­матика,физика» ағылшын тілінде оқыт­ылады деп мә­лім­деді. Осы аталған пәндердің ішін­­де мемлекеттік негізгі іргетас са­н­а­латын, экономиканың дамуы, тұрақ­тануында маңызды рөл атқаратын, табиғи байлықтың таралуы, оны игеру­дің барлығы географияның үлесіне тиеді. Табиғатты қорғау, экологиялық проблема мәселелері министрліктің ақ­па­ратына енгізілмеген. Сонда, олар­дың ойынша, жаратылыстану ғылымының ішіндегі әлемдік деңгейдегі мәнге ие география кешенді ғылым емес пе екен? Бұл салада не олимпиада, не конференциялар өткізу де министрліктің жоспарына кірмей жүргенін қалай түсінеміз? Ал қазіргі үлкен бір мәселе тәрбие­нің жай-күйі болып отыр. Біздегі эти­ка­лық-педагогикалық нормалардың кем­шіндігі байқалады. Таяуда бір мек­тептегі мұғалімнің бір баланың басқа түсті шалбар киіп келгенін сынып балаларының алдында сөз етіп, баланы ұялтып, тіпті, онымен қоймай сол бала­ны жетектеп, басқа сыныптарға алып барып, оқушылардың көзінше қан­дай шалбар киіп келгенін күлкі еткен әдепсіздік қылығы сөз болды. Баланың намысына тиді. Осының кесірінен ол бала мектепке қайтып оралмады. Мектеп баласының мектеп форма­сына сәйкес емес киім киіп келгенін баламен оңаша сөйлесіп, оның себебін анықтау керек еді. Оның отбасының әлеу­меттік жағдайының төмендігінен болды ма екен? Осының анығына жет­пей, сыныбында жер-жебіріне жетіп ұялтқанымен қоймай, басқа сыныптарды жағалатып, баланың намысына тиіп, психологиялық күйзеліске түсуіне мек­теп мұғалімінің қандай қазымырлық танытқанын теледидардан да көрсетті. Мұндай жағдай оқушылардың ұстазға деген ренішін тудырады. Бұл – мұғалім­нің қандай педаго­гикалық тәрбиесіне жатады? Мұғалім барлық уақытта баланың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтіп, білімін терең беріп, өзінің қадір-қасиетін арттыруы тиіс емес пе? Ата-ана баласын мектепке бергенде, білім мен тәрбие алып болашақта еліне, ата-анасына, айналасына қадірменді азамат болады деп үміттенеді. Жасыратыны жоқ, қазір мектептегі тәрбие жұмысы, олардың білімі мен дүниетанымдық ой-өрісі жат қылық­тарға, қатігездікке бой алдыруда. Мұн­дай жекелеген құбылыстарды бас­қа сыныптарға мысал болсын де­ген ниетпен көрсеткенмен, оның педа­гоги­калық әдепке жатпайтынын ол мұға­лім ескеруі керек еді. Кейде Батыс ел­дерінде мектептегі келеңсіз оқиғалар ашық көрсетіліп жатады. Содан ауысқан әдет болу керек. Біздегі оқытушы ұзақ жылдар бойы оқушысын аялап, әлпеш­теп тәрбиелеуші еді ғой. Айта кететін жайт, барлық мектеп­терде оқушы формаларының қан­дай болуы көптен әңгіме болуда. Министр­ліктің араласуымен бұл мәселе енді ғана шешіліп жатқан секілді. Қай аймақта, қай ауданда болмасын, сол жердің әкімдері мектепте болып жатқан жағдайға мектеп басшысымен бірдей жанашыр әрі жауапты болу керек. Қазіргі баршылық заманда бала­лардың тәни өсіп-жетілуі климат­тық ерекшелікке де байланысты. Біз­дегі климаттық жағдай балалардың өсіп-жетілуіне қолдасады. Оның үсті­не ар­найы ақпараттың көбеюін, теле­ди­дардағы «бостандық» деген сыл­тау­мен жоғарғы сынып жастарының ойына келгенін жасайтынын ескерейік. Осыны ата-ана, мұғалім ыждағатты бақылап, ұл мен қызды жұмсақ мінезді кісілікке, болашақ тұлға ретінде олардың ой-өрісін, дамуын бағдарлай отырып, алдағы өмірге баулуы керек. Жасыратыны жоқ, көптеген жастар арасында қатыгездік, қыздардың жүкті болуы, басқа да келеңсіз жағдайға, орны толмас өкінішке ұрынуы бүгінде көбейіп кетті. Оған кім жауапты? Әрине, ата-ана, мұғалім. Жамбыл облысында болған оқиғада көліктің ішінде босанған қыздың анасы сол нәрестені көліктің есігін ашып жолға лақтырып кеткен. «Ана» болғаныңа болайын-ай! Үйдегі қыз баламен сырлас­паған, болашағын бұлдыр еткен мұндай аналарымыз да «ана» аталып жүр. Дәретханаға, құдыққа жаңа туыл­ған балаларды тастап кету туралы ақпа­раттар теледидарда жиі айтылуда. Бұл көтеріліп отырған түйткілді жайлар қоғамның, ұлттың болашағына зиян келтіретін мәселе екенін түсінетін уақыт жетті. Ата-ана, мұғалім, мектеп дирек­торларымен бірге әкімдер де бұл іске жауапты. Әрі-беріден соң  бұл бүкіл қоғамымызға таңба, ұят іс. Адам тағдыры қандай жағдайда болмасын, қай жерде болмасын бірінші орында болу керек. Біздің болашағымыз – жастар. Олар­дың бәрі бірдей осындай мысалға арқау болмай, теледидардан жетістікті көбірек көрсетсек бір ғанибет. Ата-ана, мектеп басшылары мұндай мәсе­леге үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Нақ осындай тәлімді тәр­бие ісінен ұлт болашағына жауап­ты мамандар, яғни педагог кадр­лар даяр­лап отырған жоғары оқу орын­дары­мыздың ректорларынан бастап, бүкіл профессор, доцент, ұлағатты ұстаз оқытушылар қауымы да тыс қалмасын, өз мойындарына ізгілікті парыз жүктесін дегім келеді. Әлия Бейсенова, ҰҒА академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және экология ғылыми-әдістемелік орталығының меңгерушісі.