• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2016

«National Geographic Қазақстан» журналы жарық көрді

331 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан және АҚШ ғалымдарының қатысуымен Ұлттық музейде және Назарбаев Университетте бірқатар кездесулер өтті. Аталған шара «National Geographic Қазақстан» журналы қазақша нұсқасының жарық көруіне орай ұйымдастырылып отыр.  Кездесу қонақтары – екі дүркін Пулитцер сыйлығының иегері Пол Салопек пен танымал АҚШ ғалымы Александр Моен. П.Салопек бүкіл әлемді жеті жыл бойы жаяу шарлап өтуді мақсат етіп келе жатқан зерттеуші, жиһангез-жазушы. Сол сапары аясында ол қазір Қазақстанға келіп жетті. Ал А.Моен «Out of Eden Walk», яғни «Эденнен басталған сая­­хат» немесе «Әлемдік серуен» және «Genography» жобалары­на жетекшілік ететін үлкен ғалым. Сонымен қоса, бұл шараға қазақстандық белгілі антрополог, археолог ғалымдар, жазушылар мен фотографтар қатысты. «National Geographic Қазақ­стан» журналының тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көруі, әрине, айтулы мәдени оқиға. Соған орай Ұлттық музей директоры Дар­хан Мыңбай басылымның маңыз­дылығы туралы айтып өтті. – «National Geographic Қа­зақ­стан» журналы қазақша нұсқасының жарық көруіне Елбасының өзі көңіл ау­дарып, жоғары баға берген бола­тын. Сондықтан да, осы істің ба­сы-қасында жүрген азаматтарға ал­ғыс білдіргім келеді. Әлем бо­йын­ша 700 миллион аудиториясы бар бұл басылым біздің елімізді жаһанға танытып қана қоймай, туристердің қызығушылығын да оятады деп ойлаймын. Сол себепті де, біз екіжақты әріптестік орнатып, әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Д.Мыңбай. Сондай-ақ, «National Geo­graphic Қазақстан» қоғамдық зерт­теу бағдарламалары вице-прези­денті Александр Моен Ұлт­тық музейден алған әсері­мен бөлісіп, көрсеткен қол­дау­ларға алғыс айта келе, «National Geo­graphic Қазақстан» жур­налы­ның атқа­рып келе жатқан бас­ты миссиясына тоқталып өтті. – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне арнайы экскур­сияның нәтижесінде Қазақ елі­нің терең тарихымен, бай мәде­ниетімен кеңінен танысып, ерекше әсер алып шықтық. «Natio­nal Geographic Қазақстан» журна­лының басты міндеті жазу­шы­лардың, ғалымдардың жұмыс­тарын жариялау арқылы қоршаған ортаны тану және оны қорғау болып табылады. Қазақстан тарабы бізбен бірігіп, әріптестік орнатып жатқанына қуаныштымыз. Ор­талық Азияда әлі де болса ай­тыл­май жатқан дүниелер же­тер­лік. Алдағы уақытта осы жұ­мыстарды атқару үшін үлкен мақ­сат­тар қойып отырмыз, – деді А.Моен. Белгілі жиһанкез Пол Салопек болса, Ұлттық музейдегі адамзат тарихының құнды жәдігері бо­лып табылатын сирек экспо­нат­тардың сақталу, насихатталу жұмыстарына жоғары баға берді. «Әлемдік серуен» жобасына кеңінен тоқтала келе: – Ұлттық музейдің залдарын аралап, айрықша әсер алдық. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр екен. Бұл құптарлық саясат деп ойлаймын. Мен қазіргі уақытта «Әлемдік серуен» жобасы аясында жүз мың жыл бұрын ата-бабаларымның табаны тиген жолдармен жүріп келемін. Саяхатымды 2013 жылы қаңтар айында Эфиопия елінен бастадым. Осы жолда кездескен адамдардан естіп-білген әңгімелерді жазып, кейін оның бәрін ғылыми еңбек үшін пайдаланамын, – деді. Сонымен қатар, жиын барысында тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көріп жатқан «National Geographic Қазақстан» журналы мен беделді басылым қозғайтын география, археология, антропология салаларындағы соңғы жаңалықтар сөз етілді. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».