Тәуелсіздік – ең ұлық мереке. Мұның қадірін жас ұрпақ жақсы түсінеді. Бостандық кілті өзге біреудің қолында болып, мойныңнан бұғау, аяғыңнан тұсау кетпеген жылдардың қасіретін аға ұрпақ ұмытқан жоқ. Жұмабек Тәшенов секілді елінің бағына туған тұлғалар Қазақстанды бодан мемлекет, қазақты бұратана халық көрген компартияның басшысы Н.С.Хрущевқа қарсы шығып, «қазақтың даласы құрақ көрпе емес, әркімге үлестіріп бере беретін» деп өр кеудесін керіп, қасқайып тұрды. Қызметінен айырылды, бірақ ұлт намысын таптатқан жоқ. Ұлан-байтақ бөлшектеуден сақтап қалды.
Сақалына шіркей ұялап, аяулы атамекенімізге жат аяғын басқызбаймын деп ат үстінде кескілесіп өткен батыр бабалардың бір бармағы өле-өлгенше тістеулі өткені анық.
Елі үшін аянбаған ерлердің ескерткіші жанында жеткіншектерге лекция оқылып, отансүйгіштікке тәрбиелеу қолға алынса екен деп ойлаймыз. Мың мәрте құрғақ айтқаннан бір рет өз көзімен көріп, жүрек елегінен өткізген артық қой.
Түркістан қаласындағы гуманитарлық колледждің студенттері мен оқытушыларының бастамасымен аталмыш оқу орнының жанынан «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» аллеясы ашылғанда да осыны ойладық. Бұл жиынға мыңға тарта студент жастар қатысты.
«Жасыл ел» бағдарламасы аясында 25 түп көшет еккен жастар енді 25 түп алма, 25 түп шие және 25 түп қылқан жапырақты дарақ отырғызуды қолға алып жатыр. Бос жатқан алаңқайларға гүлдер егілуде.Қазақстаннан артық Отан жоқ. Алуан ұлттың баласы осылай дейді.
Басқа оқу орындары мен мекемелер де Тәуелсіздік тойына орай түрлі іс-шаралар өткізіп, құрметін білдіруде.
Ер түріктің бесігі Түркістанда осындай игі істер қолға алынып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.