2016 жылдың 1 сәуірінен бастап Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының тұрғындары үшін жеке куәлік пен төлқұжатты жедел дайындап беру уақыты небәрі екі жұмыс күнін алады.
– Биыл Ақтөбеде ашылған қосымша орталықтың арқасында басты құжаттарды беру мерзімі екі күнге қысқарды. Сондай-ақ, еліміздегі төрт қалада да жеке куәлік алу мерзімі екі күн болады, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғынбаев.
Айта кетейік, бұған дейін төлқұжат пен жеке куәлік алу Шымкент қаласының халқы үшін 15 күнге созылатын. Енді жарты ай бойы аталған құжатты күтетін тұрғындар үшін бұл басты жаңалық болып отыр.
Бұған дейін құжат дайындау орталықтары Астана мен Алматыда ғана болған. Сол себепті құжаттарды дайындау ұзаққа созылып кететін. Осы себепті Шымкент пен Ақтөбеде жеке куәлік беру уақытын қысқарту үшін жаңа орталықтар ашылды.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан».