Жоғары оқу орнының 82 жылдық аса бай тарихы Қазақстанның академиялық ғылымы мен жоғары мектебінің қарқынды дамуымен тығыз байланысты. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында жемісті еңбек етуде.
Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі көш бастап тұрған жоғары оқу орындары арасындағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының бірінші иегері. Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру бағдарламалары бойынша 305-орынға тұрақтанды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ТМД университеттері арасында үшінші орында.
UNIFORM Project Халықаралық консорциум негізінде Токио университетімен бірігіп Қазақстан тарихында бірінші рет сирек кездесетін жоба отандық наноспутникті әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл әзірлеме басқа да жобалар сияқты ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылмақ.
Университеттің миссиясы – еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды даму мәселелерін шешуге бағытталған заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру.
ҚазҰУ қалашығының барлық аймағы Wi-Fi сымсыз желісімен қамтылған. Оның кез келген жерінде әр студент университет бірлестігінің желісінде жұмыс істеумен қатар, интернетке ақысыз қосылу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, тәулік бойы істейтін 300 орындық жаңа Интернет-кафе жұмыс істейді.
ҚазҰУ 400-ден аса шетел университеттерімен өзара ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасқан. Келісімшарт негізінде магистрант, докторанттарға екі адамның жетекшілік ету тәжірибесі кеңінен өрістеп отыр. Бір ғылыми жетекші Қазақстаннан болса, екіншісі – шетелдік ЖОО-дағы белгілі ғалым. Осының барлығы ҚазҰУ студенттері үшін халықаралық деңгейде оқып, зерттеулер жүргізуге лайықты жол ашады.
Рабиға БОЛАТОВА,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
4-курс студенті.
АЛМАТЫ.