Бүгінгі күні әлем елдері АҚШ-та өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің салмағын сараптауға кірісті. Оң пікір мен солақай көзқарас қатар жүреді дегенімізбен, әркім сақасының ыңғайына қарай көздейді. Қазақ елінің ядролық қаруға деген қарым-қатынасы бесенеден белгілі. Десе де, біз мұхиттың арғы бетіндегі дүбірлі жиынға қатысты саясаттанушы Нұрхан ЖӘЛИЕВТІҢ пікірін білген едік.
– Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттен бұрын Қазақстанның бұл орайдағы саясатына қатысты ойыңызды айтсаңыз.
– Қазақстан егемендік алған күннен бастап әлемдік қауымдастық алдында өзіндік даму бағытын, саяси ұстанымын айқындап алды. Қазақ деген әу бастан бейбітшілік сүйген, ырысын ынтымақпен арттырған ел. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз қазақ елінің тізгінін қолына алған сәттен бастап, жоғарыда айтып өткен ұлттық қасиеттерімізді төрткіл дүниеге танытып үлгерді. Әлем тарихында алғаш болып ядролық қарудан бас тарттық. Кеңестік кезеңде ядролық қару сынағына айналған Семей полигоны жабылды. Оның зардабы мен зияны бүгінге дейін қалай болып еді? Әлі қаншама ұрпақтың тамырына балта шабады десеңші? Елбасымыздың салиқалы саясатының өміршеңдігі осында, кесапатты қарудан бас тарту шешімі ұрпақ саулығын ойлаудан, ұлт болашағына алаңдаудан қабылданды деп білеміз. Әйтпесе, ядролық қаруының барына мақтанатын елдер жетерлік. Әрине, олардың ішкі-сыртқы саясатына сын айтудан аулақпыз. Дей тұрғанмен, бүгінгі жаһандық қалыптасқан жағдай ядролық қаруды сақтаудың зардабы зор екендігін, ол дегенің үрім-бұтағыңның басын бәйгеге тігу екендігін аңғартып отыр.
– Енді саммит жөнінде айтсаңыз.
– Қазақстан әлемдік аренада өзінің ядролық қаруға деген қарсылығын тұрақты әрі табанды түрде танытып келеді. Және бұл көзқарастағылардың алдыңғы легінде десек, қателеспейміз. Соған сәйкес әлемдік күн тәртібіндегі мәселенің шешілуінде ерекше рөл атқарамыз. Елбасымыздың кешегі АҚШ-та өткен саммитте қақ төрден орын алуы – осы сөзіміздің айғағы.
Елбасымыз саммиттен соң БАҚ өкілдеріне арналған брифингте «АҚШ Президентінің бастамасымен өткізілген саммиттер елеулі пайдасын тигізді. Бүгінде бүкіл әлем бойынша планетаны тұтасымен әлденеше рет жоюға жеткілікті өте көп ядролық қару бар. Сондықтан, қарусыздану мәселесі біздің және ұрпағымыздың болашағын айқындайды», деп мәлімдеді. Өзіңіз байқағандай, Елбасымыздың бұл мәлімдемесі ядролық қаруды сақтап отырғандарға арналып отыр. Ұрпағының болашағын ойлайтын елдер түптің-түбінде қарусыздануға қол жеткізуі тиіс.
– Өзіңіз айтып өткен брифингте Елбасымыз терроризм турасында пікір білдірген еді. Сол жайындағы ойыңыз қандай?
– Күннен-күнге террорлық әрекеттердің көбейіп бара жатқаны дүниежүзін алаңдатып отырған жайт. Қаншама бейбіт тұрғындар жапа шегіп, өлім құшып жатыр. Ал онымен күресу, тамырына түбегейлі балта шабу мүмкін болмай отыр. Қайткен жағдайда мүмкін болуы мүмкін? Әрине, әлем елдері біріккенде, жұдырықтай жұмылғанда ғана. Елбасының: «Мен террорлық ұйымдарға қатысы бар әркімді бақылауға алуға болатын бірыңғай әлемдік желі құру қажет деп санаймын», деген пікірі осы бірігіп күресудің ауадай қажеттігін аңғартады.
Әңгімелескен
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда.