Тілшілер қосынының телефоны шылдыр ете түсті. Телефон құлағын көтерген кезде арғы жақтан есімі елге елеулі азамат, ел мен жердің тыныштығы мен амандығын тілеп зыр жүгіріп жүрген жанашыр жан, облыстағы үкіметтік емес экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Ғазиз ХАЙМУЛДИННІҢ таныс дауысы естілді. Амандық-саулық сұрасқан соң іле-шала ол кісі Елбасының АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткізілген саммитте сөйлеген сөзінен айрықша әсер алғанын айтып берді. «Мен саған Елбасының осы ақыл мен парасатқа толы толғанысынан алған әсерім мен көкейге келген ой-пікірімді айтсам ба деп едім. Содан соң оны «Егеменге» жолдасаң дұрыс болар еді. Соған қалай қарайсың?» деді ол.
– Ғазиз аға! Іздеп отырғанымыз да өзіңіздей ел ағаларының ой-пікірі емес пе?! Сәл күте тұрыңыз. Қазір сізге барамын, дедім мен көтеріңкі көңілмен. Кездескен сәтте Ғ.Хаймулдин Елбасы сөзінен ұққан-түйгенін былайша жеткізді.
– Мен ең алдымен Қазақстан басшысының Кеңес Одағы тарамай тұрған кезде Семей ядролық сынақ полигонын жабу жөніндегі шығарған Жарлығы ерлікке парапар іс болғанын айтқым келеді. Бұл ядролық қарудан әлемді азат ету жөніндегі тұңғыш қадам болғанымен ерекшеленеді. Әрі бұл күн Қазақстан басшысының ұсынысы бойынша Ядролық қарусыздану жөніндегі халықаралық күн болып белгіленді. Сондай-ақ, бұл күн адамзатқа жаппай қырып-жоятын ядролық қаруды қолдану шексіз қасірет әкелетінін алғаш рет ұғындыра алған тарихи күн болуымен де айрықша. Бұған қоса, менің ойымша, 29 тамызды тұмса табиғатты бұзбай, оның байлығын қоршаған ортаға зиян келтірмей тиімді түрде игеру мен пайдалануды меңзеген, бақытты ғұмыр кешуді көксеген күн деп те түсінуге болады. Бұл осындай бағыттағы бағдарламаның бастау көзі тәріздес.
Ал АҚШ-тың Вашингтон қаласында ядролық қарусыздану тақырыбында өткізілген саммитте Елбасымыздың сөзіне әлемдегі ең мықты, ең жақсы дамыған өркениетті мемлекет басшыларының түсіністікпен құлақ асуы, біздің Президенттің ядролық қарусыздану жөніндегі айтқан сындарлы ұсыныстарының қабылдануы, шын мәнінде, атап айтуға тұрарлық мәселе. Менің ойымша, бұл жалаң ұғым емес. Жалаң ұсыныс та емес. Мұның арғы жағында қазақ деген халықтың, қазақ деген ұлттың өкілінің сөзі әлемдік деңгейде қабылданып, әлемдік деңгейде мойындалды деген терең түсінік жатыр. Өзгені қайдам, өз басым дәл осы сәтте өмірге қазақ болып туғаным үшін шексіз бақытты сезінгендей күйге түстім.
– Ғазиз Усағалиұлы, Қазақстан басшысының осы саммитте қарулануға байланысты халықаралық терроризмді бірлесіп ауыздықтау жөніндегі ой-пікірі мен ұсынысы туралы не айтар едіңіз?
– Елбасымыз әлемдік ауқымдағы терроризм көріністері бірінші кезекте адамдарды қырып-жоюды мақсат ететінін, терроршылар арам пиғылдарын іске асыру үшін қарулануды көздейтінін атап көрсетті. Терроризмнің басты мақсаты – қарулану. Жай қару болса да ештеңе емес-ау, кесірлер, тіпті, атом қаруларын қолдануға дейінгі іс-әрекеттерге бара алатынын аңғартып жүр. Елбасы атап көрсеткендей, ажал себетін қару мен оны дамыту технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына уақыт өте келе түсуі әбден мүмкін. Қазақстан басшысы әлемнің ірі мемлекет басшыларының назарын осы мәселенің алдын алуға аударды.
– Қазақстан Президенті саммитте адамзатқа «XXI ғасыр: Соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет екенін алға тартты. Бұған не дейсіз?
– Әлемдегі көшбасшы мемлекет басшылары бұл ұсынысты қолдағаны Қазақстан басшысының ұсынысы олардың да ойынан шыққанын көрсетеді. Әлемде адамдардың тыныш, соғыссыз өмір сүруінен артық ешқандай құндылық, ешқандай рахат жоқ. Тек бір ғана Қазақстан халқының ғана емес, барша әлемдік қауымдастықтың болашағын ойлаған, XXI ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына алаңдаушылық білдірген Нұрсұлтан Назарбаевтың бай парасатына аса тәнтіміз. Абай атамыз айтқан: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» келетін өлең шумақтары дәл осындайда еске түседі. Н.Ә.Назарбаев өзге мемлекет басшылары мен әлемдік лидерлердің назарын ядролық қарусыздану жөнінде қашанда ақыл мен парасатқа жүгіну артықтық етпейтініне аударды. Сірә, бұдан артық ізгілікті, бұдан артық парасаттылықты таба алар ма екенбіз. Әй, қайдам?!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.