• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2011

Ауылды көтермей, ел өркендемейді – дейді болашақ агроном Бексұлтан Әділханұлы

493 рет
көрсетілді

Алтын дала ауылына көшіп келгенге дейін Оташевтар отбасы Торғайда тұратын. Жангелдин ауданындағы «Аққұм» кеңшары жердің түбі еді. Сол жылдардың алмағайып сипатын есіне алса, Жамал апаның әлі күнге дейін жүрегі сыздайды. Кеңес Одағы тарап жатты, шаруашылықтың да, ауылдың сәні де кеткен. Қаладан келген саудагерлер жалаңдап, бір қап ұнға бір қой, екі-үш қап ұнға бір сиыр алып кетеді. Жұрт босып көшті. Зәрезап болған олардың да салы суға кеткен. Боран болса жол жоқ, облыс орталығы мен ауданды жалғайтын ұшақ та ұшпай қалған. Қыстың ақтүтек бораны ұлып тұрған желтоқсанның он алтысы күні Жамал апаның кіші келіні Алтынай толғатты. Әйтеуір ауылдағы акушер-фельдшер Гүлнар Оспанова үйде босандырып алып, екі шекесі торсықтай ұлдың кіндігін кесті. Келіні аман есен аяқ-қолын бауырына алып, немерелі болған Едрес әкей мен Жамал апаның қуанышында шек болған жоқ. Боранға қарар емес, соғым да сойылды, ауылдастары шілдеханаға келді. Ұлдың аты Бексұлтан болды. – Құдайға мың да бір шүкір, келіндердің аяғы құтты болды. Үлкен келінім ұл тапқанда «қай­та табысқан дініміздің, дәс­түр-салтымыздың, тіліміздің иесі, мұ­рагері болсын» деп не­ме­рем­нің атын Мұрагер қойдым. Осы Алтынай келінім тұңғы­шын тапқанда «қаңғып келген шү­регей көлге пана болмайды» деген сөзі жүректі тырнап кететін «Қасқалдақ» әнінің кең жай­ылып тұрған кезі еді. Қа­зақстан республикасын басқаруға Колбиннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев келгенде жұрт көңілді бір демдеді. Егемендік келді. Мен де немеремнің атын Нұрсұлтан деп қойдым. Ал Бексұлтан туғанда, ел­де ақ түйенің қарны жарылды, елдің нағыз бостандығы, еркіндігі жария болды, аяқтан тұсау, мой­ын­нан қамыт шешілді. Сол тәу­елсіздігіміз, тіліміз, дініміз, иман­ды­лығымыз бәрі бекісін деп мына немеремнің атын Бексұлтан қой­дым, – дейді Жамал апа Оташева. Осы баланы аудан жұрт­шы­лығы таниды десек, өтірікші бола қоймаспыз. Ақ түйенің қар­ны жарылған, азаттық таңы атқан 1991 жылғы 16 жел­тоқ­сан күні туған бала ауданда көп емес екен. Аудан орталы­ғын­дағы мәдениет үйінде Тәуел­сіз­дік құрдасының бір жасқа то­луы аталып өтті, одан тұсауы кесілді. Торғайдан жұрт боса көш­кенде осы Тобыл өзенінің жа­ғасындағы ата-жұртына тоқта­ған­мен, Оташевтар отбасы керемет өмірге күмп ете қалған жоқ. Өйткені, нарықтың қос бүйірден қысқан қиын уақыты еді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген емес пе, сол жылдары облыста ұры-қары да көбейген. Ұрылар Бек­сұл­тан­ның әкесі Әділханның да бір-екі қарасын жәукемдеп ал­ған бола­тын. Жұмыс жоқ, үйде кемпір-шал, шиеттей бала-шаға. Ұрыдан қорқып мал ұстамаса тағы күн жоқ. Әділхан қо­ра­дағы малдың қысқы шөбін өзі орады. Әне-міне дегенше үйел­мелі-сүйелмелі Нұр­сұлтаны мен Бексұлтаны да мектепке бар­ды. Буыны қатпаған бала болса да Әділхан ұлдарын шөп шабуға ертіп кетеді. Бексұлтан ағасына қа­рағанда шаруаға икемдеу, мық­шыңдап атты арбаға өзі жегеді. Әкесі орған шөпті жинайды, тәмпіш мұрны тершіп бір тынбайды. – Осындағы шаруашылық тарап жатқанда бізге де бір тозығы жеткен трактор тиген болатын. Кейін бір жүк мәшинесін ал­дық қа­рыз­данып, қауғаланып жүріп. Со­ның барлығын жөндейтін Бек­сұлтан. Мектепте оқып жүр­ген­де-ақ техниканы ұршықша үйір­ді. Ме­нің сеніп алғаным сондай, Бек­сұлтансыз тракторды қозға­май­мын да. Жаздыгүні Бексұл­танның арқасында осы жаман трак­тормен шөбімізді дайындап, жамау-жас­қау мәшинемен оты­ны­мызды тасып аламыз, – дейді Әділхан. Бексұлтан Алтын дала орта мектебінің 9-шы сыныбынан кей­ін облыс орталығындағы Ы.Ал­­тынсарин атындағы дарынды ба­ла­ларға арналған мектеп-интер­натында оқып, оны жақсы бітіріп шықты. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 100-ден асыра балл жинап, А.Бай­тұрсынов атындағы универ­ситеттің агрономия факультетіне грантпен түсті. Қазір оның екінші курсында оқып жатыр. Бала кезінен спорт пен музыкаға әуес болды. Негізі көп балалы Оташевтар отбасынан домбыра мен гармонь, гитара арылған емес. Едрес атасы мен Жамал әжесінің өзі де өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар. Балаларының бар­лығы да әнмен, күймен өсті. – Бексұлтанның мінезі тұйық. Не нәр­сені де үндемей жүріп бітіреді. Мектепте оқып жүр­ген­де «Жігіт сұлтаны» байқауына шақыр­ды. Сонда өз ба­лам­ды өзім танымай қал­дым. Байқауға қатысқан он ұлдың арасынан жарқырап, бірінші орынды алды. Өзімізге үйде байқатпайды екен, домбыра тартқанда жұртты аузына қарат­ты. Бексұлтанның ойған оюын көрген жан таң-тамаша қалады. Бала кезінде бәйгеге ат жаратты, қол­өнерге де бейім, аттың әбзел­дерін жасауға талпынады, қамшы өреді, – дейді анасы Алтынай. –Қазір спорт пен оқуды қатар алып жүр, оған да қуанамыз. Қазақша күрестен 83 килолық салмақта Бексұлтан аудан мен университеттегі факуль­тетаралық жарыстарда көзге түсіп жүр. Сабақтан қол босағанда жатты­ғулардан қалмайды. Қыс­қы сессиясын да жақсы бітірді. – Басқа факультетке түссем де болар еді, бірақ өзім осы агроном мамандығын қаладым. Өйткені, келешекте қалада қал­маймын, нақ ауылға барамын. Менің арманым – ауылды көтеру. Ал ауыл шаруашылығы жақсар­май, ауыл да гүлден­бейді, ол тек мамандардың арқасында мүмкін болмақ, – дейді Бексұлтан. Жиырмаға енді аяқ басып, мұрты тебіндеген бозбаланың ақыл тұнған ойлы жанары­нан табандылықты оқығандай бола­сың. Сөздің емес, істің адамы болайын деп тұрғандай. Тәуел­сіздік деген ұғым көз алдымда тамыры беки түскен шынар болып елестеп кетті... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Қостанай ауданы.