• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Қарғынға қарсы қимыл

415 рет
көрсетілді

Қостанайда алтын күректің самалы қар көбесін сөгіп, қарғын су жұртты әбіржіте бастады. Тұрғындармен қатар төтенше жағдайлар департаменті, жер­гілікті әкімдіктер, полиция ор­гандары қызметкерлерінен түнде ұйқы қашты. Облыстың солтүстік аудандары мен қа­лаларында, Қостанай қаласы маңында біраз елді мекендер қар суының қор­шауында қал­ды. Қостанай қала­сындағы Қостанай-2 шағын ауда­нындағы көшелер мен үйлер суда тұр. Сонымен қатар, қаладағы бір­неше ұзын көше, Дизель зауыты тұрғын ауданын да су бас­ты. Қозғалыс белгісіз уақытқа тоқтатылды, қоғамдық көлік қоз­ғалысының бағыты өзгертілді. Әсіресе, Қостанай-2 шағын ауданындағы жағдай қиын боп тұр. Қардың күндіз-түні еруіне байланысты кеше түнде қарғын судың осы шағын тұрғын ауданда орналасқан ұзындығы 3,5 шақырым, тереңдігі 3-4 метр, ені 4 метр болатын «Нагорная канава» су жіберу арнасынан асып кету қаупі туды. Арна шетіне 3000 қапшық құмнан тосқауыл қойылды. Осы жұмыстарға жә­не тұрғын үйлерді судан тазартуға 200 адам мен 35 техника жұмылдырылды. Үйлер мен аулалардағы суды насоспен сорып алу жұмыстары жалғасуда. Күн жылынған сайын қардың тез еруінен Рудный қаласындағы Горняцкий ауылының екі көшесіндегі үйлерді, Қостанай ауданына қарасты Озерный, Таран ауданындағы Таран, Ар­қалық қаласындағы Неф­тебаза, Северный, Сарыкөл ауданындағы Сарыкөл ауыл­дарындағы тұрғын үйлер суда қалды. Олардың бар­лы­ғында құтқару, қызыл судан тазарту жұмыстары жүргізілді. Су тасқынына қарсы және оның залалын жою жұмыстарына төтенше жағдайларлар депар­таменті құрамасы мен жергілікті атқару органдарынан 30-дан аса техника және 66 адам жұ­мылдырылды. Оның сыртында Батыс Қазақстан облысынан да 51 адам, 9 техникасы, 8 қайығы, мотопомпасы бар құрама күш келіп қосылды. Облыстың оңтүстігінде жат­қан Жангелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласы төңірегінде қар еріп болған. Торғай өзені мен оның салаларында сең жүрген, су жылдағы мөлшер шамасында. – Су басу қаупі облыстың сол­түстік өңіріндегі Денисов, Таран, Қамысты, Жітіқара, Қос­танай, Алтынсарин аудан­дарындағы бірқатар елді мекендерде сақ­талып отыр. Әйет, Тобыл, Желқуар, Жайылма, Бірсуат өзендерін қарап шықтық, қар көбесі сөгілгенмен әлі қалың, қарғын судың өзендерге ағуы да түрлі деңгейде, сең жүрген жоқ. Қар суы жылдағы мөлшерден шамамен екі есе көп, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмағанбетов. Қар суының жайылмауы үшін облыста 37 шақырымдық арық, 44 каналдар арнасы, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жол­дарындағы жүздеген су өткізу құбырлары тазаланды. Тобыл өңіріндегі Жоғарғы Тобыл және Қартомар су қоймаларына қа­зір қар суы көп мөлшерде жі­беріліп жатыр. Қаратомар су қоймасына сәуірдің басынан бастап секундына 70 текше метр су жіберілуде. Жоғарғы Тобыл су қоймасына 816 миллион текше метр, Қаратомарға 506 миллион текше метр су жинауға болады. Қазір Жоғарғы Тобыл су қоймасында – 215, Қаратомарда 239 миллион текше метр бос орын бар. Ауа райын болжаушылар Тобыл өңірінде әлі де жаңбыр, қар жауатынын айтып отыр. Бұл да су тасқыны қаупін күшейте түсетіні тағы аян. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.