• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2016

Әлемді ақылға шақырған әділ сөз

503 рет
көрсетілді

Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитке қатысқан Елбасы Назарбаев өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін ұсынды. Бұл жер жүзіндегі тыныш өмірді қалайтын адамзаттың барлығын да бей-жай қалдырмағаны аян. Біз А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Сафар ҚОЛДЫБАЕВТАН осы маңызды құжат туралы пікірін сұраған едік. – Сафар Әбдіғалиұлы, компьютер, үздік технологиялар заманына айналған ХХІ ғасыр адамзаттың арманын басқа арнаға бұрғандай. Ядролық соғыс қаупі адамзатты ғана емес, жер планетасының өзін құртып жіберердей, аждаһа күшке айналып келеді. Неге бұлай? – ХХІ ғасырда болып жатқан өзгерістер, оқиғалар, саяси көзқарастар жер бетін­дегі адамзаттың алақанында секілді. Өйт­кені, технологиялардың дамығаны сонша, жер­дің ана материгінде біреу түшкірсе, өзге материк­тегілер естіп отыр. Күнде қан төгіс, лаң­кестік жайлап барады. Ядролық қаруы барлар қоқан-лоқы көрсетеді. Өктемдіктің лайықты қайтарымы да болмай қоймайды. Өкінішке қарай, осы көріністің оралымы күшейіп, ғылымның барлық жетістіктері қарулануға батыл енгізілуде. Нұрсұлтан Әбішұлы Америка Құрама Штаттардағы саяси, қоғам қайраткерлерінің алдында сөй­леген сөзінде мұны айтып өтті. Ядролық қаруды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап сулары түбіне, Арктикаға орналастыру қаупі ғылымның қаруға қызметін көрсетпей ме? Адамдардың бойын түймені басып қалса жұдырықтай жердің күл-талқаны шығардай ғаламдық үрей билейді. Ядролық қаруға тыйым болмаса үрей­дің шындыққа айналары да хақ. Мұның барлығы да, біріншіден, дүниенің тұтқасын өзі ғана ұстағысы келе­тін экономикалық, ғылы­ми жағынан өте дамыған державалардың өк­тем­дігінен орын алып отыр. Ал өктемдік пен әділетсіз­дік қашанда қарсы күшті туғызады. Халық­аралық қырғи-қабақтықтың тағы бір себебі, екі үлкен держава – Ресей мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келісе алмау­шылық екені де белгілі. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында Кеңес Одағы тарапынан айтылған «қырғи-қабақ соғысты», ядролық жанталаса қару­лану­ды қояйық деген мәмілеге Америка жа­ғы келіскен болатын. Алайда, алып елдің сөзі мен ісі бір жерден шықпады. Өткен ғасырдың екінші жартысында халықаралық саяси қайраткерлер жанталаса қарулануды тоқтату, «қырғи-қабақ соғысты» болдырмау туралы жақсы жұмыс істеп, пәтуаға келді. 1975 жылы Хельсинкидегі келі­сімнен кейін дүниежүзіндегі бес ядро­лық держава атом қаруын сынау мора­торийін жариялап, сөздерін ұстады да. Со­ның арқасында әлем қырық жылдан астам уақыт ядролық қауіпсіз жағдайда өмір сүрді. Қазір оның күші әлсіреп, әлемде «ядролық қырғи-қабақ соғыс» қаупі бас көтере бастады. Оның себептерін айттым. – Қайта бас көтерген «қырғи-қабақ соғыс­тың» қаупін азайтуда ІV қоры­тын­ды саммиттің маңызы қаншалықты деп ойлайсыз? – Жалпы жаһандық қандай да проблема­лардың шешімін іздегенде қолында мүмкін­діктер мен түйінді әрекет әлеуеті бар көш­бас­­шылар мен саяси қайраткерлердің, әскери ұйымдар басшыларының бас қосуы қажеттілік. Нұрсұлтан Әбішұлының осын­дай алқалы топ алдында «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялауы осы самиттің ерек­шелігі болды деп білемін. Елбасы жер жүзіндегі ядролық қарулануды, оның қау­­пін нақты сипаттап қана қоймай, оны тоқ­­та­ту жолдарын да көрсетіп берді. Осы­дан 25 жыл бұрын жас тәуелсіз мемлекет ядро­лық сынақ полигонын жауып, ядролық қару­дан бас тартты. Бұл – жер бетіндегі мем­лекеттерге үлгі боларлық іс. Дүниеде Қазақ­станнан өзге осындай батыл қадамға барған ел жоқ. Енді Қазақстан аумағында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған отын банкі құрылды. Бұл да Қазақстанның бейбітшілік үшін тағы бір батыл бастамасы болады. – Мұндай қадамға дүниежүзіндегі барлық мемлекеттердің, оның ішінде қаруы бар державалардың көзқарастары бірдей бола ма? – Қазір жалпы, ядролық қаруға түрлі көзқарастың бары да рас. Кейбір елдер ядролық қаруды бейбітшілік кепілі деп біледі. Мемлекеттің қаруы болса, оған ешкім тиісе алмайды, яғни елдің тыныштығы қорғалады деп ойлайды. Бұл түбірінен қате түсінік екенін саясаткерлер түсінетін уақыт жетті. Ядролық қару қолданғанда жеңімпаз болмайды, ол тірі жанның барлығын жояды. Тіршіліктің тамырына балта шабылады. Мұны бір жағынан Америка да, Қытай, Оңтүстік, Солтүстік Корея – барлығы біледі. Бірақ ядролық қарудан бас тартып жатқан ешқайсысы көрінбейді, өйткені, өзара сенім жоқ. Елбасы өзінің манифесінде ядролық қарудың тарау, оның лаңкестер қолына түсу қаупін де ескертті. – Терроризм қазір ядролық соғыс қаупін үрлей түсетін тәрізді. – Террор, лаңкестік адамзат қоғамына өте қауіпті құбылыс болып тұр. Оның көрініс табу себебі туралы пікір де әр алуан. Қазір оны дүниежүзінде кейбіреулер өзінің саяси мақсатына пайдаланады, сол үшін мыңдаған адамның қанын мойнына жүктеп, қолдап отыр деген пікір үстем. Қандай болғанда да олардың қолына ядролық қырып-жоятын қару түсіп қалмауының алдын алу керек. – Жаһанды ядролық қауіп тығыры­ғынан алып шығар жол бар ма? – Бар. Бір ғана жол бар. Оны біздің Мемле­кет басшымыз көрсетті. Ол –ақылға келу. Нұрсұлтан Назарбаев әлем саясаткерлері мен әскери блок, ұйымдар басшыларын ақыл-парасатқа шақырды. Бұлай болмайынша, адамзат өзі ойлап тапқан ядролық қару шеңгеліне өзі түсіп қалады. Ашумен де, қарумен де шешілген түйін жер бетінде бол­ған емес. Бүгін қаруын қайда сайларын біл­мей отырғандар түбі осы жолмен ғана жүре­тін болады. Басқа жол тығырыққа тірейді. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.