АҚТӨБЕ. 13 сәуір. Ұлттық экономика министрлігінің облыс әкімдігімен бірлесе отырып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында өткізген кеңесінде Жер кодексінің және басқа заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және ауылдық әкімдер, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысқан алқалы жиында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, құрылыс саласындағы жаңа енгізілімдер, сондай-ақ, салық және кеден заңнамаларына енгізілетін өзгерістер сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Кеңесті қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде 25 миллион гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар екенін, соның 1 миллион гектарға жуығы егіншілікке жарамды екенін тілге тиек ете келіп, 112 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқанын атап өтті. Биыл аукцион арқылы 184 мың гектар жер сатылатынын, осыншама алқапты сатуға дайындау құжаттарын жасауға 58 миллион теңге қаржы бөлінгенін жеткізді.
Кеңесте сөз алған Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазіргі күнде еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 99,5 миллион гектары, яғни 99,7 пайызы ұзақ мерзімді жалға берілген, тек 1,3 пайызы жеке меншікте екен. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35және 36 қадамдарын жүзеге асыру асяында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке берудің жаңа механизмін енгізу мақсатында 2015 жылғы 2 қарашада Қазақстан Республикасының «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, бұл заң үстіміздегі жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Ол бұл өзгерістер мен толықтыруларда мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жеке меншікке аукцион арқылы беру, жалға берілген жер телімдерін сатып алу бойынша жеңілдік шарттарын ұсыну, жалға алынғңан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бойынша шектеулерді алып тастау, ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін алып тастау қаралғанына ерекше тоқталды. «Аталаған шаралар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді нарықтық айналымға енгізу үшін қажеттіжағдайлар туғызады, жер қорларын ұтырлы пайдалану бойынша жер иелерінің жауапкершілігі мен ынтасын артырады», деп түйіндеді ойын Қайырбек Өскенбаев.
Сондай-ақ, сатудан алынатын салықты қолданудың әлемдік тәжірибесін зерделеу бойынша жұмыс жүргізуде, шағын және орта бизнес үшін патент және оңтайлатылған декларация негіндегі арнаулы салық режімдерін, шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режімдерін реформалау мәселелері пысықталуда екені, қолданыстағы салық жеңілдіктері мен салықтық және кедендік үрдістерін әкімшілендіру тетігіне талдау жасалап жатқаны сөз болды.
Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбак Өскенбаев, осы минситрліктің салық және кеден департаменті директорының орынбасары Дарын Әбдуәли кеңеске қатысушылардың жер мәселесіне қатысты бірқатар сауалдарына жауап берді.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, фото: egemen.kz