• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

Мақсат – экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

363 рет
көрсетілді

Жүйелі түрдегі бақылаусыз азаматтардың, қоғам мен мемле­кет­тің мүддесі үшін бюджет саясатын табысты іске асыру мүмкін емес. Жаңа әлемдік сын-тегеуріндерге бейімделген экономиканың өзгеріп отыруы қаржылық бақылаудың тетіктері мен аспектілерін жетіл­діруге байланысты болады. 1996 жылы Мемлекет басшы­сының Жарлығымен Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті­нің құры­луы­­мен мемлекеттік қар­жы­лық бақылаудың қазақ­стан­дық жүйесінің даму тарихында жаңа бір парақ ашылды. Өткен 20 жыл ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрақты көңіл бөлуі мен қолдауының арқа­сында, Есеп комитеті бюджет жүйе­сі тиімділігінің артуына және бюд­жет қаражатын алушылардың қар­жы тәртібінің жақсаруына ықпал ете­тін, мемлекеттік басқару­дың тәуел­сіз әрі пәрменді органына айналды. Еліміз тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдары, яғни 1996 жылға де­йін мемлекеттік қаржылық бақы­лауды Қаржы министрлігінің Бас бақылау-тексеру басқар­ма­сы, кейіннен Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Мемлекеттік қаржылық бақы­лау комитеті жүзеге асырды. Сол кездері Қазақстан қатал дағ­дарыс пен жоғары инфляцияның салдарын бастан кешіріп жатқан. Ол мемлекеттік кіріс деңгейінің төмендеуінен, қаржы жағдайының және мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар тәртібінің нашарлауынан, салықтық әкімшілендірудің әлсіздігінен көрінген болатын. Экономикалық және әлеуметтік қатынастар жүйесі толығымен өзгеріп, аталған факторлардың барлығы бюджет саласының дамуын тежеген еді. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен нарықтық экономикаға кө­шу жағдайларында түсімдердің толықтығы мен мемлекеттік қара­жаттың пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуге қабілетті, тәуелсіз мемлекеттік орган қалыптастыру жұмыстары басталды. 1995 жылғы 30 тамызда рес­­­пуб­ликалық референдумда қа­былданған Конституцияда Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін құру үшін негіздер қаланды. Оның төрағасы мен мүшелерін Президент пен Пар­ламенттің тағайындауы Есеп комитетінің Үкіметтен және мем­лекеттік биліктің басқа да ат­қарушы тармағынан тәуелсіздігін белгілеп берді. Президенттің 1996 жылғы 19 сәуірдегі Жарлығымен Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін Есеп комитеті туралы, оның негізгі функциялары мен міндеттерін айқындайтын ереже бекітілді. Сондай-ақ, өзінің мазмұны бойынша Үкіметтің есебіне қорытынды болып табылатын, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекітуге ұсыну жолымен Есеп комитетінің Парламент алдындағы есептілігі белгіленді. Ұйымдастырудағы қиындықтар мен елімізде мұндай құрылымның жұмыс істеу практикасының болмауы­на, органның жаңадан құрылғанына қарамастан, 1996 жылдың мамырында кірістерді қалыптастырудың дұрыстығы мен жер қойнауын қорғаудың және минералды-шикізат базасын өндірудің  республикалық қорына бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуы мәселесі бойынша тексеру жүргізді. Парламентке 1995 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Есеп комитетінің есебі ұсынылды. Бюджеттің елеулі тапшылығы жағдайында Есеп комитеті мем­лекеттік меншікті тиімді басқаруға және ресурстардың оңтайлы пайдаланылуына бағытталған іс-шараларға белсенді қатысты. Үкіметке бюджет заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар жібере отырып, нормативтен тыс шығыстардың жолын кесуді, заңсыз пайдаланылған және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған қаражаттың бюджетке өтелуін қамтамасыз етті. Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған реформалардың жүзеге асырылуы Қазақстанның экономикасына тұрақтандырушы ықпал етті. Бұл ретте мемлекет кірістері мен шы­ғыстарын бақылаудың күшейтілуі де маңызды рөл атқарды. Республикалық бюджетке түсетін түсімдердің өсуі, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымның қар­қынды дамуы, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысының жандануы жағдайында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау тетіктерін жетілдіру, Есеп комитетін сапалық және сандық тұрғыдан нығайту, оның өкілеттіктерін кеңейту талап етілді. Бақылаушы органдар функция­ларының аражігінің ажыратылмауын, әдіснаманы әзірлеу жөніндегі өкілеттіктердің болмауын, қаржылық есептілік бақылауының жекелеген элементтері ғана бар сәйкестік бақылауын жүргізуді қоса алғанда, бірқатар мәселе реттелмеген болатын. Қазақстанның нарықтық қаты­настардың әлемдік аренасына шы­ғуы және оның талаптарына сәйкес, экономикамызды түрлендіру мем­лекеттік бюджетті бақылау бойынша озық шетелдік тәжірибені зерделеудің және енгізудің қажетті­лігін алдын ала айқындады. Мәселен, 2000 жылы Есеп ко­ми­теті 192 елдің жоғары аудит органдарының басын қосқан, Жоғары аудит органдарының халықаралық ұйымы – INTOSAI, Азия және Тынық мұхиты өңірінің 46 елінің өкілдерін біріктірген Азия жоғары аудит органдары ұйымы – ASOSAI және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесі сияқты халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесі болды. Бақылаудың (аудиттің) халық­аралық стандарттарының қолайлы ережелерін енгізу және мемлекеттік бақылау жүйесін дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді шешу мақ­сатында, 2001 жылы Қазақстан Рес­публикасында республикалық және жергілікті бюджеттердің атқа­рылуын бақылау жүйесін дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Оны іске асырудың маңызды қоры­тындыларының бірі – 2002 жылы «Республикалық және жергілікті бюд­жеттердің атқарылуын бақылау туралы» заңның қабылдануы болды, ол бақылаудың негізгі қағидаттарын, типтерін, үлгілері мен стандарттарын, Есеп комитетінің және мемлекеттік бақылаудың басқа да органдарының қызметін ұйымдастырудың және өзара қарым-қатынастарының негіздерін бекітті. Жоғарыда көрсетілген заңның нормалары 2004 жылы қабылданған Бюджет кодексіне имплементацияланды. Есеп комитеті жоғары қар­жы бақылау органының мәр­тебесін алды. Бұған қоса, Есеп комитетіне республикалық бюд­жеттің атқарылуын, мемлекеттік орган­дардың стратегиялық жос­парларының, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың іс­ке асырылуын бағалау жөнінде, сондай-ақ, бюджет және Ұлттық қор қаражатының тиімділігіне, сәй­кестігіне, республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығына, бақылау объек­ті­лерінің есепке алу мен есеп­тілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыс­тығына бақылау жүргізу жөнінде функциялар берілді. Шетелдік тәжірибенің негізінде әзірленген Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарымен бақылау жүргізуге қойылатын бірыңғай талаптар мен қағидаттар белгіленді. Қар­жылық бақылаудың барлық орган­дарының аталған стандарттарды сақтауын бақылау Есеп комитетіне жүктелді. Кейінгі жылдар ішінде Есеп ко­митеті бақылау, талдамалық жә­не зерттеу қызметін ұлғайтып, мем­ле­кеттік қаржылық бақылаудың пәрменді жүйесін құру жөнінде іс-шаралар жүргізді. Республикалық бюджетті ат­қару кезінде жол берілетін бұзу­шылықтарды анықтау әдістері терең талдауды, сондай-ақ, оның нәтижелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды ғылыми негіздеуді талап еткенін ескере отырып, 2007 жылы Есеп комитетінің жанынан «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК құрылды. Есеп комитеті бақылау іс-шара­ларын жүргізу барысында өңірлерде пәрменді сыртқы қаржылық бақы­лаудың жоқтығы, жергілікті бюджеттер шығындары жыл сайын ұлғайғанымен, сол кезде жұмыс істеген мәслихаттардың тексеру комиссия­лары қызметінің тиімсіздігі туралы бірнеше мәрте елеулі ескертулер айтқан болатын. Біз тексеру комиссияларын тәуел­сіз органдар ретінде институттық тұрғыдан күшейтудің, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу арқылы жергілікті бюджеттер қаражатының жұмсалуын бақылау мәселелерінде олардың рөлін арттырудың қажеттігі туралы мәлімдеген едік. Аталған мәселеде Мемлекет басшысы бізге қолдау көрсетіп, 2011 жылғы 2 мамырда Жарлыққа қол қойды, онда мемлекеттік органдар болып табылатын тексеру комиссияларын құру көзделді. Биылғы жылы тексеру комис­сияларының құрылғанына бес жыл толады. Олар құрылған уақыттан бастап, қызметін жетілдіру және мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту бойынша ауқымды жұмыстар жасалды. Сөйтіп, қысқа мерзім ішінде формальды түрде жұмыс жасап жатқан құрылымнан жергілікті бюджеттердің атқарылуына тиімді сыртқы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын толыққанды мем­лекеттік органдарға айналды. Бюджет процесінің дамуына  байланысты, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің басқарылуын, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің оларға жүктелген функциялар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі қызметін бағалау барынша маңызды бола бастады. Халықаралық практикаға сәйкес, аталған мәселелердің шеңбері ау­диттің құзыретіне жатады. Президент Н.А.Назарбаев «Қа­­­зақстан-2050» Стратегиясы –  қа­лыптасқан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауында, «Қазақстан Рес­публикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын бекіту туралы» 2013 жылғы 3 қыркүйектегі Жарлығында озық әлемдік тәжірибенің негізінде мемлекеттік аудиттің ке­шенді жүйесін құру жөнінде реформа жариялады. Аудиттің жаңа жүйесін енгізу бес институттық реформаны жүзеге асы­ру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қадамдарының бірінде де бекітілген. Нәтижесінде өткен жылдың қараша айында қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңмен Есеп комитеті оның ережелерін іске асыруға кірісті. Егер, алдыңғы жылдары жү­­зеге асырылған қаржылық ба­қылау, ең алдымен, заңнама бұзу­шы­лықтары, белгіленген нормалар мен рәсімдерден ауытқулар факті­лерін ашуға бағытталса, енгізіліп жатқан мемлекеттік аудит тек бұзушылықтарды жоюға ғана емес, сонымен бірге, олардың алдын алуға, барынша азайтуға ықпал ету мақсатын көздейді. Аталған заңның шеңберінде Есеп комитетіне республикалық бюджет жобасын қалыптастырудың сапасы мен айқындығын қамтамасыз етуге, шоғырландырылған қар­жы­­­лық есептілікті жасаудың анық­тығын, квазимемлекеттік сектор субъектілері стратегияларының іске асырылуы мен мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға бағытталған жаңа функциялар және басқа да функциялар берілді. Бұған қоса, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы ретінде Есеп комитетіне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарын үйлестіру, олардың қызметін бағалау, Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша тексеру комиссияларының төрағаларын тағайындауға ұсыным беру жөніндегі өкілеттіктер берілді. «Мемлекеттік аудит және қар­жылық бақылау туралы» заңның маңызды бағыттарының бірі – мем­лекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, мемлекеттік аудиторларды тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу. Сертификат білімін растап, Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жөнін­дегі ұлттық комиссияның оң қоры­тындысы алынғаннан кейін ғана берілетін болады. Ұлттық комиссияның құрамына Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкі­меттің, Есеп комитетінің және Қаржы министрлігінің өкілдері кіреді. Есеп комитеті оның жұмыс органы болып белгіленді. Есеп комитетінің жанында бұрын жұмыс істеген Үйлестіру кеңесі Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесіне қайта өзгертілді, қазір оның шешімдері ұсынымдық сипатта емес, міндеттілік сипатына ие. Ағым­дағы жылдың ақпан айында Есеп комитетінде алғашқы отырысы өткізіліп, онда мемлекеттік аудитті енгізу, мемлекеттік аудиторларды сертификаттау, бірыңғай ақпараттық дерекқордың жұмыс істеуі мәселелері қаралды және қорытындылары бо­йынша оларды іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Осылайша, Есеп комитеті 20 жыл ішінде әміршілдік-әкімшілдік тәсілдерден бақылаудың нарықтық әдістеріне, бюджет саласының қазіргі талаптарына сәйкес келетін, аудиттің жаңа құрылымын құруға дейінгі дамудың бірнеше сатысынан өтті. Есеп комитеті өз қызметін бастаған кезден бері 26,0 трлн. теңгеден аса бюджет қаражаты мен мемле­кет активтерін қамти отырып, барлығы 734 бақылау іс-шарасын жүргізді. Бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 4,0 трлн.-нан астам теңгені құрады, шамамен 316,4 млрд. теңге бюджетке қалпына келтірілді. Еліміз тәуелсіздік алған кезең­де Есеп комитеті қалыптасты, рес­публикалық бюджет шығыс­тарының, мемлекет активтерінің, салықтық және кедендік әкімшілен­дірудің барлық бағыттары бойынша бағалауды қам­тамасыз ете отырып, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы ретінде өз мәртебесін нық бекітті. Әрбір аудиторлық іс-шараның қорытындылары бойынша біз орындалуы міндетті, бюджет заңнамасын жетілдіруге, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге және алдын алуға бағытталған ұсынымдар мен тапсырмалар әзірлейміз. Бұл ретте республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді, жүргізілген мем­лекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың нәтижелерін жариялау жолымен қызметтің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы алғанда, Есеп комитеті Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және еліміздің эко­номикалық қауіпсіздігіне ықтимал қауіп-қатерлерге ден қоюға ұдайы дайын болуымен қатар, бұдан 20 жыл бұрынғыдай, өз қызметін үдемелі жетілдіру бағытын ұстанады. Қозыкөрпеш ЖАҢБЫРШИН, Есеп комитетінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы