• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Алып ел басшыларына ой салады

274 рет
көрсетілді

«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ

Бүгінгі таңда әлемді толғандырып тұрған мәселелер аз емес. Соның ішінде ең маңыздысы адамзатты соғыстан қорғау, терроризмге қарсы күресу мәселесі бірінші орында тұр. Соған орай, қазір дүниежүзінің танымал қайраткерлері, мемлекет басшылары, беделді халықаралық ұйымдар осы мәселені жиі талқылайтыны жасырын емес. Жуырда Түркияның Ыстанбұл қаласында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) ХІІІ саммиті болып өтті. Бұл саммит «Бірлік пен ынтымақ әділеттілік пен бейбітшілік үшін» деген тақырыпты қамтыды. Вашингтондағы Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммитпен қатар­лас өтіп, ұқсас мәселелер қарал­ған сол сындарлы басқосуға ұйымға мүше елдердің өкілдері, соның ішінде 30-дан астам мемлекет және үкімет басшылары және басқа лауазымды тұлға­лары қатысқаны белгілі. Бүгінгі таңда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына 57 ел мүше, жалпы халық саны 1,5 миллиард шамасында болып отыр. Бұл форумда көтерілген ең негізгі мәселе осы ұйымға кіретін мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас, ауызбіршілік, жалпы, қазіргі дүниежүзіндегі саяси-экономикалық ахуал, сын-қатерлер төңірегінде болды. Ал осы форумға қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі жоғары, сөзі салмақты шықты. Өйткені, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Президентін саммит өтетін елдің басшысы ерекше жағдайда, жоғары деңгейде қарсы алғанын, кездесу өткен сарайдың салтанатына дейін жазып жатты. Біздің Елбасымыз аталған самитте жаңа идеялар айтып, тың бастамалар көтерді. Қазір қандай мәселелерге баса көңіл бөлінуі қажет екенін атап өтті. Қашанда өрттің тұтануы оңай да, оны сөндіру қиынға түсетіні белгілі. Елбасы ауылдағы ағайындар ара­сындағы кикілжіңнен сол өңірді әбігерге түсіретін дау шығып кететін кездері болатынын айтып, бүгінгі таңда бірқатар мемлекетте аласапыран болып жатқанына тоқталды. Соның ішінде қазір 15 елде экстремизм мен терроризм оты жанып тұрғаны анық. Қазір мұсылман елдерінің ішінде Ливиядағы, Сириядағы, Ирактағы соғыс зардаптарының сол мемлекеттерге, халқына және әлемге қалай әсер етіп жатқанын айтып өтті. Қолда бар мәліметтерге сүйен­сек, қазір 60 миллионнан астам адам босқынға айналған. Ал олар бұрын бейбіт өмір сүріп жатқан адамдар еді ғой! Сирияның өзінен 5 миллионнан астам адам шетелге қашуға душар болған. «Ислам терроризмі» – өткен ғасырдың соңында және ХХІ ғасырдың басында айтылып келе жатқан термин. Бұрын ислам мемлекеттерінде ислам терроризмі болған емес! Соңғы жылдары БАҚ-тарда «ислам терроризмі» деген термин көп қолданылып жүр. Әсіресе, 2001 жылғы 11 қыркүйек­те Нью-Йоркте болған жарылыс­тан кейін «ислам терроризмі» деген термин жиі айтыла бастады. Бірақ бұл қате қалыптастырылған ұғым деп есептеймін. Әр дін өзінің артықшылықтарын айтады ғой. Ал ислам дінінің бас­ты қағидаты – татулық, бірлік, тазалық, адамға қиянат жасамау. Жалпы, исламның бағыты Құран Кәрімде де анық жазылған. Ислам дінінің қағидаты бойынша, адам мен адам кездескенде, «Ассалаумағалейкүм» деп амандасуының өзі бейбітшілікке, тыныштыққа шақырумен басталады. Мағынасы «саған бейбітшілік тілеймін» деген ұғымды білдіреді. Мысалы, Америкада, Еуропада, Шығыс Азия елдерінде жарылыстарды ұйымдастыратындар, террорлық әрекет жасайтындар болады. Бірақ соны іске асырған адамдардың дініне, ұлтына, нәсіліне, шыққан тегіне қарап ғайбаттап жатпайды. Айталық, Америкада айына не жылына бір қарулы адам шығып, мектептерге, асханалар мен шіркеулерге барып, қырып кетіп жатқанын ақпарат құралдарынан естіп, көріп отырамыз. Ал олардың дініне қарап, терроризм тіркесін қоспайды. 2011 жылы Норвегияда Андрес Брейвик деген адам аралға барып, лагерьде жатқан 70-тен астам адамды атып тастап еді. Сонда оның ұлты мынадай, діні мынадай деген жоқ және дініне терроризм деген терминді тіркеген жоқ. Жалпы, экстремизмде, терроризмде дін де, ұлт та жоқ. Ол – адамгершілікке жатпайтын, қатыгездікпен жасалатын қылмыс. Бұл жөнінде қазір нақты фактілер де айтылып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, халықаралық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары ендігі жерде халықты шатастырмай, ислам мен террорды бөліп тастауы керек. Осы тұста айта кету керек, өз­дерін «Ислам мемлекетіміз» деп санайтын (ИШИМ, ДАИШ) террорлық ұйымның (Қазақстанда тыйым салынған) исламға еш­қандай қатысы жоқ! Кейінгі кездегі Ирактағы, Сириядағы, екі мыңжылдық тарихы бар ЮНЕСКО қорғауында тұрған, адамзаттың игілікті байлығы болып табылатын ескерткіштерді қиратуы ешқандай ақылға сыймайтын әрекет. Жалпы, тарихи құндылығы бар дүниелерді талан-таражға салуға, заңсыз шетел­­ге сатуға ешкімнің де құқығы жоқ. ИЫҰ саммитінде біздің елдің басшысы Қазақстанда ширек ғасыр ішінде татулыққа, бірлікке, дінаралық келісімге шақыратын, елдің тұтастығын сақтайтын қандай жұмыстар атқарылғаны жөнінде айтып өтті. Соның ішінде адамзат тарихында бірінші рет біздің мемлекетте барлық діндер­дің басшылары мен өкілдері жиналып, бір шаңырақ астында бас қосты. Дін басшыларының съезі әр үш жыл сайын өтіп келеді. Атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының I съезі 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтті. Оған Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, синтоизм, даосизм және басқа да конфессиялардың, 17 діни ұйымның өкілдері қатысты. Өмірі бастары қосылып көрмеген, тіпті, көзқарастары бір-бірімен қайшы діннің басшылары бір үстелдің басында бірлік, татулық, бейбітшілік туралы ортақ ой қозғады. Бір дастарқаннан дәм татты. Мұның өзін дүниежүзілік көзқарасты, дінаралық қарым-қатынасты жақсартуға жасалған айрықша қадам деп айтар едім. Қазақстаннан басталған мәмі­леге шақыру үрдісі жалғасын тауып келеді. Биыл котолик діні­нің басшысы мен православие шіркеуінің басшысы тарихта бірінші рет кездескені туралы БАҚ-тарда ақпарат болды. Бұл Астанадан бастау алған оң бетбұрыс деп ойлаймын. Елбасы Қазақстанда 17 конфессия мен 100-ден астам этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын тілге тиек етті. Халықта «бес саусақ бірдей емес» деген нақыл бар. Кей уа­қытта келіспеушілік, түсініспей қалғанда кикілжің болады, бірақ соны ақылмен, дипломатиялық жолмен шеше білу елдің бірлігі мен берекесін сақтайды. Қазір дүниежүзі біздің Қазақстанды өзге елдер қызыға қарайтын, татулығы берік, экономикасы жыл сайын өркендеп келе жатқан мемлекет ретінде танитын болды. Ел ынтымағын сақтауда Қазақ­стан халқы Ассамблеясының (ҚХА) рөлі де ерекше. 1995 жылы құрылған кезден бергі ҚХА-ның атқарып келе жатқан ісі әрбір өңірге, ауданға, әрбір ауылға да жетті десек, қателеспейміз. Өйткені, біздің елде тұратын өзге ұлттың өкілдері «Бір ел – бір тағдыр» деген ұранды ұстанады. Биыл ақпан-наурыз айларында сайлауалды жұмыстарымен елді аралаған кезде де ҚХА-ның рөлі зор екеніне көзіміз жетті. Халқымыз «Ағайын тату болса, ас көп» деп бекер айтпаған. Барлық ұлттың өкілдері бір көшеде, бір аулада бірге тұрып, бейбіт өмір сүріп жатыр. Еліміздің бүкіл халқы Мем­лекет басшысының өміршең идея­сы төңірегінде бірігіп отыр. Ол – бірлікті сақтау, ел тыныштығын қорғау, еңбек ету арқылы дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін мемлекетті өркендетуге үлес қосу. Өйткені, қазақ – тарихтан сабақ алған халық. Небір жаугершілік замандарды бастан кешті. Сон­дықтан соғыстың қасіретін, дау-жанжалдың кесапатын жақсы біледі. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы идеологиялық орта ретінде дүниежүзінде болып жатқан күрделі оқиғаларды халыққа түсіндіретін ұйымдар болып табылады. Осы жолда өзге саяси партиялар да, қоғамдық ұйымдар да үлес қосып отырғанын да айта кеткен жөн. Өңірге барған сапарымызда Украинадан көшіп келіп жатқан азаматтармен жүздестік. Олар бұрын осы Қазақстанда туған, кейін «Еуропаға жақындаймын, ағайындарыммен бірге боламын» деген мақсатта тарихи отандарына оралған екен. Енді, міне, өз елдерінде тыныштық болмай тұрғандықтан, кері келіп жатыр. Олар «Бір күн бейбіт таңды көргенің қандай бақыт!» дейді. Соғыс жүріп жатқан жерде үйіңнің үстіне қашан бомба не снаряд келіп түсетіні белгісіз. Мысалы, бейбіт кезде бір адам өмірден озса, сол өңір не ауыл үшін, оның ағайын-туыстары үшін қандай қасірет?! Ал соғыс болған жерде өмірімен қоштасып жатқан адамның саны есепсіз болады. Күніне жүздеген, мыңдаған адам өледі. Сондай-ақ, Елбасы өз сөзінде ислам мемлекеттерінің жаппай қарулануы жақсылыққа алып келмейтінін, мұны тоқтату ке­рек­тігін, өйткені, оның соңы дүниежүзілік апатқа барып соқ­тыруы мүмкін екенін айтып өтті. Айталық, бүгінгі таңда әлемде адамзатқа апат алып келетін ядролық және сол сияқты қару­лардың жиналғандығы сондай – оның бәрін бір мезгілде жаратын болса, Жер шарын өз орбитасынан шығарып жібереді екен! Біздің ғаламшарымызды жүз рет жарып жіберуге қуаты жететін бомбалар мен ядролық қарулар бар қолда. Қазір әлемде ядролық қару­лануды тоқтату, сынақтар өт­кізуді азайту бағытында жұмыс­тар үздіксіз жүргізілуде. Соған қарамастан, 2015 жылғы қоры­тынды мәлімет бойынша, дүние­жүзінде жыл сайын 2 триллионға жуық доллар қару-жарақ алуға жұмсалады екен! Бұл – кімді болса да толғандыратын мәселе! Ал осы кезеңде қазір әлем бо­йынша 1 млрд. адам аштықтың құр­сауында отыр! Әрбір атқан таң сайын олардың басында «Бү­гін не жеймін?» деген ой тұрады. Сондай-ақ  2,5 млрд. адам жалпы санитарлық нормаларға сай келмейтін жерлерде тұрып жатыр. 1 млрд.-тан астам адам таза су ішуге зәру! Елбасының идея­­сынан туатын ой жаппай қарулануға жұмсалып жатқан ақшаны мұқтаждық көріп, өмір мен өлімнің ортасында азап шегіп жатқан халықтарға көмек ретінде бер­­се, дүниежүзі гүлденіп кетер еді. Кейбір жеке адамдардың қайы­рымдылық істерін естіп жүрміз. «Анау миллиардер мына елге барып, гуманитарлық көмек берді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті», деп айтып жатады. Алайда, БАҚ-тардан «Дамыған мемлекеттердегі кейбір дәулетті адамдар өз байлығын мысығына, итіне қалдырып кетті» деген мәліметті оқығанда, жағаңды ұстайсың. Теледидарға назар салсақ, соғыс болып жатқан немесе ашаршылыққа ұшыраған елдерде аштан, шөлден өліп жатқан шиеттей балалардың көздеріне шыбын үймелеп жатқанын көргеніңде, жүрегің ауырады. Соның бәрін жүрегімен сезіне білген Елбасы өз идеясын ұсынып отыр. Саммитте қабылданған шешім бойынша оң қадамдар жасалады деп ойлаймын. Өйткені, қазір кімге болса да, ойланатын уақыт жетті. Адам баласы дүниеге келгенде, қай ұлттан болсын, оның жаны да, қаны да бірдей болады. Ал оны әрі қарай жақсы жаққа не жаман әдетке тәрбиелейтін – өз отбасы, өскен ортасы, одан кейін қоғамы және мемлекеті. Елбасы өз баяндамасында ислам мемлекеттерінің 11-і соғысты басынан өткізіп жатқанын, сондай-ақ, сүнниттер мен шииттердің арасында аражігі ашылуға таяу екенін, бөліну қаупі бар екенін атап көрсетті. Сондықтан, бүкіл мұсылман әлемі бірігіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шы­ғарып», ынтымақтастықты сақтауға атсалысуы қажеттігін алға тартты. Тұтастай алғанда, бұл үлкен форумның бүкіл мұсылман әлемін бейбітшілікке, татулыққа шақыруда оң әсер ететіні анық және Елбасының салмақты идеялары алып елдердің басшыларына ой салатыны сөзсіз деп ойлаймын. Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі