Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа сатысы және ең алдымен, мемлекеттің және қоғам өмірінің түрлі салаларында осы қауіптің пайда болуы себеп-салдарының алдын алу бойынша бағдарламалық құжат болып табылады. Ол мемлекеттік билік органдарында, сондай-ақ, жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру кешенін көздейді, және де қазақстандық азаматтардың оған төзімсіздік көзқарасын қалыптастырады.
Жалпы, аталған Стратегияны жүзеге асыруда 2015 жылы жүргізілген жұмыстар көзделген мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мәселен, жүргізілген әлеуметтік сауалнама мемлекеттік қызмет көрсету сапасына тұрғындардың қанағаттанушылық деңгейі 79 пайыз екендігін көрсетті, ал мемлекеттік басқару институттарына қоғамның сенім деңгейі, орталық мемлекеттік органдарына – 58,1 пайыз, жергілікті атқарушы органдарға 60,4 пайыз сенетіндігін көрсетті.
Сонымен қатар, Transparency International сыбайлас жемқорлықты анықтау индексінде Қазақстан 126-орыннан 123-орынға жылжып, өз көрсеткішін жақсартқанын көрсетті.
Мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылы 18 қарашада қабылданып және 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілген жаңа заңда қаралған. Бұл заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Осы заңмен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіретін тиісті уәкілетті орган анықталды. Бұл – мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер және басқа да жеке және заңды тұлғалар болып табылады. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сияқты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа институттары енгізілді.
Жалпыға мәлім, Мемлекет басшысының Жарлығымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қағидалары бекітілді. Сондай-ақ, оған қоса Мемлекеттік қызмет істері министрінің бұйрықтарымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидалары, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары бекітілді.
Аталған бұл тетіктер сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Енді, осы заңға сәйкес жыл сайын Мемлекет басшысының қарауына сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейде нақты жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар барысы айтылатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама енгізіледі. Сонымен қатар, осы заңға сай қызметкерлердің этикалық нормаларды сақтау талаптары, өз қызметінде жеке мүдделер қақтығысына жол бермеу жағы да қаралды.
Мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік қасиеттерін арттыру мақсатында Президенттің Жарлығымен Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі және Әдеп жөнiндегi уәкiл туралы ереже бекітілді. Әдеп кодексі әртүрлі жағдайлардағы мінез-құлық барысын, яғни жұмыс кезінде әріптестерімен, қарамағындағылармен, басшылықпен қарым-қатынасты орнату, жұмыстан бос уақыттардағы мінез-құлқын анықтайды.
Жаңа кодекс мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірін жан-жақты қамтыған тәжірибелік анықтамалығы ретінде және меритократияны қорғау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетігі болды.
Ал Әдеп жөніндегі уәкілдердің құзыретіне мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаларды сақтау бойынша консультациялық көмек көрсету, Әдеп кодексінің нормаларын тәжірибеде қолдану мәселелерін түсіндіру және құқық бұзушылықтарды жасауға итермелейтін себептер мен шарттарды талдау және оның қорытындысымен мемлекеттік органның басшылығына оларды жою туралы ұсынымдар енгізу кіреді.
Қоғамдық бақылау институтын енгізу мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» заң дайындалып, 2015 жылғы 2 қарашада қабылданды.
Ол халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына азаматтардың және қоғамның кеңінен қатысуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Қоғамдық кеңестердің негізгі мақсаты, азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелері бойынша пікірін білдіру болып табылады. Олар екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады. Қоғамдық кеңестер автономды және дербес болып табылады. Бұл ретте, қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар өкілдерінен құрылған жұмыс тобынан және конкурстық негізде қалыптастырылады.
Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар мен жекелеген адамдар да өзін-өзі ұсынуы мүмкін. Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады. Міне, осылайша, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын, мемлекеттік органдардың шешімдерін сараптайтын және алқалы органдардың жұмысына азаматтардың қатысуына қатысты мәселелері бойынша қоғамдық тыңдауды жүргізуге құқықтық негіз құрылды.
Бұл орайда, сондай-ақ, 2015 жылғы 16 қарашада «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қабылданды.
Осы заңмен қол жеткізілуі шектелуге жатпайтын мәліметтердің тізбесі кеңейтілді. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай туралы; тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы; азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіретін төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың салдары туралы; сондай-ақ дүлей зілзалалар, олардың ресми болжамдары мен салдары туралы; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері туралы; терроризм актілерін жасау фактілері туралы және басқа да мәліметтер.
Сонымен қатар, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Осылайша, ақпаратты беруден құқыққа қайшы бас тартқан не көрінеу жалған ақпарат берілген жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мұндай жауапкершілік мемлекеттік қызметкерлерге және де ішінара бюджеттен қаржыландырылатын азаматтардың қызығушылығын тудыратын ақпараттарды иеленуші кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша алғашқы рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары жеке секторға да таратылады. Заңға сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің қызметі саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар бекітеді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізеді.
Сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында судьяларға қойылатын талаптарды күшейту үшін заңнамалық шаралар қабылданды. Олардың қатарына: судья болуға кандидаттарды дайындау және іріктеу; жоғары судьялық лауазымдарына кадрлық резервті қалыптастыру және олармен жұмыс жасау; судьялардың қызметі мен жауапкершілігін бағалау және т.б. жатады.
Мәселен, 2015 жылдың желтоқсанында судья лауазымына біліктілік талаптары мен кандидаттарды іріктеу тетіктері күшейтілді. Атап айтқанда, Ұлт Жоспарының 18-қадамын іске асыру аясында Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы құрылды. Ал 2015 жылғы 29 қазанда персоналды іріктеу ресімдерінде меритократия, ашықтық және әділдік қағидатын қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының кадр саясатында жаңа әдістемелер енгізілді.
Осылайша, жоғары лауазымға жылжыту, кадр резервін қалыптастыру, қызметкерлерді аттестаттау және аудару кезінде әрбiр кандидат заңнаманы білу сынағынан, психометриялық және полиграфиялық зерттеуден, сұхбаттасудан өтеді, ситуациялық есептерді шешеді, физикалық нормативтерін тапсырады. Сөйтіп, осы кезеңдердің қорытындысымен әрбір қызметкердің және қызметке кәсіби бейімі, бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіштері анықталады.
Бұл тиісті нормативтік-құқықтық актілер әрбір құқық қорғау органында қабылданған және қолданысқа енгізілген.
Жалпы, ақпараттық-насихаттау қызметін ұйымдастыру үшін Мемлекеттік қызмет істері министрлігімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Оны орындау аясында БАҚ-та белсенді ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мысалы, мемлекеттік қызметті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жетілдіру, кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы Президент тапсырмаларын орындауға қатысты түсіндірмелер беріліп, аталған тақырып бойынша 20-дан астам спикердің баяндамалары жарияланды.
2015 жылы қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыруға бағытталған ұлттық және аймақтық телеарналарда 3369 бейнесюжеттер көрсетілді, радио арқылы 4840 ақпараттық хабарламалар таратылды.
Баспа БАҚ-та 6135 мақала жарияланған, интернет кеңістігінде және әлеуметтік желілерде, сондай-ақ ақпараттық агенттіктердің сайттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптар бойынша 8549 мақалалар мен жазбалар орналастырылған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Бас прокуратура, Жоғарғы Сот, Әділет министрлігі секілді мемлекеттік органдармен белсенді түрде жүргізілуде.
2015 жылы азаматтардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзімсіздігін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша деректі, көркем фильмдер, әлеуметтік аудио-бейнероликтерді түсіру және тарату үшін іс-шаралар қабылданды. Мәселен, 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп қазіргі кезеңдегі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын ашатын бейнедәрісті түсіру аяқталды. Еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бейнедәріс «Адалдық алаңы» (adaldyk.kz) веб-сайтында орналастырылған. Сондай-ақ, теледидарда және де ХҚКО, қоғамдық көлік және сауда орталықтарындағы мониторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бейнероликтер дайындалды және таратылды.
Сондай-ақ, біздің елде сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін анықтау бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізіліп тұрады. Бұл зерттеудің мақсаты – мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық жағдайы туралы қоғамдық пікірді сипаттайтын сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін анықтау, оның ішінде қоғамдық санада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін анықтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін ең тиімді шараларды анықтау болып табылады. Әлеуметтік зерттеудің нәтижелері мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жеке үлесі бойынша 43,7 пайыз, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша онымен бетпе-бет кездескен жағдайда қандай да бір белсенді іс-қимыл жасауға 47,2 пайыз азамат дайын екендігін білдірді.
Бүгінде Қазақстанмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласының негізін қалаушы халықаралық құжат ратификацияланған. Ол БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласы бойынша 18 екіжақты халықаралық келісім (Франция (2), ҚХР, Испания, Эстония, БАӘ, Италия, Латвия, Түркия және т.б. сияқты елдермен келісімге отырған, олардың реттейтін тақырыбы қылмыстың барлық түрімен күрес болып табылатын) қолданыста бар.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ және Еуропа кеңесімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз қарым-қатынаста. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволар қауымдастығының (IACCA, Пекин қаласы), Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы торабының (ЭЫДҰ СЖҚТ), Азия елдері және Тұнық мұхит Азиялық Даму банкі және ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамашылықтардың (АДБ/ЭЫДҰ, Манила қаласы), Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның (ХСЖҚА, Люксенбург қаласы) және ТМД Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңестің (СЖҚМК, Минск қаласы) мүшесі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңесті құру келісім шеңберінде Астана қаласында 2015 жылдың 18-19 қарашасында Кеңестің кезекті отырысы өтті, онда 2016 жылғы төрағалық Қазақстанға берілді. Мемлекетаралық кеңестің отырысының қорытындылары шетелдік БАҚ-та жарияланды. Мәселен, 2015 жылы Newsweek британ журналында Қазақстан туралы арнайы басылым әзірленді, оның аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметі туралы сұхбат жарияланды.
Қазақстандық делегациялардың шетелге сапары аясында (АҚШ, Канада, Германия, Швейцария) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тұсаукесерлер, талқылаулар, келіссөздер өткізілді, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл деңгейін бағалайтын және рейтинг беруді жүзеге асыратын халықаралық ұйымдарға тиісті ақпарат ұсынылды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет
істері министрлігі