«Қазхром» ТҰК» АҚ-тың филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты табиғат қорғау шараларына баса маңыз береді. Былтырдан бері кәсіпорын өзен-көлдерді балықтандыруға атсалысуда. Бұл бастаманы бұдан былай жыл сайын жалғастыру көзделуде. Биыл да кәсіпорын жылдағы дәстүр бойынша Ақтөбе қаласының іргесіндегі Елек өзеніне тез көбейетін 46290 бір жылдық ұсақ тұқы шабақтарын жіберді. Осы игілікті іс-шараны ойдағыдай жүзеге асыруға 3,5 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
– Өзен-көлдерді балықтандыру шарасына металлургтер де өз үлестерін қосып, осымен екінші рет қатысып отыр. Былтыр Елек өзеніне тез өсетін 50 мың тұқы балықтарын жіберсе, биыл да бұл бастама жалғасын тауып ұсақ шабақтар «Ардағым» шаруа қожалығынан алынып өзенге жіберілді. Мұндай шаралар қаламыздың экологиялық ахуалын жақсартуға, өзендердің балық қорын көбейтуге мүмкіндік береді, – дейді энергетикалық қамтамасыз ету басқармасы бастығының жылу-энергетика жөніндегі орынбасары Өсербай Қайнекеев.
– Өзен-көлдерді балықтандару бастамасына Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ұжымы облыс бойынша алғашқылардың бірі болып үн қосып, Елек өзенін балықтандыруға атсалысқан бірден-бір кәсіпорын болып табылады. Металлургтер уәдесіне берік, істеріне адал екендіктерін тыңғылықты істерімен дәлелдеп, қала тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлап, облыстың экологиялық мәселелерін шешуге ұйытқы болуда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл.
Бұл кәсіпорын қоршаған ортаны қорғау бағытында зауыттағы газдан тазарту сүзгілерін ауыстыру, өндіріс аймағына ағаш отырғызу, көгалдандыру, абаттандыру, экологиялық айлықтар өткізу, сенбіліктер ұйымдастыру сияқты шараларды тұрақты өткізіп отырады. Ағымдағы жылы зауыттың қоршаған ортаны қорғау басқармасының жұмыс жоспарында экологиялық шараларды жүзеге асыруға 1782 674 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бүгінгі таңда осы басқарманың бастамасымен 2006 жылдан бері қала және өндіріс аймағына бір миллионнан астам түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Алғаш рет металлургтердің қолымен отырғызылған көшеттер бүгінде зәулім ағаш болып бой түзеп, қала және өндіріс аймағына ерекше сән беріп, көркіне көрік қосуда.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы