Қай кезеңде де баспана мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазір ішкі көші-қонның тоқтамауына орай, облыс орталығында және кішігірім қалаларда бұл мәселе өткірлене түскен тәрізді. Әлеуметтік баспанаға кезек те ұзын-сонар. Ал жергілікті бюджет қаражаты тұрғындардың бұл сұранысының барлығын өтеуге қауқарсыз. Сондықтан тұрғын үй құрылысына қаражат түрлі бағдарламалар мен қаржы институттарынан тартылады. Сондай қаржы көздерінің басында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі тұр. Қостанайға оның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев басқарған компаниялар тобының делегациясы келіп, облыс әкімдігімен бірқатар келісімдерге қол қойды. Делегация мүшелері салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылыстарын аралап көрді. Қуандық Бишімбаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге «Аэропорт» шағын ауданындағы құрылысы енді басталатын 9 қабатты тұрғын үйдің іргетасына тас қалады.
Жалпы, Қостанай облысында 2016-2017 жылдары түрлі қаржыландыру институттарын пайдалана отырып, 13 миллиард теңгеге 112 мың шаршы метр қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл 1800 қостанайлық отбасының баспана жағдайын жақсартады деген сөз.
Сонымен қатар, осы холдинг құрамына кіретін басқа да компаниялармен бірнеше тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде жұмыс басталмақ. Облыс әкімдігінің 3,4 миллиард теңгенің облигацияларын шығару арқылы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ салымшыларына арналған несиелік құрылысына «Бәйтерек Девелопмент» АҚ қаржысы тартылады. Бұл 528 пәтерлі 9 үй салуға мүмкіндік береді. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі мен аталған банк арасында баспана салуды тұрғын үй құрылысы салымдары жүйесі арқылы жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық меморандумына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қол қойды.
Сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде де «Бәйтерек девелопмент» АҚ жекеменшік құрылыс компанияларымен жұмыс жүргізбек. Соның арқасында Қостанайда алдағы уақытта 5,8 миллиард теңге тұратын 8 үй салынбақ. Онда 677 отбасы жаңа қонысын табады. Осындай игілікті жұмысқа ниет білдірген «Бәйтерек девелопмент» компаниясы қостанайлық «БК-Строй», «Агрофирма «Ирина и К», «Ремстроймонтаж» құрылыс компанияларымен меморандумға қол қойды. Бұл келісімдер шеңберінде Қостанай қаласындағы «Аэропорт», «Арман» шағын аудандарында жаңа тұрғын үй құрылыстары басталады. Құрылысшылар өз тарапынан сапалы тұрғын үйлерді дер уақытында салатын болады, ал «Бәйтерек девелопмент» құрылыс жобаларын қаржымен қамтамасыз етеді. Облыс әкімдігі құрылыс түсетін жер бөліп, оның инфрақұрылымын қамтамасыз етеді, көркейту, көгалдандыру, балалар алаңын салу жұмыстарын жүргізеді. Дағдарыс қиындықтарына байланысты бюджет қоржыны жұқарған уақытта қаржы ресурсына ие «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі еліміздегі көптеген инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырып отыр. Сонымен қатар «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы» заң қаржы және жеке меншік құрылымдардан инвестиция тартуға мүмкіндік беріп отырғаны тағы бар.
– «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық мемлекеттік даму бағдарламасы аясында біздің еншілес ұйымымыз «Бәйтерек девелопмент» 2016 жылы Қостанай облысында құны 7 миллиард теңге болатын 49 мың шаршы метр тұрғын үй салатын болады, – деді Қуандық Бишімбаев.
– 2012 жылдан бастап біздің облыста «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» желісімен мыңнан аса адам баспаналы болды. Бүгінде 30 мыңнан аса қостанайлықтар банктің салымшыларына айналған. Мұның өзі тұрғын үй бағдарламасының бұл бағыты да сұранымға ие деген сөз. Біз «Бәйтерек» холдингі бөлімшелерімен ынтымақтаса отырып, әлі де мыңдаған қостанайлықтардың баспана жағдайын жақсартатын боламыз, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ