• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Өнімдері өтімді

474 рет
көрсетілді

Елімізде кондитерлік өнімдерді шығару негізінен Қазақстанның ішкі нарығына бағыт­талған. Семей қаласындағы «Шығыс­АжарТорг» ЖШС кондитер цехы бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмыс істеп, кәсіптерін дөңгелетіп отырған бірден-бір маңдайалды озық кәсіпорын. Барлық шығарған өнімдері заман талабына сай келетін кәсіпорынның құрылып, қалтқысыз жұмыс жасап келе жатқанына оншақты жылдың жүзі болды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі мамандарының айтуынша, қазір цех өнімдері ішкі нарықта ғана емес, көршілес Ресейге де экспортталуда. Семейдегі «Даму» қорының өкілі Анжела Маслованың айтуынша, олардан несие көмек алып, істерін дөңгелете бастаған ханымдар саны өте көп. Солардың бірі Жанаргүл Жұмағалиева 90-жылдардың тоқырауы кезінде негізгі мамандығы ұстаздықтан бас тартып, заман талабына сай сауда саласына кетеді. Бас кезінде тәттілерді алыс жерлерден, басқа өңірлерден жеткізіп, Семейге өткізіп, саудалаумен айналысады. Алматы мен Шымкент қалаларынан кондитерлік өнімдер әкеліп сата бастаған ол алыс жолда кейбір өнімдердің бұзылып кететінін байқайды. Осы тұста кәсіпкерге кондитер өнімдерін алыстан тасымалдамай-ақ, өзімізде өндіріп, халыққа жаңа шыққан өнімдер ұсыну туралы ой келеді. Осылайша, кәсіпкер жеке ісін ашуды ұйғарады және қажетті құрылғылар сатып алады. Өзі ашқан шағын цехында бас кезінде аз ғана адам жұмыс істегенмен, біртіндеп жұмысшылар саны көбейе бастады. Кондитерлік өнімдері де молайды. Осылайша, жеке кәсіпкер «Жұмағалиева» болып құрылған кондитерлік өнім өндіретін цех, 2012 жылы «ШығысАжарТорг» ЖШС болып қайта құрылады. Жалға үлкен ғимарат алып, бірнеше жыл жұмыс жасайды. Дегенмен, кәсібі алға озып, кондитер фабрикасының жұмысы жүре бастаған соң цехқа заман талабына сай арнайы құрылғылар орнату қажет болады. Осы тұста кәсіпкер «Даму» қоры арқылы 20 млн. теңге субсидия алып, зама­науи құрылғылар сатып алады. Бұл қаражатқа арнайы екі өндірістік пеш пен өнімдерді жаз маусымында тасымалдауға тоңазытқышы бар құрал-жабдық алынады. Ендігі кезекте кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама арқылы ұсыныс жасап, 2014 жылы «Даму» қорының «Өндіріс-2» мемлекеттік бағдарламасы арқылы төмен пайызбен 20 млн. теңге несие алып, цехқа қажетті үлкендеу ғимаратты сатып алады. Бүгінгі күні 35 адам жұмыспен қамтылған кондитер цехында жүзден астам өнім түрлері шығарылады. Сондай-ақ, көпке танылып үлгерген мармелад өндіріледі. – Біз отбасымызбен осы «Шығыс­Ажар­Торг» фабрикасының мармеладын сатып аламыз. Балалар да, үйдегі ата-әжелеріміз де дән риза. Мар­­мелад кезіндегі Мәскеуде жасалатын тәтті­ден ешбір айырмашылығы жоқ. Осын­дай отан­дық өнімге қолдау көрсеткеніміз жөн, – дейді тұтынушылардың бірі Бәтима Нұржаубаева. Кондитер өнімдерін шығару аса талғампаз­дықты қажет ететіндігін ұжым әр кез жаңа өнім түрлерін ойлап табумен де айналысады. Олар үнемі ғаламтордан қарап, кондитер өнімдерінің жаңа түрлерін де зерттеп отырады. Кондитер цехы тапсырыспен пісіретін бауырсақ, шелпек, тоқаш өнімдері де семейліктердің сұранысына ие болған. – Қазақстанда, Семейде өмір-бақи тұрамыз. Ұлтымыз орыс болса да бауырсақ пен шелпек дастарқанымыздан үзілмейді. Мен де, балалар да қазақтың бауырсағын, осы кәсіпорынның шелпегін аңсап тұрамыз, – дейді зейнеткер әже Елена Давыдова. Айта кету керек, «ШығысАжарТорг» ЖШС-нің өнімдері Шығыс Қазақстан облысы, Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларына, Ресейдің Рубцовск қаласына жіберіледі. Ол жақтан да сұраныс өте көп. «ШығысАжарТорг» ЖШС директоры Жанаргүл Жұмағалиеваның айтуынша, цехтың өнім өндіру мүмкіндіктері жағынан өңірдегі кәсіпорындардың ішінде өзіндік алар орны бар. – Бүгінде шыны керек, нарықта бәсеке өте күшті, – дейді Жанаргүл Жұмағалиева, – тіпті, көрші Ресейдің өнімдері дүкендерімізде жетерлік. Өткен жылы Ресей рублінің бағамы өзгергеннен кейін, аздаған қиыншылықтарды бастан өткердік. Дегенменен, алдымызға қойған мақсатымыз бар. Алдағы уақытта да халыққа қажетті сапалы отандық өнімнің жаңа түрлерін ұсынуды көздеп отырмыз. Бастысы, бәсекеге қабілетті бола білген жөн. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық кәсіпорындарды қолдау қажеттігін атап көрсеткені баршаға белгілі. Осы ретте «Қазақстанда жасалған» акциясы бастау алып, шығысқазақстандық тауар өндірушілер үшін акцияның айтарлықтай қолдауы болды. Және барлық семейліктер де енді неғұрлым елімізде өндірілетін өнімдерді сатып алуды жөн санап отыр.  Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ