Көктемгі дала жұмыстарына аттаныс алдында Қостанайда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан қолдау мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңес басталмас бұрын Ауыл шаруашылығы министрі Қостанай өңіріндегі ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу кәсіпорындары ұйымдастырған шағын көрмені аралап көрді. Индустрияландыру жылдарынан бері облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жүзеге асқан инвестициялық жобалардың арқасында өңдеу кәсіпорындары біршама дамыды. Көрмеде нан, шұжық, сүт, кондитер өнімдері көрсетілді. Ал бүгінге дейін облыстың агроөнеркәсіп саласында құны 67 миллиард теңге болатын 162 инвестициялық жоба өмірге жолдама алып, 3 мың жұмыс орны ашылды. Саланың экспорттық әлеуеті де артып келеді. Осының барлығы мемлекет тарпынан жасалған қолдаудың арқасында болып отыр.
Министрдің облысқа сапары көктемгі дала жұмыстары басталар шақтың қарсаңында болғандықтан кеңесте бұл мәселе алдымен сөз болды. Биыл облыста жалпы егіс көлемі 4,700 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде 3,7 миллион гектарды бидай алқабы алады. Майлы дақылдар 315 мың гектарға егіледі, 250 мың гектар малазығындық шөптерге тиесілі. Қостанай өңіріндегі биылғы диқан көктемінің жылдағыдан жаңалығы да бар. Ол алдымен мемлекет тарапынан берілетін субсидияға байланысты.
Биылғы субсидияның түрі өзгергенмен, ол қаржы еш жаққа кетпейді, бәрібір сол ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қайта беріледі. Бұрын субсидия дәнді дақылдар үшін гектарына берілетін. Енді ол өзгеріп, инвестициялық сипат алды, сатып алатын техника үшін төленетін болады. Егер диқан бір техника сатып алса, оның құнының 25 пайызы субсидияланады. Мұның барлығы көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терінді аз уақыттың ішінде атқару мақсатынан туындап отыр. Мұның тиімділігі артығырақ болады деп күтеміз. Мұның сыртында тыңайтқышқа, гербицидке бөлінетін субсидиялардың да көлемі ұлғайды, деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Сонымен қатар, еліміз диқандарына көктемгі дала жұмыстарын атқаруға жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай және жеңілдетілген үстемемен 60 миллиард теңге несие берілді.
Кеңесте егінмен қатар мал шаруашылығы, ветеринарлық қызметтің жақсартылуы, ет өндіру, өңдеу мәселелері талқыланды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ