• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2016

Халықаралық XIV «Алтын микрофон» ән байқауы аяқталды (фото)

418 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 1 мамыр. Қостанай қаласында биыл 14-ші рет өткен халықаралық «Алтын микрофон» балалар ән байқауы мәреге жетті. Оған балалар Қазақстанның көптеген облыстарынан, Литвадан, Өзбекстаннан, Ресейден қатысты. Бәйгенің бас жүлдесі Литваға кетті. Бұл туралы kstnews.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Үш күн бойы 74 жас талант халықаралық ән байқауының бас жүлдесі үшін бәсекеге түсті. Жас бойынша үш категорияға бөлінген жас дарындардың ең кішкентайы 4 жаста болды. Бүлдіршін әншілердің барлығы да көрерменін таңқалдырды, әнмен сусындатты деуге болады. Биыл қазылар алқасы балалардың әнімен қатар олардың сахна киіміне, орындаған шығармасына орай жасаған образына да көңіл бөлді. Байқау қорытындысы бойынша, үшінші орынды қостанайлық жас әншілер София Ким, Камилла Камаргина, алматылық Аружан Тоқтаған мен Раушан Қалбаевлар алды. Екінші орын қостанайлықтар Диас Тоқышев, Нұрай Күдербекова, Мадина Дакишева және Санкт-Петербургтен келген Екатерина Гильман иеленді. Бірінші орын Орал қаласынан келген Марат Думан мен Лисаков қаласынан қатысқан Гаухар Рустемқызына және Белорусьтен келген Валерия Азаренкоға бұйырды. Байқаудың гран-при жүлдесін белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев бастаған қазылар алқасы Литвадан келген Каролина Линдоға лайық деп тапты. Байқауда көрермендерді де, қазылар алқасын да таңдай қақтырғандар аз болмады. Қостанай облысының Лисаков қаласынан келген Гаухар Рүстемқызы француз тілінде Je suis malade әнін орындағанда бүкіл зал тұрып кетті және жас талант сахнаға қайта шығып, тағзым етті. Бүкіл дүниежүзілік фестивальдер мен артистер ұйымының мүшесі Сергей Савенков талантты қызды Санкт-Петрбургте өтетін «Путь к звездам» ән байқауына шақырды және жол шығынының барлығын өздері өтейтінін де айтты. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, фото: kstnews.kz.