• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2016

Қызылордада 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

356 рет
көрсетілді

АСТАНА. 1 мамыр. Қызылорда қаласында 1 – мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай 5 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады. «Баспана алу әрбір отбасы үшін үлкен қуаныш. Сондықтан қоныс тойларыңыз құтты болсын. Біз де қуаныштарыңызға ортақпыз. 2015 жылы 54 көпқабатты үй салып, пайдалануға берген болатынбыз. Ал биыл 67 тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Сонда екі жылдың ішінде үй кезегінде тұрған азаматтардың 24 пайызы баспаналы болады», – деді Қырымбек Көшербаев. Сондай-ақ, аймақ басшысы өз кезегінде облыс орталығындағы жаңадан қоныс тепкен шағын ауданда «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамы арқылы 640 пәтерлік 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілгенін айтты. Оның ішінде 370 пәтерді құрайтын 7 үй өткен жылы пайдалануға берілген. Шарада облыс әкімінің қолынан жаңа пәтердің кілтін алған Бахыт Насырова есімді тұрғын қуанышын көпшілік алдында сөзбен жеткізді. Ол: «Мен бүгінгі қуанышымды айтып жеткізе алар емеспін. Пәтер алу қашаннан арманымыз болатын. Осы игі істің басында жүрген барлық азаматтарға алғысымыз шексіз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын», – деді. Айта кетейік, Қызылордада тұрғын үй құрылысы жыл санап артып келеді. Өткен жылы 2684 отбасы баспаналы болса, 2016 жылы 3329 жанұя пәтер кілтін алады. Бүгін үйлі болғандардың көбісі мұғалімдер мен дәрігерлер және мемлекеттік қызметкерлер. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Қызылорда облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.