• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2016

Қасиетті жерімізге өзгелер қазық қаға алмайды

431 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енгелі отырған «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң төңірегінде қоғамымызда қызу талқылаулар болып жатыр. Осы орайда біз Парламент Сенатының депутаты Қуаныш АЙТАХАНОВҚА бірқатар сұрақтар қойған едік. – Қуаныш Айтаханұлы, дәл қазіргі уақытта халық тара­пынан ауылшаруашы­лық жерлерін жалға беру және сату мәселесіне қатысты түрлі пікір­лер айтылуда. Әсіресе, «Қасиетті жеріміз «тістеген­нің аузында, ұстағанның қолын­да» кетпей ме?» дегендей маз­мұн­дағы сауалды алға тартқан ағ­а­йын­ның үні жиі естілуде. Сіз осы мәселеге қатысты не айтасыз? – Өзіңіз білесіз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIV сессиясында «Мен азаматта­ры­мыздың осы мәселені көтергені­не қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін бол­са, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қор­ғайт­ынын көрсетеді», деп атап өткен болатын. Сондықтан да, халықтың жер мәселесіне сергек қарауын, бұл тұрғыдағы жағдаяттарға қатысты өзіндік ой-пікірлерін ашық білдіруін орынсыз деп айта алмаймыз. Өйткені, жер халықтың мұрасы, басты байлығы болғандықтан, оған алаңдауы – заңдылық. Дегенмен, жерімізді ел игілі­гіне, мемлекет мүддесіне тиім­ді пай­далану бағытында жасал­ған тиісті шараларға халық түсініс­тікпен қарауы қажет. Жалпы, біздің Ата Заңы­мыз­дың 6-бабының 3-тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде бо­лады. Жер, сондай-ақ, заңда бел­гi­ленген негiздерде, шарттар мен шектерде жекеменшiкте де болуы мүмкiн», деп жазылған. Ал ауылшаруашылық жерлерін жекеменшік құқығымен беру мүмкіндіктері 2003 жылдың 20 маусымында қабылданған Жер кодексінде қарастырылған. Бұл кодекс бойынша, ауылша­руашылық жерлерін жекеменшік құқығымен беру тек еліміздің азаматтары мен заңды тұлға­ларға ғана тиесілі деп, атап көрсетілген. Ал ел ішіндегі «жер шетелдіктерге сатылмақшы» деген сыңайдағы пікір мүлде қисынсыз. Шетелдіктерге жер ешуақытта сатылмайды. Ол Жер кодексінде анық жазылған. Тек, шетелдіктер, Қазақстанның азаматтығы жоқ адамдар, шетел­дік заңды тұлғалар, сондай-ақ, шетелдіктердің, азаматтығы жоқтардың, шетелдік заңды тұл­ғалардың жарғылық капи­талын­дағы үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жерді пайдалану құқы­ғына ие бола алады. – Жалпы, жердің шетелдік­терге сатылмайтыны басы ашық жайт. Ал сырттың аза­мат­тарына жерді жалға беру ісі қалай жүргізіледі. – Бұл мәселе заңмен реттел­ген. Нақтылай айтқанда, шетел­діктерге жерді жалға беру ісі аудан, қала әкімдіктерінің құзы­ретіне жатпайды, бұл мәселені тек облыстық атқарушы билік жер саласы бойынша орталық уәкілетті органның келісімі не­гі­­зінде ғана жүзеге асырады. Яғни, бұл шетелдіктерге белгілі көлемдегі жерді жалға беру бары­сында да, одан кейін де қатаң қадағалау болады деген сөз. Тағы бір айта кететін жайт, кодекс­ке байланысты шетелдік аза­мат­тарға ауылшаруашылық жерін жалға берудің өзі шекара маңы­нан мүлде рұқсат етілмейді. – Түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ел тұрғындарының сатылған немесе жалға берілген жерлердің одан әрі күтіп- ұсталуына күмән келтірген пікірлері жариялануда... – Негізінде жұртшылық­тың мұндай күмәнді ойға берілуі­нің себебі бар. Бұған дейін жалға берілген жерлердің біршама бөлігі игерілмей, қараусыз, күтім­сіз жатқанын көпшілік біле­ді. Әрине, бұл халықты түрлі ойлар­ға жетелемей қоймайды. Сон­дық­тан, мемлекет ауыл­шаруа­­шылығы саласындағы жерлер­­ге жанашырлықпен қарай оты­рып, жерді күтіп, баптап, құнар­лы­лығын арттырып, оны тиімді пай­далана алатын азаматтардың иеленгенін қалайды. Осыдан келіп, ауылшаруашылық жер­лерін сату және жалға беру ісі жолға қойылып отыр. Егер бір адам жер сатып ал­са, оған көзінің қарашығындай қа­рап, тиісті баптау жұмыстарын жүр­гізетіні анық. Өйткені, ол – өзінің жекеменшігі. Оны ерік­кен­нен сатып алған жоқ. – Ал жалға алушылар жер­дің барлық нәрін «сорып» алып, мерзімі біткенде құнарсыз топы­рақты шаңғытып тайып тұрмай ма? – Жерді жалға алушыларға жүктелер жауапкершілік, талап етілер міндеттер бар. Олар мем­ле­кеттік органдар тарапынан қадағаланып отырады. Жалпы, жерді жалға алған адам мол өнім алу үшін, оның құнарлығын арттырып, тиімді пайдаланып отыруы шарт. Олай болмаса, мемлекет ол жерді сот арқылы мәж­бүрлеп қайтарып алады. – Ауылшаруашылық жерін  сатып алған адам оны өз мен­шігі болғандықтан шетел азаматтарына пұлдай ала ма? – Жоқ. Бұған заң жүзінде мүлде рұқсат етілмейді. Қайта­лап айтамын, ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлердің меншік иелері шетелдіктерге сата ал­майды. Олар меншікті жерін тек Қазақстан азаматтарына ғана сата алады. – Қуаныш Айтаханұлы, 1 шіл­­­де­ден бастап «Жер кодексіне өз­­ге­­ріс­тер мен толықтырулар ен­гізу ту­ра­лы» заң күшіне енген­нен кейін бұған дейін ауыл­ша­руа­шылық жерлерін ұзақ мер­зімге, яғни 49 жылға жалға ал­­ған азаматтар өздерінің ие­лік­­­­­те­рі­­нен айырылып қалмай ма? – Жерді жалға алған азамат­тарға қойылар талап біреу-ақ. Ол Жер-ананың құнарлылығын арттырып, өнімділігін көтеріп, ауылшаруашылық өнімдері­нің молшылығын жасау. Осы арада сатылатын және жалға берілетін жерлердің көлемі шектеулі екенін айтып өтейін. Ол Үкіметтің 2003 жылғы 23 қазан­дағы №1071 қаулысымен әр­бір облыс, аудан бойынша және жердің категориялары бо­йынша (тәлімі, суармалы жер­лер, шабындық, жайылым) нақ­ты белгіленген. Мұның бұған дейін ұзақ мерзімге жалға беріл­ген жерлерге қатысы жоқ. Ауыл­шаруашылық өндірісіндегі субъек­тілерінің басым бөлігінің уақытша жалдау құқығы 2050 жылы аяқталады. Сондықтан, қазіргі уақытша пайдаланушылар жерлерінен айырылып қалады деген уайым, қауіп-пайымдаулар негізсіз. Осы жалға берген мерзім ішінде шаруалар өз жерлерін сатып аламын десе, ол жердің кадастрлық бағасын 50 пайызға арзандатып, 10 жыл көлемінде қаржысын бөліп-бөліп төлеп сатып ала алады. – Қозғалып отырған тақы­рыпқа қатысты өзіңізді нендей мәселелер алаңдатады? – Жер кодексіне енгізілген нормалардың басты мақсаты – меншік құқығы арқылы жер пайдаланушылардың жердің құнарлылығын арттырудағы жауапкершілігін көтеру, жерді тиімді пайдалану және өрке­ниет­ті жер нарығын қалыптастыру. Мұны халық түсінеді деп ойлаймын... Жалпы, заңның орындалуы барысында, дәлірегі, жерді сату және жалға беру үдерісінде сауат­сыздыққа, сыбайластық, жем­қорлық әрекеттерге жол беріл­меуі қажет. Заңның бірінші кезе­кте қарапайым халықтың мүд­десіне жұмыс істеуі қамтама­сыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, бұл тұр­­ғы­­дағы ақпараттар халыққа қол­жетімді болғаны абзал. Ел ауыл шаруашылығы сала­сын­­дағы жерлердің іскер, өзіне де, халыққа да пайдалы қыз­мет көрсете алатын жанашыр азамат­тардың пайдалануын қалайды. Халықтың арман-тілегі де осы.  Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»