Академик Ахмет Жұбанов туралы үзік сыр
Бүгінгі Қазақ Елі өзінің төлтума мәдениетінің әлеуеті арқылы әлемнің өркениетті деген мемлекеттерінің қатарынан орын алатынын, біздер, бүгінгі ұрпақ, бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген шақта анық көз жеткіздік. 10 000 дәстүрлі әні, 5 000 күйі бар туған халқының музыка өнерін данышпан Ахмет Жұбанов өмірінің шамшырақ-қағидасы етіп, оны ХХ ғасырда адамзат өркениетінің төріне шығаруда бар саналы ғұмырын сарқа жұмсады. Бабаларымыз атының тұяғымен Ұлы Дала төсіне жазып кеткен әуездік шежіре-мұрасын түпнұсқалық қалыбында ұрпағына тұтастай жеткізіп, рухани тірегіне айналдырды. Иншалла, Ахаңның өмірі мен шығармашылығына арналған үлкенді кішілі еңбектерден біз кенде емеспіз. Дегенмен, бұл адамның өмір сүріп, өскен-өнген ортасы, етене жақын араласқан достары, әріптестері, рухани-ұстамдық қағидасы, оны толқытып тебіренткен мәселелері, көксеген мақсат-арманы – демек, тұлғаның ішкі жан сарайына тереңірек үңіліп, ұлттық музыка ғылымы мен іліміндегі, композиторлық шығармашылығындағы күрделі де ұлы жолының мәні мен сәнін ашу, отандық өнертану мамандары тарапынан әзірше атқарылмай жатқан әттеген-айы болуы керек. Себебі, Ахаңның ұлттың мәдени-рухани саласына қосқан үлесі ғаламат зор. Өткен ғасырдың 25-40-шы жылдары қазақ халқы үшін адам айтқысыз азап жылдары болғанын тарихтан жақсы білеміз. Осындай қара түнек заманда мейлінше нәтижелі еңбек еткен Ахаңның басынан 1953 жылдың сәуіріне дейін қара бұлт ешқашан сейілген емес. Бір сәт ойланайықшы, егер «феодализмің аспаптары» домбыра мен қобыздан оркестр құрып, «барымташы-ұры» Құрманғазы туралы кітап жазған, «ұлтшыл» Ахмет Жұбанов 1938 жылы «жапон империализмінің шпионы» аталынып атылған, өзінен алты-ақ жас үлкен туған бауыры Құдайбергеннің тағдырын қайталаса ше?! Немесе А.Жұбановтың Ленинград қаласына арнайы барып алып келіп, Алматыға қызметке орналастырған, «Қыз Жібек» операсының авторы, белгілі композитор Евгений Брусиловский 1951 жылы Ахаңа қарсы ұйымдастырылған қоғамдық айыптау жиындарының ұйытқысы болып, сол тобырдың Жұбановқа «маркстік-лениндік эстетиканы аяққа басушы, жайдақ социологизмді дәріптеуші, кенесаризмнің жақтаушысы, ұлтшылдық идеяны насихаттаушы...» деген айыптар тағылуына септесті. Осының салдарынан Ахаң Абай атындағы опера театрының жетекші дирижері, Құрманғазы атындағы консерваторияның директоры қызметтерінен, Қазақ КСР Ғылым академиясының сектор меңгерушісі, доктор, академик, халық артисі лауазымдарынан айырылды. Моральдық тұрғыдан әбден титыққан адамға енді қолданатын ақырғы соққы, оны соттатып түрмеде жауып, үнін біржола өшіру еді. Туған халқы Ахаң сынды арда ұлынан мәңгі айырылып, қанатынан қайырылған кезең туды. Сталиндік қанды қол оның алқымынан алып тұншықтырған шақта Ахаңның Мәскеуде оқып жатқан балалары Ғазиза мен Болатқа барып бас сауғалаудан басқа амалы болмады. «Батырды ұзақ соғыс қартайтады» депті Қожаберген жырау. Міне, оның мейлінше жемісті еңбек еткен шағы осынау зар заманға тұспа-тұс келіп, интеллектуалдық күшін, шығармашылық жігерін айтыс-тартыста өткізген кемеңгер Ахмет Жұбанов өз еңбегінің мәйегін тати алмағандығы – шындық. Бұл көрініс оның ұлы замандастары Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен Мұхтар Омарханұлы Әуезовке де тән болар. Қазақстан композиторлар одағының қолжазба қорында 1966 жылы, дүниеден озардан біржарым жыл бұрын Ахмет Қуанұлының өз қолымен жазған өмірбаяны сақталған. Онда басынан өткізген өмірлік һәм шығармашылық кездерін деректі де нақтылы түрде баяндаған. А.Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Орал облысы, Темір үйезі Темір-Орқаш болысындағы Қусуақтам мекенінің №8-ші ауылында (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы) Жұбанов Қуанның шаңырағында дүниеге келді. Қуан шаңырағы бақ-берекелі, көп балалы құтты үй болған. Жұбан келіні Бибішынар Тәңірбергенқызы 14 құрсақ көтерген ана. Отағасы Қуан үлкен парасат иесі болған адам: балаларының қазақ тұрмысында қалыптасқан үй, мал шаруасы дәстүрінен гөрі оқу-біліммен айналысқанын қалаған. Болашақ академик өзін музыкаға, өнерге баулап, өмірлік бағыт берген алғашқы ұстазы Құсайын Әжіғалиевтің есімін үлкен ілтипатпен атайды. «Ол үлкен білімдар, өлең жазатын, скрипкада, мандолинада, балалайкада, домбырада ойнайтын, аздап ноталық сауатты бар және озық ойға ниеттелген адам болатын» – дейді. Балғын Ахметтің әдебиет пен ғылым әлеміне алғашқы құлшынысын оятқан Уфа медресесінің шәкірттері – ағасы Құдайберген мен оның жақын досы Жиенғали Тілепбергенов екен. Олар жазғы каникул кезінде Ахметпен қоса ауыл балаларын қазақ, араб, парсы тілдеріне оқытып, сауаттарын ашады. Құдайберген мен Жиенғали бірлесіп «Мақпал-Сегіз» дастаны негізінде пьеса жазып, соны және Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» ауыл сахнасында қойған. Жалпы, табиғатынан аса зерек, дарын иесі ағасы Құдайбергеннің інісі Ахметке деген ықылас-ниеті, ықпалы ерекше болған. Інісінің азаматтық ұстамы болып ұлттық қасиетінің берік қалыптасуына, кәсіби музыкант мамандығын таңдап алуына бірден-бір бағдар беріп, нақтылы көмек көрсеткен – осы Құдайберген ағасы. 1919 жылы Ақтөбе облысында сүзек ауруы халықты жаппай қырғынға ұшыратты. Бұл трагедия Жұбановтар шаңырағын теңселтіп кетті – әкесі Қуан да осы дерттен көз жұмды. Сүйікті әкеден, сол жылғы жұтта бар малынан айырылған отбасының бас көтерері – буыны қатпаған балаң өспірім Ахмет еді. Ол басында бір ауылдың, келесі жылы үш ауылдық кеңесте хатшы қызметін атқарып, тіршілік қамы үшін ат-соқамен жер жыртып егін екті, шөп шапты, жағар отын жинады, мал өсірді... Сөйтіп, 16 жасында әкесінің орнын басып, Жұбановтар отбасының бас көтерері, асыраушысы, қамқоршысы болды. Алдын ала айта кетейін, оның осы қасиетін тек өз туысқандары ғана емес, Ахаң атақты ғалым, композитор, белгілі қоғам қайраткері болғанда шәкірттері, достары, әріптестері де көрді, олар керемет қайырымдылықтың, дарқандылықтың, қамқорлықтың жақсылығына бөленді. А.Жұбанов өміріндегі елеулі құбылыс – 1928 жылы Ақтөбе қаласында партактив курсында оқыған кезінде болды. Ол осы жерде Варшава консерваториясының түлегі, скрипкашы П.Чернюкпен кездеседі. Бұл адам оның музыкалық сауатын жан-жақты ашты: сольфеджио, гармония, музыка теориясы және скрипка аспабында ойнау сабақтарынан жүйелі түрде тәлім беріп, болашақтағы музыка өнерінің тұлғалы қайраткері жүріп өтер «тар жол, тайғақ кешу» жолына түсірді. Бұған қоса, болашақ композитор математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, тарих пәндерін өз бетімен оқып, экстернмен емтихан тапсырып, орта мектепті жақсы көрсеткішпен тәмамдады. Міне, осындай құштарлықпен өзіндік білім алған Ахметті 1929 жылы ағасы Құдайберген Ленинград консерваториясына әкеліп гобой аспабы бойынша профессор Павел Ниманның сыныбына түсірді. П.Ниман болса, консерваториядағы ұстаздық қызметімен қоса, атышулы Андреев атындағы орыс халық аспаптарының көркемдік жетекшісі және бас дирижері болатын. Кәсіби өнердің биік шыңын меңгеруге құлаш ұрған, білімге әбден шөліркеген Ахмет Жұбанов осы ұжымның барлық репетицияларына қатысып, ондағы дыбыстық-интонациялық иірімдер құдіреті, әр аспаптың партитурада басқаларымен қосылғандағы өзара қауышу сіңімділігі, негізгі тақырыптың қуаттылық-эмоциялық әсерлілігі, әуенді гармониялық, полифониялық дамытудың тәсілдері, қақтығыс драматургиясының пәрменділігін табу жолдары, дыбыс интонациясының қым-қиғаш артикуляциялары... бәрі-бәрі сезімтал Ахметті ерекше әсерлендіріп, қызықтырып, қиялын самғатты. «Қазақ әндерін, күйлерін неге осындай етіп алпауыт оркестр үнінде шырқатпасқа, шарықтатпасқа! Шексіз, шетсіз дала кеңістігінде туған халық әндері мен күйлері осындай аумақты, тылсым да қуатты үнге сұранып тұр емес пе! Жеке батыр болып асқақтайтын домбыра мен қобыздың, сыбызғы мен сырнайдың үндерін бір жеңнен – қол, бір жағадан – мойын етіп оркестрге тоғыту – болашақта атқарылатын біздің игілікті істеріміз-ау!» – деген ой сол сәтте Ахаң көңілінің көк дөнені болып шапқылаған болар... А.Жұбановтың Ленинград консерваториясында оқыған 1929-1932 жылдар өмірінің ең сәулелі де бақытты кезеңі деп бағалауға болады. Ұшқыр ойлы, сергек сезімді Ахаңа орыс музыка өнерінің небір атақты ғалымдары, жетекші мамандары, ұстаздары дәріс берді. Олар: полифониядан – Х.Кушнарев, гармониядан – Ю.Тюлин, инструментовкадан – М.Чернов, музыка тарихынан – А.Оссовский және Б.Асафьев (атақты «Бақшасарай бұрқағы» балетінің авторы), музыкалық әдебиеттен – З.Эвальд, КСРО халықтары музыкасынан – Е.Гиппиус, акустикадан – А.Римский-Корсаков. Музыкалық ғылымға, оның ішінде фольклорға деген Ахметтің қошеметі осы кезде туды. Консерваториядан басқа, Ленинградтың тарихи-лингвистикалық институтындағы лекцияларды үзбей тыңдаушысы болған құлшынысы оған КСРО Ғылым академиясының фоноархивіндегі материалдармен жұмыс істеуге жол ашты. Бұл жерде фольклорлық музыкалық шығармаларды нотаға дәлме-дәл түсіру техникасын жетік меңгеруге қолы жетті. Бес жылдық консерватория курсын төрт жылда үздік тәмамдаған Ахметке осы қаладағы Өнертану академиясының аспирантурасына, оның музыка бөліміне жолдама берілді. Бұл оқу орнында музыка зерттеу, жалпы әлеуметтік және философиялық-экономикалық пәндерден басқа, неміс, француз тілдерін құлшыныспен меңгеруі басталады. Ленинград қаласында оқып жүрген бүкіл Орталық Азия кеңістігінің жалғыз өкілі – А.Жұбановтың ендігі арманы қазақ жастарына мемлекет тарапынан жаппай музыкалық білім беру мүмкіндігін туғызып, жүйелі түрде бұл саланың кәсіби мамандарын даярлау еді. Осы мақсатта ол өзіндегі уақыт зәрулігіне қарамастан «Музыка әліппесі» педагогикалық оқу құралын 1932 жылы жарыққа шығарды. Бұл қазақ тіліндегі тұңғыш методикалық кітап болды. Міне, Ахаңның 25 жыл бір сәтке кідірмей, тыным таппаған еңбек жолы осы «Әліппеден» басталды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары қазақ кәсіби өнері халықаралық аренаға шығып, үлкен абырой мен атаққа ие болса, соның басында көсемі болып кемеңгер ұйымдастырушысы Ахмет Қуанұлы Жұбанов тұрғанын ауыз толтыра айтуымыз керек. Қазаққа сталиндік «жаппай колхоздастыру, индустрияландыру» саясаты шектен асқан зорлық-зомбылықпен, бұрын-соңды болмаған қаталдықпен өткізілгені баршамызға аян. Міне, табиғатынан көңілі мөлдір, жаңалыққа тез бейімделгіш, арамдық-қулығы жоқ сенгіш халыққа бұл науқан орасан апат әкелетініне сол кездегі елінің санаулы да саналы асқақ ұлдары қарсылық көрсетіп, қасқая тұрып, өмірлерін қиды. Қазақтың тіл білімінің негізін қалаушы, аса көрнекті түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, әлемнің 16 тілін еркін меңгерген, көбіміз біле бермейтін «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы» ғылыми-зерттеу еңбегін жазған, «ән», «би», «бақсы», «жыр», «домбыра», «күй», «қобыз», «сыбызғы», «толғау» атауларының этимологиясын ашқан, дәстүрлі музыкамыздың тарихы өзінің қайнар бұлағын көне дәуірден алатынын дәлелдеген қазақтың тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов болды. Оған 38 жасында «халық жауы, жапон империализмінің шпионы» деген айып тағылып, 1937 жылы 23 желтоқсанда ату туралы үкімі шығарылғанда, ол соңғы сөзінде қолдан жасалған ашаршылық қасіретіне қарсылығын ашына айтып, кеңес билігінің қылмысын әшкере қылды. Ленинград қаласында оқып жүрген Ахмет те Сталиннің Қазақстанда Голощекин қолымен жасап жатқан жауыздығын жақсы білді. Сондықтан, 1933 жылы ақпан айында Қазақ өлкелік комитетінің оқу-ағарту халық комиссары Сейтқали Меңдешевтің Алматыда жарты жыл бұрын ашылған музыкалық театр техникумға жұмысқа шақырғанда бірден келісім бергендегі мақсаты туған халқының басына түскен қасіретті өнер арқылы жеңілдетіп, оның егіліп, езіліп кеткен еңсесін көтеруге атсалысу еді. Ленинград Өнертану академиясы оған бір жылға академиялық демалыс бергенімен, оның ақтық деміне шейінгі бар өмірі өзінің туған еліне еңбек ету үстінде өтті. Ахаң Алматыға келе мұндағы білім беру жүйесін жеделдете биік сатыға көтеріп, дұрыс жолға салуға күш салды. Техникум директоры Сағыр Камаловпен бірлесіп Халық комиссарлары кеңесіне түбегейлі мәселелер көтерген баяндамалық жазба жолдады. Міне, 1933 жылдың 29 сәуірінде аталған лауазымды билік органының қаулысы шығып, Қазақтың ұлттық музыкалық театр техникумының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды, шәкірттер саны 130-ға шейін жетіп, стипендия көлемі 150 рубль көлемінде бекітілді, музыкалық-эксперименталдық шеберхана, халық музыкасын нотаға түсіру және өңдеу кабинеті ашылып, игілікті шараларды іске асыру мүмкіндігі туды. Ұстаздық қызметке композиторлар Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди мен Борис Ерзакович, музыкалық аспаптар жасау шеберлері Борис және Мануил Романенколар шақырылды, дарынды халық таланттары Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Иса Байзақов, Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов, Ғанбар Медетов орындауларында халық әндері мен күйлері нотаға түсірілді. Сол кездің мәдениет өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі – музыкалық театр техникумында домбыра мен қобыз сыныбының ашылуы болды. Мысалы, бұған дейін қызыл белсенділердің көзқарасында домбыра «феодализмнің идеялық қаруы», ал қобыз «шаманизм апиыны» болып, техникум шәкірттеріне тек еуропалық музыкалық аспаптарды ғана үйрету мәселесі қойылды. Бірақ өз ісіне ұқыпты, ұстамына тастай берік Ахаң осы екі аспапта ойнайтын 17 оқушыдан ансамбль құрып, репертуарына ұтымды да ұтқыр шығармалар енгізіп, оның өнерін Оқу-ағарту халық комиссары қызметкерлерінің назарына ұсынды. Осылай алған бағытының дұрыс екендігіне көздерін жеткізді. Ахаңның жоспарында ендігі атқарылатын жұмыс – кеңейтілген халық аспаптарынан толыққанды оркестр құру еді. 1934 жылдың маусым айында бұл ойы іске асырылды: аталмыш ұжым Бүкілқазақстандық халық өнері қайраткерлері слетінде халық күйлері «Кеңес», «Қарабас», «Би күйі», «Айжан қыз» және халық әндері «Балқурай» мен Сегіз Серінің «Қарғашын» тұңғыш рет орындап, оркестр үнінің қазақ музыкасына етене жақын екендігі дәлелденді. Сондықтан, 1934 жылдың 25 маусымы Алматы музыкалық-драма техникумы жанында құрылған ҚазЦИК атындағы оркестрдің мұрагері, бүгінгі академиялық Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дүниеге келген күні болып есептелінеді. 1935 жылы үкімет қаулысымен құрылған Қазақстандағы бірінші концерттік ұйым – филармонияның құрамына Халық аспаптары оркестрі еніп, оның директоры болып А.Қ.Жұбанов тағайындалды. Осы жылы халық оркестрі тұңғыш рет Шымкенттің қорғасын-мырыш зауытында, Ащысай шахтерлері, Атырау мұнайшылары, Каспий балықшылары алдында өнерлерін көрсетіп, олардың ризашылығына бөленді. Қазақ музыка өнерінің ғажайып құдіреті танылған сәт – 1936 жылдың мамыр айында Мәскеу қаласында өткен Қазақстан мәдениеті мен өнерінің бірінші декадасы болды. Мұнда композитор Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» опералары көрсетіліп, алғашқы КСРО халық артисі атағына ие болып жұлдызы жарқыраған бұлбұл Күләш апамыз туралы орыстың ұлы әншісі Антонина Нежданованың «Чудо!» сөзі осы тұста айтылды. Ал екінші «Чудо» А.Жұбановтың басқаруында, құрамында 40 орындаушысы бар ҚазЦИК атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің декаданың қорытынды концертінде өнер көрсетуі болды. Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Серпер», «Балбырауын», «Көбік шашқан», Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлері және халық әні «Қызыл бидай» әні (орындаушы – Жамал Омарова) шабытты серпінмен шегіне жеткізіле орындалды. Әрине, оркестр музыканттарының музыкалық сауаты болмағандықтан, туындылар нотасыз ойнады. Бірақ дирижер құдіретінің арқасында Ұлы Даланың жусан исі аңқыған аршын төсі, сағым қуған тұлпарлар тұяғының қуатты дүбірі, күн сәулесін қанатына ілген аққулар үні... бәрі-бәрі қазақ музыкасының жаны, таңы, сәні, болып Үлкен театр сахнасынан көрініс тапты! Сталиннің өзі қатысқан бұл концерт ғаламат қасіретті басынан кешкен қазақ еліне рухани желпініс әкелді. Ахмет Қуанұлы болса, «Құрмет белгісі» орденімен және «Республиканың еңбек сіңірген артисі» құрметті атағымен марапатталды. Осы жылдың күз айында оның «Халық композиторы Құрманғазы» атты ғылыми-зерттеу еңбегі жарық көрді. Айта кету керек, артынан Құрманғазы тақырыбы Ахаң шығармашылығының түпқазығына, күре тамырына айналады: ұлы композитордың түгел күйлерінің жеке жинағы, өмірі мен шығармашылығы жайындағы түбегейлі ғылыми монографиясы, 1944 жылы қазақ халық аспаптары оркестріне және 1945 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына Құрманғазы есімінің берілуі, үш актілі «Құрманғазы» операсы (қызы Ғазиза Жұбанова аяқтады, либреттосы Хамит Ерғалиевтікі) осыған айғақ. 1937-1938 жылдары А.Жұбанов опера және балет театрының дирижерлық қызметінде болып, «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» сияқты қойылымдардың музыкалық-көркемдік жағына басшылық етті. Туған ағасы Құдайберген істі болып атылғаннан кейін, Ахаңа сол кездегі театр басшысы мен жоғары басқару органы тарапынан «халық жауының інісі» деген айып тағылып, филармонияның халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшілігінен және опера театрындағы дирижерлығынан қуылды. 1939 жылы Қазақстан композиторлар одағы құрылды. Бұл ұйымның дүниеге келуіне Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамидимен бірге Ахмет Қуанұлының да қосқан үлесі ерекше болды. Ол атақты халық композиторлары Естай Беркімбаев, Кенен Әзірбаев, Манарбек Ержанов сынды ХХ ғасырдың сал-серілерін одақ мүшелігіне алудың қажеттілігін тұжырымды дәлелдеу арқасында бұл тұлғалар Композиторлары одағының толыққанды мүшелері атанды. Артынан, өткен ғасырдың 60-80-жылдарында, бұл тамаша дәстүр өзінің әдемі жалғасын таппады, яғни халқының аяулы перзенттері Әблахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуовтер жоғары музыкалық білімі жоқ деген сылтаумен бұл шығармашылық ұйымның мүшелері бола алмады. Барлық басшылық, ұстаздық, ғылыми қызметтерінен босатылған Ахмет Қуанұлы ендігі жерде бар күшін композиторлық еңбекке жұмсайды. Осы тұста композитор қаламынан 50-шақты әндер, романстар, «Абай», «Исатай-Махамбет» симфониялық поэмалары, фортепианоға арналған 10 тәжік, 8 қазақ билері, қобызға, виолончельге арналған «Ария», «Романс», «Күй», «Көктем», «Вальс» туындылары, «Амангелді», «Райхан» кинофильмдеріне, «Абай», «Махамбет-Исатай», «Сары», «Бақыт таңы», «Азат қыз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмалық спектакльдерге жазылған музыкалары бірінен соң бірі ағыл-тегіл туындап жатты. Ахмет Жұбановтың түйдей құрдасы, әріптесі, Қазақстанның халық артисі, композитор Латиф Хамидимен бірлесіп жазған 4 актілі «Абай» операсы ұлттық опера өнерінің классикалық туындысы. Мұхтар Әуезовтің либреттосы бойынша «Абай» операсы 1942 жылы басталып, 1943 жылы Абайдың басты ариясы, Ажар мен Айдардың дуэті, «Қарлығаш» хоры Орталық Азия республикаларының Екінші музыкалық декадасында көрсетілді. Абайдың ариясын Ришат Абдуллин, Айдарды – Әнуәрбек Үмбетбаев, Ажарды – Күләш Байсейітова орындады. Ұлттық музыка өнеріне үлкен бедел әкелген бұл өнер додасы, өзінің мағынасы жағынан Мәскеу декадасынан кейінгі аспанды шаққан найзағайдай әсер еткен, дүбірлі де күмбірлі уақиға болды. Себебі, қазақ опера өнері Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан республикаларынан әлдеқайда биік тұрғанын танытты. Бұл көрініске ерекше шабыттанып қанаттанған композиторлар оны 1944 жылдың қазан айында партитура күйінде толық бітіріп, туынды осы жылдың 24 қарашасында опера және балет театрының сахнасына қойылды. Міне, осы күнді біз кәсіби ұлттық операның туған күні деп есептегеніміз абзал болар. Мен қазақ музыкасының классигі, көптеген өлмейтін туындылар берген, бауырлас татар халқының дарынды өкілі Латиф Абдулхайұлы туралы өткен ғасырдың 80-ші жылдары қазақ радиосына музыкалық хабарлар циклын дайындау үстінде онымен біраз сыр алысқаным бар. Сонда Ләтекеңнің асқан қарапайымдылығына, құрдасы, жан досы Ахаңа деген шексіз адалдығына, асқан мәдениеттілігіне тәнті болдым. «Бұрынғы өткен батырлардың, билердің, хандардың, әнші-күйші, жыраулардың бойындағы асыл қасиеттері бір Ахмет Жұбановтың бойынан табылатын», деуші еді, жарықтық. Ахаң арқылы қазақ елін, қазақ жерін, қазақ музыкасын жанындай жақсы көріп, осы құт мекенде өзінің рухы, мұрасы мәңгі қалатынын тебіреніп толғайтын. «Абай» операсының сахнадағы өміріне 70 жылдан астам уақыт өткен екен. Әлі күнге дейін бұл туынды қаншама тыңдарман ұрпағының құлақ құрышын қандырып, мәдениет-руханият әлемінің асыл дүниесіне айналды! Бұдан кейін де Ахаң мен Ләтекеңнің шығармашылық достығы жалғасын тапты, олар 1947 жылы Мұхтар Әуезовтің либреттосы бойынша 4 актілі «Төлеген Тоқтаров» операсын дүниеге келтірді. 1951 жылы атақты композитор, өнертану ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық артисі Ахмет Қуанұлы Жұбановтың басына тағы да қара бұлт үйіріліп, тағы да өзгеге жалтақтап, өзіңе шалқақтаған заман туды... Мұнда да ғасырлар бойы көшіп, өшпеген, найзасының ұшына жау мінгізген халықтың текті ұрпағы Ахмет Жұбанов қайтпас қайратымен, жасампаз, еселі де еңселі еңбегімен ғаламат жеңіске жетті! Оның «Ғасырлар пернесі» (1958 ж.), «Құрманғазы» (1960 ж.), «Мұқан Төлебаев» (1962), «Музыкадағы бірінші қадамдар» (1962 ж.), «Қазақтың халық аспаптары» (1963 ж.), «Замана бұлбұлдары» (1963 ж.), «Ән-күй сапары» (1976 ж.), «Өскен Өнер» (1985 ж.) кітаптары осыған айғақ. Бұл іргелі туындылар ұлттық музыка өнерінің алтын шежіресі, баға жетпес қасиетті сарқылмас байлығы. Қазақ елінің төлтума музыка мәдениетін сақтап дамытуда жемісті де жеңісті еңбек етіп абыройын асқақтатқан, сол үшін тар жол, тайғақ кешкен Ахмет Қуанұлы Жұбановтың есімі Мәңгілік Елмен бірге жасасып, туған халқының көңіл төрінде мәңгі сақталары хақ. Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор АСТАНА
•
04 Мамыр, 2016
Ғұмырғибрат
1116 рет
көрсетілді