• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2016

Қазалының конфеті Қазақстанға тарайды

1015 рет
көрсетілді

«Жақсыменен тілдессең көңі­лің тасыр». Дөп айтылған. Дәмі тіл үйіретін  Қазалы конфетін дайындап, туған өлкесінің атағын шығарып жүрген жеке кәсіпкер Нұрбек Қазбергеновпен сөйлесу барысында осындай тұжырым жасаған едік. Бізді әсіресе, жас жігіттің темірдей мықты ойлау жүйесі, алға қойған мақсатының айқындығы, өткен-кеткен тарихты терең білетіндігі  қатты қызықтырды. Оның үстіне әңгімені де майын тамызып, өте шешен сөйлейді екен. Көпшілігінде іскер адамдардың  ашылып сыр шаша бермейтіні бар ғой. Ал Нұрбек Алдажарұлымен әңгімелесу барысында туғаныңмен тең отырып ақылдасқандай болдық. Әзірлеген өнімдерінің жоғары сапасымен атағы Сыр өңірінен асып өзге аймақтарға танылған Қазбергеновтер ерекше кәмпиттің жалбыз (ащы), барбарис, саломка (бор кәмпит), ала кәмпит  өзге де түрлерін  дайындайды. Бұлардың арасында қолдан дайындалатыны да, арнайы қондырғымен жасалатыны да кездеседі. Осы жерде Нұрбек облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың  Ресей, Қытай елінен автоматтандырылған жүйе алуға  зор септігі тигенін ерекше ілтипатпен атап өтті. Цехты озық үлгіде жабдықтау  кәсіптің алға басуын қарқындата түсіпті. Білгенім, кәсіп Нұрбектің атында болса, анасы Фатима кәмпит цехының меңгерушісі екен. Бүгінгі таңдағы отбасылық бизнесті дамыту, отандық өнім өндіру деген талапты қоштаған Қазбергеновтер 20-ға тарта адамды тұрақты жұ­мыспен қамтып отыр. Оларға кідіріссіз жалақы төлеу, зейнетақы қорына қаржы аудару, тағы басқа төлемдер шешімін тауып, еңбек шарты да заңға сәйкес жасалған. Қандай істі де бастап кету, жолға салу оңайға түспейтіні мәлім. Қазбергеновтер де алғаш­қыда мемлекеттен 15 миллион теңге несие алыпты. Соның арқа­сында өз ісін алға сүйреп кеткен. – Қолға тиген қаржыны бей-берекет шашпай, өз мақсатына  жұмсасаң ғана жемісін береді. Біз де солай жасадық. Қымбат көлік алып, зәулім үй салып, ақыр соңында алған несиеңді өтей алмасаң кімге пайда? Қазалы қала­сындағы кәмпит шығару кәсібі сонау Кеңес өкіметі тұсында қалыптасқан. Естуімше, ол кезде кірпіш зауытындағы цехта тәу­лігіне үш ауысыммен бір жарым тонна конфет дайындалғанға ұқсайды. Осындай шаруаны қайта жандандыру, әрине, оңай емес. Дегенмен, тәуекелге бел будық. Алғашқыда қарапайым тәсілмен күніне небары 15-20 кило кәмпитті зорға шығарып жүрдік. Бейнеті шаш-етектен болып шықты. Кәсіптің бұл түрі ұзақ мерзімді жобаға жатады. Яғни, жемісін татуға уақыт қажет. Қиналғанмен – шыдадық. Тарихы шежірелі өңіріміздің есімін ұлықтау тұр­ғысында цехты «Қазалы» деп атадық. Жауапкершілік жүгі еселене түсті. Біздің өнімімізді тұтынған өзге өңір тұрғындарының алдында туған жеріміздің салма­ғын жеңілдетпеуді міндет санадық. Сапасына ерекше мән беріп, талғамнан табылуға тырыстық.  Келе-келе кездескен кедергіні аттап өттік. Нақты кезеңде тәулігіне 400 кило өнім өндіреміз,– дейді Нұрбек. Жөн сөз. Нұрбек айтқандай, бұл шаруаның да шығыны аз емес. Мысыл келтірсек, конфетке қосылатын хош иісті дәмдеуіштер Мәскеуден жеткізіледі. Бару-қайту, заттың құнын есептеңіз. Ең берісі конфетті орайтын қағаздың құны да шарықтап тұр. Көптеген қосындылар да қажет. Десе де табыссыз да емес. Өткен жылы  «Қазақстанның үздік тауарлары» көрме-конкур­сында топ жарды. Мұның алдында облыста «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымын жеңіп алды. Жуырда көршілес Ақтөбеде өткен Қызылорда облысының күндеріндегі жәрмеңкеге Нұр­бек Қазбергеновтің цехында шығарылған «Қазалы» кәмпиті де көпшілікке ұсынылды. Осы тұста жас кәсіпкердің мерейін көкке көтерген жайт көрініс тапты. Өнімді көрген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «конфет дайындауды қазалылықтардан үйренген ләзім» десе керек. Ел ағасының бұл бағасы кәсіпкерді қанаттандырып отыр. Жұмабек ТАБЫНБАЕВ, журналист Қызылорда облысы, Қазалы ауданы