Елімізде тозығы жеткен көліктердің қатары жыл санап артып барады. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазақстанда 4,5 миллион жеңіл көлік бар екен, оның жартысына жуығы 20 жылдан астам уақыт қолданыста болған. Осыған байланысты мұндай автокөліктерді қабылдайтын арнайы үш зауыт салу жоспарлануда. Бұл мәселе жақында «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығында қозғалды.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев әрбір жүргізуші жаңадан ашылатын зауыттарға ескірген көліктерін тапсырып, отандық жаңа көліктерді жеңілдікпен алуға болатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар, елімізде машина құрастыру ғана емес, оны жасау жұмысы да бір жолға түскендігін, ал Өскеменде салынып жатқан ірі зауыт қолданысқа берілгеннен кейін бұл мәселенің бір шеті шешілетіндігін айтты.
– Өскеменде іске қосылатын зауыт жылына 120 мың автомобиль шығарады деп жоспарлануда. Бұл жерде 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал ең бастысы, зауыт қасында көлемі 400 гектарға жуық жерде технопарк ашылады. Оның қолайлы тұсы автокомпоненттер шығаруға мүмкіндік болады, – дейді Мейрам Пішембаев.
Айта кетейік, ескірген автомашинаның көптігі тас жолдағы қауіпсіздіктен бөлек, қоршаған ортаға да зиянын тигізуде. Бүгінде экологиялық ахуалдың нашарлауына тозығы жеткен темір тұлпарлар айтарлықтай себеп болып отыр. Олардан жылына шамамен 200 мың тонна улы түтін ауаға таралады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»